Ұлт үнжариясының тартуы

0 230

Биыл ұлтымыздың үнжариясына айналған «Қазақ ­радиосына» ғасыр толып отыр. Алғашқы құрылған күннен халқымыздың рухани қазынасын насихаттап келе жатқан радионың «Алтын қоры» өте бай. Онда руханиятымызда орны бар айтулы тұлғалардың дауыстары, сұхбаттары, көркем ойлары, талантты әншілер мен оркестрлердің шұрайлы шығармалары сақталған. Соның ішінде біз бүгін құндылығы мол радиоспектакль туралы айтсақ дейміз.Ұлтымыздың үнжариясының жүз жылдығы қарсаңында бірнеше жаңа хабарлар әуе толқынына жол тартты. Солардың бірі ретінде журналист Толқын Сұлтанның авторлық «Шабыт» радиотеатр хабарын айтуға болады. Мұнда әр апта сайын еліміздегі қазақ драма театрларының қо­йылымдарын, жеке актерлердің моноспектакльдерін, монологтарды, поэтикалық спектакльдерді арнайы студияға жазып, музыкамен және арнайы эффекттермен әрлеп ұсынады. Мұндағы мақсат – театрдың репертуарын, автордың шығармасын, актердің дауысын «Алтын қорға» жазып алу. Сонымен бірге театры жоқ шалғайдағы елді мекендерде тұратын ағайынға радио арқылы театр әлемімен сусындатуды көздейді.
Жалпы, бұған дейін де әр жылдары үнжариядан радиоспектакль беріліп отырды. Бірақ оның аралары үзіліп қала берген. «Алтын қордың» редакторы Айгүл Ыдырысованың сөзіне зер салсақ, қорда қазақ және орыс тілінде ұзын-саны 2066 дана спектакль сақталыпты.
– Ең алғашқы спектакль орыс тілінде 1949 жылы «Алтын қорға» түссе, ал қазақша 1958 жылы жазылған. Олар әр жылдары «Радио инсценировка», «Қазақстан театрлары», «Радио кітапхана» деген атаулармен берілген. Ең соңғы таспа 2005 жылы жазылған. Арада біраз жыл өткен соң журналист Толқын Сұлтан «Шабыт» радиотеатры деген атпен республиканың әр өңіріндегі театрлар репертуарынан бірнеше радиоспектакль жазып, «Алтын қорға» тапсырды. Мұны үлкен еңбек деуге болады, – дейді ол.
Шынында да, араға едәуір уақыт салып, соны леп, жаңа көзқараспен «Қазақ радиосының» редактор-жүргізушісі Толқын Сұлтан алдыңғы аға-апаларының тамаша дәстүрін қайта жаңғыртқанына біз де қуанып отырмыз. Және Толқынның осындай игілікті ісі қолға алуының да себебі бар. Өйткені ол 2000 жылы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының «театр және кино актері» бөлімін Қазақстанның халық артісі Есмұхан Обаев пен Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Татьяна Наурызбаеваның шеберханасынан тәмәмдаған. Театр өнерін жетік біледі. Еліміздегі барлық театрмен байланыс орнатқан. Бүгінге дейін «Шабыт» радиотеатры хабарына Нұр-Сұлтан мен Алматыдан бөлек, Маңғыс­тау, Қостанай, Орал, Ақтөбе, Қызылорда қалаларындағы қазақ драма театрларының қойылымдарын таспаға түсіріп үлгеріпті. Сондай-ақ Толқын Сұлтанның радио­спектакль жанрындағы «Балаларға базарлық» хабары да балдырғандардың қызығушылығын туғызды. Бұған дейін радиодағы ертегілер бір диктордың оқуында болса, бұл хабарда оны Қуыр­шақ театрлары мен драма театр актерлерінің дайындығымен оқылады. Әсіресе, онда елордадағы Қуыршақ театры мен Алматы мемлекеттік қуыршақ театры­ның, Қостанай облыстық І.Омаров атындағы қазақ драма театр әртістерінің еңбегін атауға тұрарлық. Бұлардың бәрі де радионың «Алтын қорына» жазылды. Ертегі тыңдап өскен баланың қиялы, ой-өрісі дамиды, шыншыл, мейірімді болып өседі. Алайда осы бағытта біраз өзекті мәселе де бар екені жасырын емес.
–Негізі, осы хабарға материал іздеу барысында көптеген кедергілерге тап болдым. Оған ертегілермен қоса аңыз-әңгімелер, балаларға арналған пьесалар іздедім. «Жоқ» деп айта алмаймын, бар. Бірақ өте аз. Табылған жағдайда көбісі кітаптан оқуға арналған. Содан әлеуметтік желіге хабарландыру жаздым. Бірен-саран авторлар ғана хабарласып, жазған шығармаларын ұсынды. Ал ойымдағы нәрселерді орыс тілінде жазып, ғаламтордан іздесем бірнеше сайт, сансыз материалдар шыға келді. Бұл жерде авторларды жазғыруға болмайды. Сондықтан осы салада арнайы жобалар ұйымдастырып, балалар шығармаларына мән берген дұрыс. Қазақ ертегілерін де сұрыптап, қайта шығаруды ұсынар едім, – дейді Толқын Сұлтан.
Қорыта айтқанда, жыл басынан ғасыр жасап отыр­ған «Қазақ радиосының» тартуы тыңдармандарға мол болмақ. Ендеше, ұлт үнжариясын тыңдап жүріңіз!

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × 2 =