Ұлт саулығы – ұждан ісі

0 113

Қалалық мәслихаттың кезекті жиырма үшінші сессиясында күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша Астана қаласы әкімінің орынбасары Аида Балаева баяндама жасадыЕлордадағы денсаулық сақтау жүйесін «Саламатты Қазақстан» бағдарламасына сәйкес дамыту туралы әңгімелей келе, қала әкімінің орынбасары салада атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
«Біздің жұмысымыздың негізгі бағыттары бес негізгі блоктан тұрады, жиынтықта олар тұтастай денсаулық сақтау жүйесінің шынайы жағдайын көрсетеді. Біздің ойымызша, бірінші әрі басты бағыт – елордада аталған бағдарламаның мақсатты индикаторларын орындау деңгейі болып қалады» деген А.Балаева жұмыстың екінші бағыты қоғамдық денсаулықты қорғау мәселелері бойынша ведомствоаралық өзара тиімді әрекет етуді арттыру екенін айтты. Бұл ретте биылғы жартыжылдықта Астанада сәби өлімі көрсеткіші едәуір төмендеген. Ал, орташа ғұмыр жасы әдеттегі 69,5 жастан 73,3 жасқа жоғарылаған. Қан айналымы ауруларынан өлім-жітім бірінші орында тұр. Биылғы жартыжылдықтың қорытындысы бойынша аталмыш аурудың көрсеткіші 7,5 пайызға төмендеген. Екінші орында онкологиялық аурулар тұр. Есепті кезеңде қатерлі ісіктен көз жұму оқиғалары өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12 пайызға азайғанмен, ана өлімі 1,9 есе көбейген. Соңғы бес жыл көлемінде туберкулезге шалдыққандар қатары республика бойынша Астанада көбейіп кетіп тұр. Дегенмен, кешенді алдын алу шараларының нәтижесінде бүгінгі таңда адамдардың туберкулезден өлу көрсеткіші 33,4 пайызға азайған.
Үшінші бағыт – Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесінде алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарын жетілдіру. Осыған орай, әкім орынбасары Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін жүзеге асыру аясында күндізгі стационарларда емдеуге болатын аурулар тізімін ұлғайту мен стационарды алмастыру, технологияларын дамыту және жетілдіру жұмыстары жалғасып жатқанын жеткізді. Мәселен, соңғы бес айда қалалық медицина мекемелерінің күндізгі стационарларында кереуеттер саны 18-ге көбейтіліп, осы уақыт аралығында 17959 науқас емделген. Төртінші бағыт – медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру, сондай-ақ инновациялық технологияларды енгізу болса, соңғы бесінші бағыт – дәрі-дәрмектің халыққа қолжетімділігі және оның сапасын арттыру, сонымен қатар денсаулық сақтау ұйымын медициналық техникамен жабдықтауды жақсарту. Бұл ретте елордалық емдеу мекемелері дәрілік заттармен 100 пайыз қамтамасыз етілді, ал, медицина ұйымдары жаңа қондырғылармен 83 пайыз жабдықталған.
Салада шешімін күткен күрделі мәселелер аз емес. Соның ішінде күн тәртібінде күйіп тұрғаны – мамандардың жетіспеушілігі, көптеген білікті дәрігерлердің жалақысы көп жұмыстарға, атап айтсақ, жекеменшік және республикалық клиникаларға ауысуымен байланысты болып отыр. Сонымен бірге, жас мамандардың жұмыста тұрақтауына ешқандай жағдай қарастырылмаған. Осыған орай, А.Балаева халық қалаулыларын ұлтты сауықтыру саласындағы өзекті мәселелерді бірлесе шешуге шақырды.
Одан әрі депутаттар қалалық мәслихаттың бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның есебін тыңдады. Сондай-ақ, Астана қаласында бейбіт жиналыстар, митингілер мен шерулер өткізу тәртібі және оларды өткізудің орнын бекіту мәселесі талқыланды.

                                                                                                                                                                                                                                                                                                             Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eighteen − 4 =