Ұлттың жаңа болмысы таразыланды

0 39

Президент Қ.Ж.Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» деп аталатын Жолдауы күллі адамзат қоғамы мен тіршілік атаулыға ортақ күрделі проблемаларды көтеруімен және оны шешудің нақты жолдарын ұсынуымен айрықша маңызға ие болмақшы.

Мемлекет үшін ең басты байлық – адам және оның өмірі мен денсаулығы екені белгілі. Мемлекет басшысы өз Жолдауында жер-жаһанға тараған індеттің қаупі әлі сейілмеген қазіргі жағдайда оны ауыздықтауға қарсы жүргізілген мемлекеттік шаралар мен тұтас қоғамның жұмылуына кеңінен тоқталып, «Біз азаматтардың өмірін және денсаулығын қорғау үшін бар күш-жігерімізді біріктірдік. Осындай сын сағатта ынтымағы жарасқан халқымыз жұдырықтай жұмылды. Індетпен күрес дана халқымызға тән асыл қасиеттердің арқасында жүзеге асты. Өзгеге қол ұшын созып, тілеулес болу, тосыннан келген кеселге қарсы тұру маңызды екені анық байқалды» дей келе, сын сағатта жанкештілік танытқан азаматтарға, еріктілерге алғысын білдірді. Одан әрі президент бұрын-соңды болмаған мұндай ауыртпалықты шешудің жоспарын айқындап, кешенді бағдарлама әзірлеудің қажеттілігіне тоқталды.
Пандемия медицина саласына кешенді қатынастың тиімділігін, медицина ғылымы мен практикасын жаңа жағдайға бейімдеуге қажетті тұстарын көрсетті. Дамыған, бақуатты ірі мемлекеттердің өзін әбігерге, дәрменсіздікке ұшыратқан шекара талғамайтын зобалаңның әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дағдарыстар туғызатын зардаптары айқын айтылды.
Сондықтан, еліміздің қарқынды және тұрақты дамуы үшін Жолдауда көтерілген Ұлт жоспары және Бес институционалдық реформаны жүргізудің негізділігі орынды шешім болып саналады. Мемлекеттік құжатты зерделей оқу барысында қоғам өмірінде қордаланған түйткілді мәселелердің барлығы назардан тыс қалдырылмағаны байқалады. Отбасы құндылықтары, ана мен сәбидің денсаулығы мен амандығына, ел болашағы – жас өскін перзенттеріміздің қауіп-қатерсіз алаңдамай, білім алуы мен қорғалуына кепіл боларлықтай іс-шаралар жүзеге асырылатын болды. Әлеуметтік дамуға мемлекеттің қолдауы мен көмегі, пандемия басқа да түрлі апаттар мен табиғи катаклизмдер жағдайында білім алу мен оқу үрдісінің қалыпты жүргізілуі үшін қажетті платформа дайындаудың уақыты келгенін дәлелдеудің өзі артық. Бұл жайында Жолдауда «Толыққанды оқу үдерісі үшін қажетті барлық функциялары бар бірыңғай онлайн білім беру платформасын шұғыл әзірлеу қажет» деп арнайы қарастырылды.
Еліміздің экономикалық дамуына қатысты да аса ауқымды шаралар мен әбден пісірілген жобалар жүзеге асады. Қазақстанның экономикалық әлеуетін көтеруіне барлық алғышарттар болғанымен, еліміздің табиғи қазба байлықтары мен қолайлы далалық аймақтары әлі де болса тиісті деңгейде игерілмей келеді. Шикізаттық сектордың басымдығы айқын сезіледі. Соған байланысты, өз Жолдауында Мемлекет басшысы: «Қазақстанның алдында тұрған аса маңызды міндет – өнеркәсіптік әлеуетімізді толық пайдалану. Осы саладағы табыстарымызға қарамастан, ішкі нарықтың зор мүмкіндіктерін әлі де болса толыққанды жүзеге асыра алмай келеміз. Өңделген тауарлардың үштен екісіне жуығы шетелден әкелінеді. Ұлттық экономиканың стратегиялық қуатын арттыру үшін тез арада қайта өңдеу ісінің жаңа салаларын дамыту қажет. Бұл қара және түсті металлургия, мұнай химиясы, көлік құрастыру және машина жасау, құрылыс материалдары мен азық-түлік өндіру және басқа да салаларды қамтиды» дей келе, «Сапалық тұрғыдан мүлде жаңа ұлттық индустрияны дамыту үшін жаңғыртылған заңнамалық негіз қажеттігіне» мән берді.
Ауыл шаруашылығына қатысты да ірі кешенді шаралар басты назарда болмақшы: Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес. Бұл салада шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелер бар. Атап айтқанда, жұрттың жерге қол жеткізе алмауы, ұзақ мерзімге берілетін «арзан несиенің» болмауы – кәсіби мамандардың тапшылығы. Өнімділікті арттырып, шикізат өндірумен ғана шектелмеу үшін, сондай-ақ қойма және көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында шұғыл шаралар қабылдау керек. Елімізде ет, жеміс-жидек, көкөніс, қант, бидай, майлы дақылдар, сүт өнімдерін өндіру және өңдеу үшін 7 ірі экожүйе қалыптастыруға болады. Балық шаруашылығына да ерекше мән берген жөн.
Бұл орайда шағын және орта бизнестің де өзіндік әлеуетінің маңыздылығы ескерілгенін атап айту керек. Бизнестің дамуына тосқауыл жасайтын, бюрократия­лық, күштеу-қорқыту және жүйесіз тексерулердің жолы кесілетіні қатаңдалатын болды. Әлеуметтік-экономикалық дамудың құрғақ абстрактілі цифрлар мен есептерден емес, халықты жан-жақты қолдау, ішкі инфрақұрылымдардың сапалы жұмыс жасауы, ауруханалар мен білім ошақтары, сапалы азық-түліктер мен медициналық дәрі-дәрмектер мен құрылғылардың сұранысты өтеуінен көрінеді. Бұл мәселелердің де оң шешімін тауып, реттелуінің толғағы жетті деген ойдамыз.
Президент Жолдауында ғылым саласын, еліміздің дамуы үшін ғылыми әлеуеттің өркендеуінің зор маңызы мен терең мәнісі көтерілді. Ел президенті Қ.Тоқаев: «Ғылым саласын дамыту туралы да айтқым келеді. Бұл мәселеде бізге тың көзқарас пен жаңа тәсілдер керек, сондай-ақ халықаралық тәжірибеге арқа сүйеуіміз қажет. Үкіметке жыл сайын әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында 500 ғалымның тағылымдамадан өтуін қамтамасыз етуді, сондай-ақ «Жас ғалым» жобасы аясында зерттеу жүргізу үшін 1000 грант бөлуді тапсырамын» деп айтуы, ғалымдар тарапынан ықылас пен қызу қолдауға ие болды. «Ғылымды қаржыландырудың және қолдаудың маңызды көзі – ірі кәсіпорындардың, әсіресе шикізат саласындағы компаниялардың қаражаты. Тапқан табыстың 1 пайызын ғылым мен технологияны дамытуға беру туралы қолданыстағы норма талаптары сақталмай отыр. Көп жағдайда бұл қаражат компаниялардың ішінде бөлініске түсіп кетеді. Үкіметке осы қаражатты жинақтау ісін орталықтандыруды және оның бюджет арқылы жалпыұлттық ғылыми басымдыққа сай бөлінуін қамтамасыз етуді тапсырамын. Ірі бизнес өкілдері өңірлік университеттердің ғылыми қызметін қамқорлыққа алса, нұр үстіне нұр болар еді. Бізге елімізді ғылыми-технологиялық тұрғыдан дамыту жөніндегі арнаулы бағдарламалық құжат қажет. Оның басты міндеті – ұлттық деңгейдегі нақты мәселелерді шешуге ғылымның әлеуетін пайдалану болмақ» деген президент пікірі осы салаға салиқалы парасаттылық керектігін көрсетеді.
Мемлекеттің ішкі дамуы мен тұрақтылығының кепілі – мемлекеттік билік жүйесінің әділеттілігі мен тазалығынан көрінеді. Бұл орайда президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» – бұл, шын мәнісінде, «Әділетті мемлекет» құру тұжырымдамасы» деген ұстанымы, батыс пен шығыстың ғұламаларымен қатар түркі әлемінің көрнекті ойшылдары әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Абай көзқарастарында терең зерделенген ел болудың асыл қағидаттары. Ел басшысы: «…Ха лық үніне құлақ асатын мемлекет» құруды қолға алдық. Бұған дейін айтқанымдай, бұл – мемлекеттік органдар тек азаматтардың күнделікті мәселесіне байланысты жауап қатуы тиіс деген сөз емес. Бұл, ең алдымен, билік пен қоғам арасындағы тұрақты диалог. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі азаматтық диалогты дамыту ісіне тың серпін берді. Кеңес еліміздегі жалпыұлттық диалог үдерісін орнықтырып, өз миссиясын орындады. Соның нәтижесінде саяси реформалар топтамасы жүзеге асырылуда» деп жазды.
Құжатта ұлттың жаңа болмысы терең таразыланды. Оған зиялылар қауымының қосатын үлесі де салмақты. «Қазақ зиялыларының жаңа кезеңдегі міндеті – ұлт болмысының жаңа қағидаттарын орнықтыру. Сондай-ақ ұлт сапасын арттыруға атсалысу. Жаңғырған қоғам жат әдеттерден біртіндеп арылуы керек. Ысырапшылдық пен даңғазалық қоғамның да, адамның да абыройын төгеді. Жауапсыздық, немқұрайлылық бүкіл елді қасіретке ұшыратады. Ал бос сөзділік пен бөспелік, мақтаншақтық қоғамның дамуын тежейді. Бұл туралы ұлы Абай «Өңкей жалған мақтанмен, шынның бетін бояйды» деп ашық айтқан. Бұл мәселе бүгінгі күні де өзекті болып отыр» деген президент пікірін зиялылар қауымы қолдауға тиіспіз.
Шын мәнісінде, салқынқанды, парасатты халық ғана өзінің мемлекет құрушы ұлт ретіндегі биік мәртебесіне лайықты болмақшы. Оның бойындағы келеңсіз әдеттер мен теріс мінездер қоғамның дамуына және сол мемлекеттің азаматтығына ие болып отырған басқа ұлт өкілдеріне де теріс әсерін тигізеді. Сондықтан да, тәуелсіз мемлекет құру арманы жүзеге асқан қазақ халқының бүгінгі ұрпағының көтеретін жүгі еңселі. Мен Президент Жолдауымен таныса келе, замандастарыма осыны айтқым келеді.

Гүлбану ЖҮГЕНБАЕВА,
тарих ғылымдарының докторы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nineteen − 17 =