«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ұлттың иммундық портреті қандай?

0 18

Елімізде биыл «2025 жылға дейін халықтың табысын арттыру бағдарламасы» кешенді жоспары бекітілді. Әлеуметтік-­экономикалық жағдайды тұрақтандыру мақсатында әзірленген жоспар қазіргі таңда «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Осы бағдарлама шеңберінде Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі арқылы 5 млн теңгенің грантын түрлі саладағы кәсіпкерлер ұтып алып жатыр.

DSC_6498

Солардың бірі – елордадағы «Онкооңалту ғылыми-клиникалық орталығы» ЖШС директоры, онколог дәрігер, медицина ғылымдарының докторы, профессор Нұрлыбек Үдербаев. Ол интернет-портал арқылы өзінің «Іmmunogid» авторлық технологиясы туралы деректер қалдырып, грант алуға қатысты. Бұл технология толықтай «Жалпы қан талдауы көрсеткіштерінің негізінде және иммунитетке әсер ететін тәуекел факторларын анықтау арқылы ағзаның иммундық жүйесін диагностикалау» немесе «Ұлттың иммундық портреті» деп аталады. Оны өзінің әріптесі, жоғары санатты онколог дәрігер, профессор Игорь Пономаревпен бірге ойлап тапты. Адамның иммундық жүйесіндегі олқылықтарды жалпы қан талдауы арқылы дереу анықтауға мүмкіндік беретін, әлемде баламасы жоқ жобаны олар медицина ғылымындағы ғажап жаңалық деп санайды. Себебі әлі ешбір елде бұлай биология, математика және медицинаның басын біріктірген бірде-бір технология жоқ. Медицинада 24 жылдық тәжірибесі бар дәрігер Нұрлыбек Нұрланұлы – 80 ғылыми жұмыстың авторы. Жобаны толық жасап шығаруға олар 2011 жылдан 2018 жылға дейінгі аралықта 7 жыл уақытын арнады. Сол кезеңде мыңдаған ғылыми еңбектер ақтарылды, біраз маңдай тер төгілді. Әуелі авторлар өздерінің қан талдауы нәтижелерін енгізу арқылы технологияның қалай жұмыс істейтінін зерттеді. Басында бәрін қолмен есептеді, 2021 жылы ғана бұл жобаның интернеттегі нұсқасын әзірлеп, оны кез келген Қазақстан азаматының тегін пайдалануына мүмкіндік ашты.

– Жалпы қан талдауы арқылы денсаулық жағдайыңыздың қай деңгейде екенін түсіну үшін сізге дәрігер қабылдауына жазылып, кезегіңізді ұзақ күтуге тура келеді. Ал біздің жоба арқылы ­уақы­тыңы­з­ды үнемдеп, ешқандай маманның көмегінсіз, қан талдауы нәтижесіндегі сандарды https://immunogid.com/ сайтына кіріп, тиісті жерге енгізу арқылы бірнеше секундта өзіңіздің иммундық жүйеңіздің деңгейін нақты анықтай аласыз. Өте қолжетімді, еш қиындығы жоқ. Жүйенің өзі адамның иммундық жүйесі қалай жұмыс істеп тұрғаны туралы нәтижені шығарып береді. Бірақ бүгінге дейін жарнамамыз кемшін болды ма, әлде бізде халық тегін десе аса құлық таныта қоймай ма, авторлық технологиямызды пайдалану үшін сайтқа кіріп, жылдам диагностиканы қолданатын қазақстандықтар тым аз болды. Бұл жобаны қолдану біздің елімізде ғана ақысыз, ал шетелдіктер 10 АҚШ долларын төлеп кірсе де, бұл тексеруден өзіміздің азаматтарға қарағанда жиі өтетінін көріп отырмыз. Бұлай болғаны, әрине, өкінішті-ақ.  Денсаулық сақтау саласынан да мүлдем қолдау таппадық. Тек осы «Бизнестің жол картасы» арқылы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінен 5 млн теңге грант ұтып алып отырмыз. Бізге ақша негізінде жарнама үшін қажет еді. Алайда бағдарлама шарты бойынша бұл қаржыны тек компьютер, принтер, жиҺаз секілді қажетті жабдықтар алуға ғана жұмсай алады екенбіз. Сонда да болса бұл бізге үлкен қолдау. Жоба арқылы біз бүкіл Қазақстандағы халықтың денсаулық жағдайының картасын жасап беруге болатынын батыл айта аламыз. Бұл денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік емдеу мекемелеріне түсіп жатқан жүктемені айтарлықтай азайтар еді,- дейді Н. Үдербаев.

Авторлық технологияның тағы бір артықшылығы – иммундық жүйеңіз қалыпты нормадан төмендеп кетсе, бұл қатерлі дерттің басталуына негіз бар дегенді білдіреді, ал асып кетсе аллергизация басталғанының белгісі. Ішіп жүрген дәрі немесе биологиялық белсенді қоспалардың да қаншалықты тиімділігі бар-жоғын да анықтап береді. Әсіресе, қазіргідей вакцинация науқаны кезінде адамдар алдын ала осы тексеруден өтіп алса, оларға екпе салудың қажеті бар-жоғын да анықтауға болады. «Егер сіздің иммундық жүйеңіз төмен болса екпе салдырудың қажеті жоқ, тым салмақ салуға да болмайды. Ал қазір адамдар ешқандай тексерусіз барып екпе салдырып жатыр, тіпті олар қалай тексерілу керектігін де білмейді. Ал бұл жүйе сізге барлық көрсеткіштеріңізді санмен айтып береді», – дейді дәрігер.

Жоба авторларын өздеріне шақырып, «құда» түсіп жүрген, қолдап, демеуге дайын шет елдер көп. Бірақ дәрігерлер ғылымның жемісін өз Отанымызға берейік, туған еліміздегі ұлт саулығын ­түзе­­­у­­­ге атсалысайық деп ешқайда кетпей отыр.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды