Ұлт ұстазын ұлықтады

0 36

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті мен Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Қазақстан халқы тілдері күні мерекесіне орай ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлына арналған «Тағзым мен тағылым» атты онлайн отырысын өткізді.Мәні бар игілікті шарада құттықтау сөз алған Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуе­шов екі жылдан кейін туғанына 150 жыл толғалы отырған тұғырлы тұлғаның есімін мәңгі есте қалдыру бағытындағы шаралар жоспарына тоқталып, онлайн отырысқа қатысушыларды мерекемен құттықтады.
Жиын тізгінін ұстаған Тіл саясаты комитеті төрағасының орынбасары Әділбек Күнесханұлы Қабаның айтуынша, орфографикалық жұмыс тобы оныншы отырысын өткізген екен, бұл өз кезегінде үлкен талқылауларға ұласып отырған. Ономастикалық комиссияның үш отырысында еліміз бойынша бес жүз атау өзгертілген, яғни, сая­саттың салқыны тиген көптеген көне атаулар қалпына келтіріліп, қазақ тарихы мен мәдениетіне қатысты тұлғалардың есімі берілген. Сондай-ақ ҚР Үкіметі жанындағы Республикалық терминологиялық комиссиясының екі отырысы өтіп, әр қайсысында бес жүзден аса термин мақұлданған. Бұл дегеніңіз мыңнан астам жаңа термин қолданысқа еніп, тіліміз соншалықты сөзбен байыды деген сөз.
Сонымен бірге Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры, ғалым Ербол Тілешов «Ұлт ұстазының тағылымы» тақырыбында баяндама жасаса, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанова, Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің директоры Райхан Имаханбет, Торғайдағы мұражайлар кешенінің басшысы Гүлбану Сәрсекей халқымыздың ардақты перзентінің өнегелі өмірі мен еңбектері туралы ойларын ортаға салды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

sixteen + seven =