Ұлтаралық татулық – даму кепілі

0 39

Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІХ сессиясын өткізіп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев аталған ұйымға басшылық етіп келген өз өкілетін тоқтату туралы шешім қабылдады. Ассамблея төрағасы болып Қасым-Жомарт Тоқаев тағайындалды.Тәуелсіздіктің бірінші күнінен бастап Елбасы үнемі айтып келе жатқан бір сөз бар. Ол – тыныштық. Сол тыныштықтың басты кепілі – ұлтаралық татулық. Біз көпэтносты мемлекетпіз. Алғаш тәуелсіздікті жариялағанда мемлекет құрау­шы ұлттың үлесі өте төмен болды. Тіпті елу пайызға да жетпеді. Қазір, Құдайға шүкір, сексен пайызға таяп қалдық. Өзге этнос өкілдері де Қазақстандағы осынау мамыражай тыныштыққа, жарасымды қоғамдық ортаға үйлесіп, сіңісіп барады. Өзге этнос өкілдері Елбасыны арқасүйер қорғаны, тіпті туған әкесіндей көріп, бауыр басып кеткені шындық. Біртектілікке қарай көш түзеген еліміз үшін бұл институт өз міндетін өте жақсы атқарып келеді.
Елдің көзінің құрты болған қазақтың жері бар. Соған көз алартқан ішкі-сыртқы күштер осы ұлтаралық қатынасқа сызат түсіріп, тұрақсыз жағдай қалыптастыруға тырысып баққаны да жасырын емес. Міне, осындай қиын өткелдерден біздің елімізді аман алып қалған бірнеше фактордың біреуі – осы ұлтаралық татулығымыз. Әрине, оның басында Қазақстан халқы Ассамблеясы тұрды. Демек, әу баста Тұңғыш Президенттің Қазақстан халқы Ассамблеясын құруы жас мемлекет үшін аса маңызды қадам болғанын атап өтуіміз керек.
Қазір мемлекеттік билік – Президенттің қолында. Ұлт­аралық қатынасты, татулық пен тұрақтылықты сақтаудың кепілі – Президент. Сол үшін Ассамблея билігі де Президенттің қолында болғаны дұрыс. Сыртқы күштер біздің елімізді басып ала алмайды. Ол анық. Бірақ әлі де іштен ірітуге, бүлік тудыруға әртүрлі жолмен әрекет ете берері сөзсіз.
Елбасы дәл осы жағдайларды ескере отырып, Қазақстан халқы Ассамблеясын одан әрі басқару құқығын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа берген болуы керек. Өте дұрыс шешім деп бағалаймын және Қасым-Жомарт Кемелұлын жаңа қызметімен шын жүректен құттықтаймын!
Құдайға шүкір, елімізде мемлекеттік емес ұйымдар аз емес. Бірақ солардың ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясының орны бөлек. Біреулер «Ассамблеяның керегі жоқ, тарату керек!» деп жатады. Мен ондай одағай пікірлермен мүлде келіспеймін. Мен үшін Қазақстан халқы Ассамблеясының орны бөлек.
Неге десеңіз, Елбасы жетекшілік етіп келген қоғамдық ұйымдар бірнешеу. Солардың ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы арнайы заң бар. Одан бөлек, Мәжілістің тоғыз депутатын Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайды. Оның бұл құқығы Қазақстан Республикасының Конституциясымен бекітілген.
Заң дегеннен еске түседі, «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» заңның 6-бабында демография және көші-қон саласындағы жоспарлар мен іс-шараларды әзірлеуге және іске асыруға қатысу, сондай-ақ шет елдердегі қазақ диаспорасына ана тілін, мәдениеті мен ұлттық дәстүрлерін сақтау және дамыту, оның тарихи Отанымен байланыстарын нығайту мәселелерінде қолдау көрсету Ассамблея қызметінің негізгі бағыттары ретінде көрсетілген. Өкінішке қарай, Қазақстан халқы Ассамблея­сының осы керемет мүмкіндігі өз деңгейінде толық пайдаланылмай келеді.
Ал көші-қон саясаты, шет елдегі қандастар мәселесімен арнайы айналысатын Дүние­жүзі қазақтарының қауымдас­тығы мен «Отандастар қорының» көсіліп жұмыс істеуіне осындай көзге шұқып тұрып көрсетілген заңдық тетіктің жоқтығы қолбайлау болып тұр деп ойлаймын.
Елбасы ерте жолға қойған көші-қон саясатын одан әрі қарқынды жалғастыру керектігін Президент Қасым-­Жомарт Тоқаев үнемі айтып келеді. Қазірге дейін алыс-жақын шетелдерден жалпы 1 млн 74,3 мың қандасымыз көшіп келіп, атажұртына қоныстанды. 6-7 млн қазақ әлі сыртта жүр. Көп келіп жатқан – Өзбекстан мен Қытайдағы ағайындар. Пандемия аяқталып, шекара ашылса, Қытайдағы қандастарымыз ағылғалы тұр.
Еліміздің алдағы болашағы мен тұрақтылығы үшін құрылған Ассамблея институты мен көші-қон, шеттегі қандастар туралы саясат өте тығыз байланы­с­та. Ол байланыс, жоғарыда айттық, осындай арнайы заңнамадағы нормалармен бекітілген. Шеттен келген ағайын тұрақты тіркеуге тұрып, азаматтық алып, қашан қатарға қосылғанға дейін, өздерін өзгеше сезінеді, жатырқап тұрады. Оларды жаңа ортаға бейімдеу, заңдар мен бағдарламалардың өз деңгейінде орындалуын, іске асуын бақылап отыру өте қажет. Сонымен бірге шеттегі қазақтармен байланыс жасап отыру мәселесі тағы бар. Бұл міндеттер, жоғарыда көрсетілгендей, Ассамблеяға заңмен жүктелген.
Ара-тұра ұйымдастырылатын дөңгелек үстел жиналыс­тары мен конференцияларда біріне-бірі қонаққа келгені болмаса, қайталап айтайын, аталған екі ұйым мен қор бұл мүмкіндікті жете пайдаланып, сәйкесіп жұмыс істеген емес. Ол үшін, әрине, үйлестіруші тетік керек.
Қазір Президент Қасым-
Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі ұсынған жобаларды негіз етіп, саяси және экономикалық реформалар жүргізу үстінде. Мемлекет басшысының бұл реформалары көші-қон саясатын да айналып өтпейді деген ойдамын. Шыны керек, бұл сала уақыт талабына сай, үйлесімді етіп жаңғыртуды талап етіп тұр.
Мен алдағы жерде Қазақ­стан халқы Ассамблеясы, Дүниежүзі қазақтарының қауымдасты және «Отандастар қоры» сынды осы үш ұйымның басын бір шаңырақ астына біріктіріп, «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» заңның мүмкіндіктерін ортақ пайдалануға жағдай жасалса, жақсы болар еді деген ойдамын.

Ауыт МҰҚИБЕК,
ҚР Президенті жанындағы Ұлттық
қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

thirteen + eleven =