Ұлтқа қызмет ететін ұлан

0 41

Қол күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азия чемпионы, ­Бауыржан Момышұлының «Намыс» төсбелгісі иегері капитан Тимур Сыпатаев­пен мереке алдында әңгімелескен едік.– «Әскери міндеттілерді арнау­лы жиынға шақыру туралы» Президент Жарлығына сәйкес азаматтар әскерге шақырылғанда Қорғаныс саласының бұрынғы қызметкері, белгілі спортшы ғана емес, осы елдің ұлы ретінде ерікті түрде бастап шықтыңыз. Президент әскерге шақырылғандармен кездескен кезде сізге «сені теледидардан көрдім» деді. Сізді осы іске міндеттеген не нәрсе?
– Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің қаулысы бойынша 100 әскери міндетті запастағы офицерлер мен сержанттар аумақтық қорғаныс бригадасы құрамына шақырылды. Қазақта «ел басына күн туса, ер етігімен су кешер» деген сөз бар, қиындық туған жағдайда кез келген азамат халқына шынайы қызмет етуі тиіс. Елді, жерді сыйлайтын, рухы биік, соңына қаншама жігіттерді ертіп жүрген азаматпыз деп жүрміз, әскери салада 16 жыл қызмет еттік, ауылда өстік, қиындықты көрдік, әскер бізді тәрбиеледі, шыңдады, әскерге барғанның арқасында тазалықты, тәртіпті, өтірік айтпауды үйрендік, биіктерді бағындырдық. Ер жігіттің қайраты мен жігері сыналатын осындай кезде елімізге қолдан келгенше көмек жасау – біздің міндетіміз. Бұл – уақытша жағдай.
– Бүгінгі қазақ жігіттерінің әскери дайындығына көңіліңіз тола ма? Уақыт тауып олармен танысып, сөйлесуге, ойларын білуге мүмкіндігіңіз бар ма?
– Ер жігіт болып дүниеге келгесін ол әскери өмірді көруі керек деп есептеймін. Жалпы қазақ жігіттеріне көңілім толады. Олардың ниеттері дұрыс, бірақ, кейде оларға бағыт көрсететін адамдар аздау екені байқалады. Халқымыздың батырлық, ерлік қасиеттерін, осынау ұлан-байтақ жерді бізге қалдыру үшін қандай қиындықтарды өткергенін біле бермейтін ұрпақ өсіп келе жатқанын да мойындауымыз керек. Қалай дегенмен де Б.Момышұлы, ­Қ.Қайсенов аталарымыздың Жеңіс үшін қандай ерліктер жасағаны ұмытылмай, саналарда жаңғырып отыруы тиіс. Бауыржан атамыздың «Ерлік – ердің қасиеті, жүректілік – қасиеті» деген сөзін кез келген сарбаз біліп жүруі тиіс. Сапта тұрған сарбаздарға «ерінбеңдер, алдарыңа мақсат қойыңдар» деп айтудан жалықпаймын. Жұмыс­тан кейін бір сағат, бір жарым сағатты спортқа арнап жүрміз.
– Әскери адамдардың арасында ойын еркін жеткізетіндер көп емес секілді, кітап оқисыз ба?
– Менің алдымдағы ағам да, артымнан ерген інім де әскери салада. Әскери адам жан-жақты болу керек. Кейде қатардағы әскери қызметте жүргендер туралы «олар көп нәрседен хабарсыз, көп оқымайды» дегендей пікірді естігенде намысым келеді. Осы намыстың қамшылауымен 2008 жылдан бастап өзіме мақсат қойдым, тарихты, көркем шығармаларды оқыдым, тіл үйрендім. Биыл ақпанның аяғында Францияға сапар шегіп, Парижде болып Мұстафа Шоқайдың басына бардым, Германияның Штутгард, Веймар деген қалаларын аралап келдім. Тану, білу, көкжиегін кеңейту адамды өсіреді. Жігіт адам мақсатқа жету жолында ерінбеуі керек.
– Сіз туралы видеоларды көрдік, Қажымұқан атаңыздың қимылдарын қайталап жүрген спортшысыз. Ішіне сарбаздар мінген автобусты тіспен тартып қозғайтын өнерге қалай келдіңіз?
– Оның бәрі еңбекпен, тынымсыз жаттығумен келеді. Азаматтың сөзі мен ісі сәйкес болуы керек. Ұл баланы ыстыққа, суыққа салып өсірудің дұрыстығына көзім жетті.
– Бауыржан Момышұлын жиі ауызға алады екенсіз, себебі неде?
– Бауыржан Момышұлы кез келген сарбаздың үлгітұтары, ұстазы болуы тиіс. 1941 жылы Москва үшін шайқастың алдында бүкіл батальонды тұрғызып қойып, Бауыржан атамыздың орынбасары ортаға шығып сөйлейді: «Сарбаздар, сендер соғысқа келдіңдер, аспаннан бомба түсіп, оқ борап тұрған соғысқа кіресіңдер, үйлеріңе тірі барасыңдар ма, жоқ па, ешкім білмейді, мерт болуларың да мүмкін» деп сөйлегенде сапта тұрған сарбаздардың еңселері түсіп кетіпті. Сол кезде Бауыржан атамыз оны тоқтатыпты да, 150 адамның ортасына өзі шығыпты: «Біз қазақ деген елміз, батыр халықтың ұрпағымыз, біз бұл жерге шейіт болу үшін, өлуге келген жоқпыз, жауды жеңу үшін келдік, Қазақстан деген еліміз бар, сол жерде анамыз, әкеміз күтіп отыр, соларға жеңіспен ораламыз деп келдік!» дегенде сарбаздардың еңсесі көтеріліп, рухтанып, шайқасқа кірген екен. Бауыржан атамыздың «Шен үшін емес, ел үшін қызмет ет», «Марапат үшін емес, парасат үшін» деген сөздері әркезде ойымда тұрады.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eighteen − 9 =