Ұлттың алты ұстанымы

0 34

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс – қимыл кезеңі» Жолдауында мемлекеттік басқарудың жаңа моделінен бастап, барлық өзекті әлеуметтік-экономикалық жағдайға, цифрлық даму мен тағы басқа мәселелер және қазіргі күрделі жағдайда жаңа экономикалық даму жолына түсудің негізгі тетіктеріне талдау жасайды. Сонымен бірге жалпы, адамзат баласы үшін аса маңызды ұлт сапасын арттыруға баса назар аударады. Ұлтымыз жаңа сапаға көшу үшін өмірлік жаңа ұстанымдарымыздың өзгеру керектігіне тоқталады. Жолдау бойынша санамаласақ, ұлттың жаңа болмысын жасайтын алты ұстанымды айырықша атап өтуге болады. Қазір Жолдауды насихаттау жер-жерде жүргізіліп жатқандықтан, оның барлығына талдау жасамаймыз. Айтайық дегеніміз, бұл ұстанымдар арқылы бұған дейін сан ғасырлар бойы біздің ұлттық болмысымыз қалыптасқан және оны қалыптастырған құндылықтарымыз ұлт сапасын белгілі бір деңгейге жеткізген.
Өкінішке қарай, ғасырлар тоғысындағы қоғамдық формациядағы өзгеріс, рухани құндылықтан материалдық құндылықтың басымдыққа ие болуы, әлемдік ақпараттық кеңістіктің ашықтығы бізді барымыздан айыруға әкеліп соққанын баршамыз мойын­дауымыз керек.
Күнделікті тұрмыста белең алып отырған жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, адам саудасы, есірткі саудасы және тағы басқа жан түршігерлік қылмыстың көбеюі ұлт қамын ойлаған адам баласын ойландыр­май қоймайды. Сондайда: «Ұлттың жаңа болмысын қалыптастырмақ түгілі, ұлтымыз бар болмысынан айырылып бара жатқан жоқ па?!» деген қорқынышты ойдың қылаң беретіні жасырын емес.
Жолдауда ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру үшін жас буынды ерінбей еңбек етуге бейімдеу керектігі айтылған. Оны кім бейімдеу керек, мектеп пе, қоғам ба әлде билік пе?! Әрине, бірінші кезекте, ата-анасы, яғни отбасы. Көпке топырақ шаша алмаймыз, бірақ қазіргі қазақ отбасының барлығының бұған қауқары жете ме? Неге біздің көп балалы аналарымыз ұрпағын ұясында тәрбиелеп отырудың орнына алақан жайып, әкімшілікті жағалайды? Оның объективті, субъективті себептері жеткілікті. Дегенмен де басты себептерінің бірі – көп ер-азаматтардың жатып ішер жалқаулығы, жоғары жауапкершіліктің жоқтығы, халқымыздың тамаша құндылығы – әкелер мектебінің әлсіреуі.
Жолдауда тұтас ұлт сапасын арттырудың бір ұстанымы ретінде кәсіби дағдыны игеру аталған. Көңілге үлкен қуаныш ұялататын жай – қазіргі жастарымыздың жаңа мамандықтарды терең біліммен кәсіби деңгейде меңгеруге ұмтылыстары. Мысалы, біздің Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық-ғылыми практикалық орталығындағы жастардың, Жолдауда атап көрсетілгендей, бізге керек – адалдық, ұқыптылық, тиянақтылығы жан сүйсінтеді, ұлт болашағына үлкен сенім ұялатады.
Жолдауда атап көрсетілген «Жауапты мемлекет – жауапты қоғам – жауапты адам» жүйесі берік орнығуы үшін біздің әрқайсымыз бойымыздағы тоғышарлық, жатыпішер масылдық, енжарлықтан арылып, жаңғырған, жаңарған қоғамда өмір сүруге ұмтылуымыз керек.

Бақытгүл ЫСҚАҚ,
филология ғылымдарының
кандидаты, Ш.Шаяхметов атындағы
«Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық
орталығының басқарма басшысы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eleven − one =