Ұлт ұраны

0 76

Абай Құнанбайұлы – ұлт тарихында өшпес із қалдырған тұлға. Хакім Абайдың өлеңдері мен қара сөздерінде ұлтымыздың тұрмыс-тіршілігі, танымы, мінезі, болмысы, рухы жатыр. Тұтас ұлттың бітімін арқау еткен хакімнің шығармашылығы «Абай әлемі» деген атқа ие болды.Бұл ұлы ақынға берілген əділ баға деп ойлаймын. Бүгінде Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында елімізде түрлі шаралар өтіп жатыр. Соның бірі əлеуметтік желілерде ақын шығармаларынан үзінді оқу челленджіне мектеп оқушыларынан бастап, елімізге белгілі тұлғаларға дейін қатысты. Мен де өзіме замандастарымның бірі жолдаған эстафетаны қабыл алып, ақын атамыздың «Күз» деген өлеңін оқыдым. Осындай шараға қатысып, игі бастамаға өзіндік үнімді қосқаныма қуанамын. Бүкілхалықтық шараға айналған осы бастаманың арқасында бəріміз Абай мұрасына ерекше мəн бере үңіліп, қызыға түстік. Ұлы ақынға құрметімізді осылай білдірдік. Бұл таптырмас тəрбие де еді.
⠀Абай ақынның қай туындысын алып қарасақ та, бүгінде өзектілігін жоғалтқан жоқ. Ұлы ақынымызды ұлтымыздың ұраны десек те болады. Ақын жырларынан оқырман қандай тəлім алуы тиіс?!
⠀Еліміздің Тұңғыш Президенті ақын туралы: «Абай өзінің туған халқымен мәңгі-бақи бірге жасайды, ғасырлар бойы Қазақ елін, қазағын биіктерге, асқар асуларға шақыра береді» деген болатын. Бұл Абай əлемінің халқына мəңгі шамшырақ іспетті екенінің тағы бір көрінісі болса керек.
⠀Халқының өсіп-өркендеуіне шын ­ниетімен тілеулес болған ақын барлық шығармаларына осы идеяны өзек етеді. Дамудың жолы – білім мен ғылымда. Абай «Ғылым таппай мақтанба» деп, білімді игеруге, бақ-дəулетке қол жеткізу үшін тағы да ілім-білім мен ғылымды үйрену керектігін айтты. Ұлы хакімнің «Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге» деген сөзін əрбіріміз жаттап алып, бойтұмардай қайталауымыз керек деп білем.
Əр адамның биіктерді бағындыруын, еліміздің дамып-өркендеуін арман еткен, жырларымен саналарға сəуле құйған ұлы ақынның шығармаларын оқып қана қоймай, тағылым алу, ізін жалғау біздің парызымыз деп білем. Абай шығармаларын зерделей оқудан жалықпайық дегім келеді.

Айша ҚАЛЫҚ,
11-сынып оқушысы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × 5 =