Ұлт тұтастығының ұстыны

0 87

Елбасы кейінгі Жолдауында Қазақстан халқының әл-ауқатын жақсарту мақсатындағы басым бағыттарды айқындап берді. Солардың барлығы – ел өміріне аса қажет мәселелер. Онда Президент Н.Назарбаев рушылдық мәселесіне қатысты: «Қазақтың ішкі тұтастығын бұзғысы келетін рушылдық, жершілдік секілді әңгімемен ел бірлігін бүлдіргісі келетін күштердің пайда болуы Елбасы ретінде мені алаңдатпай қоймайды» деді. Демек, бұл қоғам болып күресуге тиіс өткір мәселелердің бірі екені даусыз.

Тарихымызға назар аударсақ, қазақ халқы бірлікке келгенде күшейген де, алауыздыққа барғанда әлсіреп, сыртқы жауларынан жеңіліс тауып отырған. Яғни, қазақ жұрты сөзге тоқтап, бітімге келгенде бірлігімен озған, шайқасқан жауларын жеңіп, ұлттық рухы көтеріліп, сайын сахарада қуатты ел ретінде танылып, дәурені асқақтаған.

Қазақ халқы текті жұрт екендігі тарихымыздан белгілі. Өйткені, қазақ ешқашан біреуге өзі барып соқтықпаған халық. Жеті атасынан асқанда ғана қыз алысып, ұрпақ өрбітіп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған ел. Ата қазақтың арғы, бергі салт-дәстүріне негізделген рухани сабақтастық тәрбиесі болған. Олардың бірі – шежіре. Халқымыздың арасында атақты шежірешілер, батагөй ақсақалдар көп болған. Ел ағалары әрқашан жас ұрпақты бірлікке, елжандылыққа тәрбиелеуге баса назар аударған. Яғни, шежіре таратып айтқанда жүзшілдік мақсатты емес, азаматтық ұстанымын, шыққан тегін білу, кейін қателіктерге ұрынбау жағдайын да ойластырған. Мысалы, қазақ қоғамын басқаруға атсалысып, елдікті нығайту барысында айтқан Төле би бабамыздың: «Жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін» деген аталы сөзі бар. Елбасы Нұрсұлтан өзінің осы Жолдауында: «Қазақстанның елдігі асқан, ерлігі тасқан, кемел де келісті елге айналуына бізден – қазақтардан артық мүдделі кім бар?! …Елімізде жымысқы ниеттілердің айқайына құлақ асып, айтағына ілескен жан әр атаның шежіресін әспеттеп, әр жаққа тартқанын аңдамай қалуы мүмкін. Ру мен тайпаға бөліну – ұлттық тұтастықтан айырылудың өте қауіпті түрі» деп әділ атап көрсетті. Бұл ескертуден халық қорытынды шығаруы қажет. Ендеше, жаһандық жағдайда өмір сүріп жатқан елдері ішіндегі әлемдік қауымдастықта өз орнын белгілеген мемлекетіміз бар екендігін және оның қауіпсіз даму бағытына баса назар аударуымыз керектігін ұмытпайық.

Ұлт Көшбасшысы Н.Назарбаев елді өркендету мен дамытудың болашақ бағдарын айқындауға негізделген осы бағдарламасында қазақ халқының шежіресіне ерекше тоқталған. Онда Елбасы: «Қазақ шежіресінің түпкі мәнін ұмытпау керек, алып дарақтың бұтақтары сияқты күллі рулардың түбін қуа келгенде, барлығы бір ғана ұлы тамырға – қазақ деген ұлтқа барып тіреледі. Қай шежірені алып қарасаңыз да, ол қазақтың бірлігін, тұтастығын әйгілейді» деп орынды атап өтті.

Қазақ елінің тарихында аса маңызды орны бар дерек көзі – шежіре. Шежіре­де халқымыздың рулары, тайпалары және жүздері, атақты батырлары мен хандары жайында мәліметтерді қамтиды. Яғни, қазақ тарихына қатысты деректердің қайнар көзін құрайды.

Шежіре қазақ халқының дәстүрлі таным құралы ретінде қызмет атқарып келген ерекше жәдігер деп айтуға болады.

Қазақ шежіресі – дәстүрлі сабақ­тастығы бар тарихи таным құралы. Қазақ шежіресін тарату мен жазу рушылдық, жүзшілдік мақсатта емес, тарихи танымдық бағытта болуы тиіс.

Жалпы, қазақ халқының шежіре тарату тарихы ерекше сипаттағы ұлттық келбетті көрсететіні анық. Сондықтан, әр қазақ жүзі және одан тараған рулардың адамдарын, өз шыққан жерін тегін білгені жөн. Тек, басты назарда рушылдық, жүзшілдік және жікшілдік дегеннен аулақ жүру мәселесі болуы тиіс. Біз өз Отанымызға қазақ деген ұлттың ие екендігін және осы жерде ғана бақытты өмір сүретіндігін есімізден шығармағанымыз абзал.

Қанат ЕҢСЕНОВ,
Мемлекет тарихы
институтының аға ғылыми қызметкері

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five − one =