ҰЛТ ТАҒДЫРЫНЫҢ ҰЛАҒАТЫ

0 114

Бұрнағы күні «Алжир» мемориалды мұражай кешенінде «Тіл тағдыры – ұлт тағдыры» атты дөңгелек үстел отырысы өтті. Қазақстан халқы тілдерінің XIV фестивалі аясында ұйымдастырылған шараға елордалық зиялы қауым өкілдері қатысты.

Басқосу алдында қатысушылар ондағы «Қасірет» қақпасына тағзым етіп, «Зерде» қабырғасына гүл шоқтарын қойды, құран бағыштады. Мұражай директоры Болат Жүнісбеков көпшілікті шетел елшіліктерінің лагерьде жазықсыз жазасын өтеген әйелдерге арнап қойған ескерткіштерімен, «Күрес пен үміт», «Түңілу мен әлсіздік» скульптуралық бейнелер­мен, «Көз жасы» стелласымен және кешен ішімен таныстырды. Жиынға қатысушылар мұражайдағы жәдігерлерді тамашалап, «37 жылы солған гүлдер» бейнебаяны мен «Алжирдің» ызғарлы суығы» атты деректі фильмді көріп, оң ықылас танытты.

Ана тіліміздің бүгінгі хал-ахуалын байыптап, қолданыс аясын кеңейтуді мақсат еткен басқосуды Астана қаласы тілдерді дамыту басқармасының бастығы Ербол Тілешов ашты. Басқарма бастығы дөңгелек үстел отыры­сына қатысушылардан нақты ұсыныстар күтетінін де жеткізді.

Жиында әдебиеттанушы Сабыржан Шүкір сөйлеп, ағылшын тілінің ауқымы тым кеңеюіне алаңдайтынын айтты. «Ана тілімізге «шабуыл» көбейді. Ұлт тілін сақтау үшін қазаққа бірлік керек. Атқарылып жатқан шаруаларға да қолдау қажет. Соңғы кездері қандастарымыздың арасында өзге діннің жетегінде кеткендер жетерлік. Дініміз бөлінсе, діліміз бөлінеді. Діліміз бөлінген соң, тіліміз де ажырайды. Сондықтан, қазақ тіліне сапа керек. Ұлт санын еселеу де сапаны жақсартады» деді С.Шүкір. Басқосуда дипломат, профессор Сайлау Батырша, жазушы Табыл Құлияс, басқа да тіл жанашырлары ойларын ортаға салып, пікірлерімен бөлісті.

 *Сүбелі сөз

 Ербол ТІЛЕШОВ, Астана қаласы, тілдерді дамыту басқармасының бастығы:

«Төл тіліміздің жай-күйіне қатысты айтылып жүрген әңгімелер жетерлік. Мәселен, «Зерде» тілдерді дамыту орталығында қазақ тілін үйренуді тегін оқитын мемлекеттік қызметкерлердің сабаққа қатысуы 47 пайызды ғана құрайды. Алайда, билік тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарды да жоққа шығара алмаймыз. Астана қаласында қазақ тілді мектептердің саны артып келеді. Аралас оқытатын білім ошақтарында да өз тіліміздің орны бөлек»

 

Асхат ӘМЗЕБЕКҰЛЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

18 − seven =