ҰЛТ ТАРИХЫНДАҒЫ ТРАГЕДИЯ

0 613

Халқымыздың өткен тарихына әділ баға беріп, оны кейінгі ұрпақ жадына мықтап сіңіру бүгінгі күнді байыпты пайымдауға, одан әрі болашағымызды жан-жақты бағдарлауға бастау жасайды. Жас буын бүгінгі күнгі тәу еткен тәуелсіздігіміздің қаншалықты құрбандықтармен келгендігін біліп өспейінше олардың бойында ұлтжандылық, отанға, халқына деген оттай ыстық сүйіспеншілік қалыптаспайтыны баршаға аян. Міне, осы тәуелсіздік тағылымының мемлекет болашағы үшін маңыздылығын айта келе Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясының соңғы сессиясында ел санасына терең жара салған 30 жылдардағы ашаршылықты толыққанды зерделеу қажеттілігін мәлімдеді. Қазақ тарихында «Ұлы жұт» атауымен қалған 1920-30 жылдар ашаршылықтың экономикалық және демографиялық зардаптарының өте ауырлығы халық жадынан ешқашан кеткен емес. Тарихи дереккөздер мен халық тарихының қазынасы болып табылатын ата-әжелерімізден жеткен, ашаршылық апаты Алтайдан Маңғыстауға дейінгі қазақ даласын түгел қамтыған.

Ел санасына терең жара салған 30 жылдарғы ашаршылықтың кеңестік дәуірде жабық тақырып болғаны мәлім. Кеңес дәуіріндегі тоталитарлық жүйе өзінің қол астындағы халықтарға тек қана ату, асу, қуғындау, зорлықпен жер аудару сияқты амалдармен ғана зобалаң туды­рып қоймай, қолдан жасалған аштықпен де зұлматтар жасады. Ал, оның куәсі ретінде Ресейдің Поволжьесінде, Укра­ина мен Қазақстанда қолдан жасалған аштық қырғындарын ерекше айтуға болады.

Қазақ тарихындағы аштық жайлы әңгіме көтергенде екі өте маңызды ескер­туден бастаған жөн. Нақтыласақ, кеңес заманында Қазақстанда екі рет аштық қырғыны болғанын айтуға тиіспіз. Әлбетте, ең үлкен аштық қырғыны өткен ғасырдың 30 жылдары орын алды. Ол тарихта «Ұлы жұт – Ашаршылық жылдары» деген атпен аталады. Де­генмен, сонымен қатар, 1919-1922 жылдары орын алған ашаршылықты да ұмытпаған жөн болар. Ресми дерек­терден алынған мәліметтерге назар аударсақ, Қазақстандағы қазақтар саны 1926 жылғы санақ бойынша 3 млн. 969 мың болса, 1937 жылғы санақ нәтижесі 2 млн. 836 мың адамға жеткен. 1921-1922 жылдардағы аштық кезiнде 1 млн. 700 мың адам (ашыққандарға көмек көрсету комиссиясының төрағасы Мұхтар Әуезовтің мәліметі бойын­ша), 1932-1933 жылдары 2 млн. 300 мыңға жуық адам құрбан болған. Соңғы мәліметтерде, 1920 жылдардағы ашаршылықтан өлгендердің саны 2,3 млн. адамға жеткенін белгілі қазақ демо­графы Мақаш Тәтiмов өз зерттеулерінде келтірген. Ғалым зерттеулерінде «ХХ ғасырда болған азамат соғысы, қолдан жасалған ашаршылық, қуғын-сүргiн кездерiнде, екiншi дүниежүзiлiк соғыста бас-аяғы 3 миллион 850 мыңға жуық қазақ қырғынға ұшырағаны» айтылады.

Қазан төңкерісінен кейінгі Азамат соғысы, байып-бағдарсыз жүргізілген жаппай ұжымдастыру, индустриялан­дыру, кеңес көсемдері ушықтырған тап күресі қазақ халқын қатты күйзелтті. Осы кезеңдегі ел ішін жайлаған 1921 жылғы жаппай аштықты көзбен көріп, зұлматтан соры қайнаған жұртының жан азабын бірге тартып аласұрған Ах­мет Байтұрсынов 1922 жылғы «Қазақ календарына» жазған «Тәні саудың – жаны сау» атты мақаласында: «…Өткен қыста аштық болды. Ашыққан адам бірінің етін бірі жеді. Өліктің етін жегені былай тұрсын, өлмеген тірі адамдарды малша ұрлап, малша сойып жеді. Қалаларда түн болса, көшеде жүруге болмады. Мезгілсіз уақытта көшеде жүрген адамдарды жылқы сияқтандырып бұғалық салып, буын­дырып ұстап, сойып жейтін болды. Анасы баласының етін жеуге жетті… Аштықтан адамның тәні азып еді, жаны да азып, ес кетіп, адамгершілік жоғалып, адам хайуаннан да жаман болып кетті…» деп жазады. Қазақстандағы 1919-1922 жылдардағы аштықтың бір себебі, елдің бірнеше аймақтарында орын алған егіннің шықпай қалуы болды. Осы жағдайға байланысты кеңес үкіметі 1919 жылдың қаңтар айынан бастап «азық-түлікті тәркілеу» саясатын ба­стады. Бұл саясат кеңес өкіметінің 1918 жылдың 13 мамырынан бастап жүргізе бастаған азық-түлік диктатурасына сайма-сай дәл келген еді. Қазақстанда егіншілікпен айналысушылардың көп болмауына байланысты большевик­тер қазақтың малын кәмпескелеп алуды басты мақсат етіп қойды. Мал – көшпелі халықтың күн көрісінің жалғыз ғана көзі. Жергілікті қазақтар ежелгі ата дәстүрімен мал өсірумен айналысып, малдың жағдайымен жайы-лым іздеп көшіп-қонып өмір сүретін. «Қазақ жерінде тұратын басқа ұлттар егіншілікпен де айналысатын, бірақ азық-түлік саясатында басты мақсат етіліп, қазақтың малын жинап алу арқылы жүргізілсін» деген тапсырма қойылды. Қазақтан «мал жинаудың» түрі мен әдістерін айуандық, тағылық деген сөздермен ғана теңеуге болады. Мысалы, бір ауылға келіп малын түгел сыпырып алып кету жағдайлары жиі орын алды. Әрине, мұндайдан кейін бұл ауылдың халқының тірі қалуы мүмкін емес еді. Әртүрлі деректер бойынша осы аштық жылдарында миллионнан астам халық аштан қырылған. Сол кездегі аштықты көргендер оны бы­лай суреттейді. Қазақтың қоғам және саяси қайраткері Мұстафа Шоқай «Кеңестің қол астындағы Түркістан. Пролетариат диктатурасының сипат­тамасы» кітабында: «Бұл жолы әлемде бұрын-соңды құлақ естімеген кеңес үкіметінің Түркістанның жергілікті халқына жасаған «аштық саясаты» ерекше әңгіме еткен. Әрине, кеңес үкіметінің мұндай саясаты қазақтар тарапынан наразылық, қарсылық көрді. Бірақ, мал тартып алуға келгендерге қарсылық көрсеткендерді сол кездегі «Продармия» (сол кездегі мал тартып алуға жіберілген қарулы отрядтар осы­лай аталған) және Қызыл армияның ерекше мақсаттағы отрядтары (ЧОН – чрезвычайный отряд особого на­значения) оларды аяусыз қаталдықпен басып жазалады. Жалпы алғанда, 1919-1922 жылдардағы аштық кездерінде бір миллионнан астам қазақ аштан өлген. Сол кездегі қазақ санының бұл шамамен 20-22 пайызын құрайды. Дегенмен, қазақтың санын солқылдатып құртқан аштық отызыншы жылдары орын алды.

Қазақты қынадай қырған 1931-1932 жылдардағы жан түршігерлік аштықтың себебі, сол кезде жүргізілген кеңес өкіметінің құйтырқы әлеуметтік-аграрлық реформасының салдарынан болатын. 1925 жылы 13 қыркүйекте Қазақстан өлкелік партия комитетінің хатшылығына Мәскеудегі орталық билік Филипп Исаевич (Шая Ицкович) Голощекинді жіберді. 1933 жылдың 21 қаңтарына дейін осы қызметте отырған қазақтар «Қужақ» атап кеткен Голощекин, халық жадында ашаршылықпен бірге қалды. 1928 жылғы 27 тамыздағы «Аса ірі бай шаруашылықтары мен жартылай феодалдарды кәмпескелеу және жер аудару туралы» декретті негізге ала отырып күштеп тәркілеуге кірісіп, ірі байлармен қатар орта шаруалардың малын да зорлықпен тартып ала бастады. Нәтижесінде 657 бай жер аударылып, 145 мыңы тәркіленіп, олардың ауылшаруашылық құралдары 877 колхозға, 24. 491 жеке шаруашылыққа бөлініп берілді. Тәркілеу заңды бұзу арқылы жүзеге асырылды: 1. Орташалар байлар қатарына жатқызылды. 2. Тәркілеуге жататын нормаға дейін жеткізу үшін жекелеген отбасы шаруашылықтары әдейі біріктірілді. 3. Қанаушы элементтермен қатар дәулетті және орташа шаруашылықтар да тәркіленді. Бұл советтік саяси науқан «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» дейтін ұранмен жүзеге асты. 1929 жылы Қазақстандағы мал басы 40 миллион болса, 1933 жылы 4 миллионға зорға жетті. Мал жоқ жерде, тамақ жоқ, тіршілік жоқ. Қазақтар тұратын ауыл­дар жаппай қырыла бастады. Демо­граф А.Алексеенконың айтуынша «…әртүрлі есептеулер мен түзетулерге сүйенгенде 1930 жылғы қазақ халқының қырылуы 1млн. 840 мың адам немесе жалпы қазақтың 47,3 пайызын құрайды. «Кіші қазан» төңкерісін жасамақ болып талпынған Голощекиннің саясаты­на қарсы жергілікті халық талай рет бас көтерді. Әлбетте кез-келген толқу күшпен басылып, қатаң жазаланып отырды. Талай адамды «Халық жауы» деп көрсеткен Филипп Голощекиннің өзі де көп ұзамай 1939 жылы «антисоветтік ұйым құрды, Орталық комитетке қарсы күрес жүргізді» деген айыппен тұтқындалып, 1941 жылы 27 қарашада атылды.

Қазақ даласындағы жан түршігерлік ашаршылықты көзі көрген Алаш зия­лылары қарап қалмай Тұрар Рысқұлов, Смағұл Сәдуақасов, Нығмет Нұрмақов, Ораз Исаев, Сұлтанбек Қожанов және т.б. Мәскеуге ресми хаттар дайында­ды. БК (б) П ОК-нiң Бас хатшысы И.Сталин мен Қазақ өлкелiк партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы Ф.Голощекинге жолданған Т.Рысқұловтың «Сталинге хаттары», Ғ.Мүсiрепов, М.Ғатаулин, М.Дәулетқалиев, Е.Алтынбеков, Қ.Қуанышев жазған «Бесеудiң хаты» және т.б. хаттарда қазақтың «қара шыбындай» қырылуы мен үдере шетел асуының негізгі себептерi, экономикалық және демографиялық шығынды айғақтайтын нақты мәлiметтер берілдi. Ел ішіндегі ахуалға баға берген 1932 жылы жазылған Бесеудің хатында мына төмендегідей мәселелер көтерілді: 1. Орташаларға байлармен бірдей соққы берілді, сондықтан, орта­шалар байлар жағына шығуда. 2. Байлар малды қырып тастауға тырысуда. 3. «Жалған колхоздарды» ұйымдастыру жалғасуда. 4. Өлкеде ашығушылар саны көбеюде. Дәл осындай ресми хаттар 1918-1922 жылдары үздіксіз жүрген ашаршылық кезінде де жазылған бо­латын. Алайда, қазақ зиялыларының жанайқайын еститін құлақ болмады, тыңдаусыз қалды. Оның ақыры немен аяқталғаны, баршамызға мәлім.

Өз малын тонаудан қорғаған, кәмпескеден қашқан қазақтарға Қызыл армияның әскерлері жіберіліп, өзі аштықтан титықтаған қазақтарды ая­усыз қыруы ашаршылықты одан да бетер өршітті. Кейбір ауылдар мен рулар малын сақтамақ болып көше бастағанда олардың алдынан, соңынан Қызыл армияның отрядтары жіберіліп оларды «басмашы бандылар» ретінде жоюға, тұтқындауға бұйрық берілді. Шын мәнінде олар өз малы мен отбасы мүшелерін аштықтан аман алып қалу мақсатында аштығы жоқ Қытай мен Ре­сейге көшуді ойлаған бейбіт жандар бо­латын. Қытайға көшушілерге тосқауыл қоюға шекарашылар да өз үлесін қосып оларға пулеметпен оқ атқан кездері де болды. Осындай тосқауылдарға қарамастан жүздеген мың аштықтан қашқан қазақтар ауыл-ауыл болып Қытай асты.

Қазақстанды екі дүркін соққан ХХ ғасырдағы ашаршылық зұлматында 4 миллионнан астам адам опат болған-ды. Нәтижесінде қазақтар өз еріктерінен тыс, өз отанында халықтың үштен біріне де жетпейтін ұлттық азшылық деңгейіне жетті. Босап қалған қазақ даласына сырттан көшірілген миллиондаған адам социалистік құрылысты салуға кірісіп кетті. Өнеркәсіп ошақтарын ашып, қала, зауыт салды, дүрілдетіп тың игерді. Де­генмен, кеңестік режимнің идеологиясы­мен рухтанған жасампаз еңбекті жандан­дырушылар қазақ халқы бастан кешкен қасірет ауқымын білген жоқ. Сондықтан да, елімізде өмір сүріп жатқан барша халық, этностық топтар қазақтың ұлттық апаты жайындағы шыншыл тарихты білуге тиіс. Шыншыл тарихты білу жер-суымызды мекен еткен түрлі этнос өкілдерін қазақ төңірегіне тығыз топта­стыра түседі. Қалай айтқанда да, қазақ тарихындағы ашаршылық жылдары – ұлт тағдырындағы бөлек те, өте ауыр трагедия екені ақиқат.

Асылхан БИКЕНОВ,

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × one =