ҰЛТ САНАСЫН СЕРПІЛТКЕН СҰХБАТ

0 285

ERA_6914+

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлытау төрінде берген сұхбаты халқымыздың рухына рух қосып, патриоттық сезімін арттырды. Жалпы алғанда, ұлтымыздың санасын серпілтті. Мұндай пікірді Орталық коммуникация қызметінің брифингіне келген Парламент Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов білдірді.

– Еліміздің өткен тарихын те­рең зерттеп, бүгінгі ұрпақ­қа жеткізу өте маңызды. Осы тұр­ғыдан келгенде, тәуел­сіз­­дік алғанымыздан бер­мен қа­рай Елбасымыздың тап­сыр­ма­сымен мемлекеттік дең­гей­де ауқымды шаралар іске асы­­рылды. Тарихымызды тү­ген­деу үшін Тарих жылы белгі­ле­ніп, төл руханиятымызға қа­тыс­ты дүниелер жан-жақтан жинақ­талды. Ұлытау төрінде берген сұхбатында Елбасы бұған тағы айырықша назар аударып, тари­хымызды тереңдей зерттей тү­суімізге назар аударды. Үлкен бәйтеректің өзі егер де тамыры тереңде болмаса, сәл ғана жел­ден сұлап түсетіні жөнінде кел­тірген мысалының артында үл­кен мән жатыр деп ойлаймын. Өзінің өткенін, халқының салт-дәстүрі мен тілін білмеген елдің болашағы бұлыңғыр деген сөзімен де келіс­пеуге болмайды, – деді депу­тат.

Мемлекеттік тіл мәселелеріне қатысты Елбасы салиқалы саясат жүргізіп келе жатқанын атап өткен халық қалаулысы осы саладағы атқарылған істерге тоқталды. «Бү­гінгі таңда мемлекеттік тілді қолдауға қатысты арнаулы жоспар қабылданды. Оған бюджеттен қаржы бөлініп, жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Соның арқа­сында мемлекеттік тілдің қолда­нылу аясы әжептәуір кеңейіп қал­ды. Бір мысал айтсам, академик Салық Зиманов өзінің жазған тіл мәртебесі туралы мақаласында мы­на­дай деректер келтірген: «1989 жылы Қазақстандағы 205 ауданның тек 25-інде ғана іс­қа­ғаз­дары мемлекеттік тілде жүр­гізілді». Ал, бүгінгі күні жағдай мүлдем басқаша. Мемлекет қол­дауының арқасында қазақ тілі бар­­лық мемлекеттік органдардың іс қағаздарын жүргізетін тілге ай­налды» деді ол.

Сәрсенбай Құрманұлы Мем­­ле­­кет басшысының «Қазақ­стан-2050» стратегиясында да тіл мә­се­лесіне жете көңіл бөлініп, 2025 жылға қарай ел азаматтарының 90 пайыздан астамы мемлекеттік тілді білуі міндеттелгенін еске алды.

Дін мәселесін қозғай келе, Елбасының «Біз ешқашан өз дінімізден ажыраған жоқпыз. Әр уақытта ата-бабаларымыздан бізге берілген, салт-дәстүрімізге негізделген дінді сақтап келе жатырмыз» деген сөзін келтірді. Алайда, тәуелсіздігіміздің ал­ғашқы жылдарында елді іш­тей іріту мақсатында жат пи­ғылды діни ағымдардың кіріп кеткеніне қынжылыс білдірді. «Кон­ституцияға сәйкес Қазақ­стан – зайырлы мемлекет. Бірақ, осыған қарамастан, ұрпақты жат діни ағымдардан сақтауымыз ке­рек. Бұл тұрғыдан алғанда, мем­лекеттік органдарға үлкен жауап­кершілік жүктеліп отыр. Бүгінгі таңда ел азматтарының құқын шектеу жоқ. Қай азамат қай дінге бет бұрамын десе де тыйым салынбайды. Алайда, дін мәселесі – өте нәзік. Сондықтан, дін адамдары Ислам дінінің ізгілігін ағайын-туыстарына, тұтас қоғам­ға түсіндіріп жүруі керек. Жалпы, адамдарға бір-бірімізге дос-бауыр екенін ұғындырып, әлсіз адамдарға көмектесу сияқты жақсы қасиеттерді таратуымыз қажет. Елбасымыз өзінің сұхба­тында бұған да тоқталып өтті» деді депутат.

Мемлекет басшысы Н.Назар­баев­­тың идеясынан  туын­­даған Еуразиялық экономикалық одақ туралы пікірін де айта кеткен халық қалаулысы алып құрлық кіндігінде, Еуропа мен Азияның ортасында отырған мемлекетіміз үшін одақ ұшан-теңіз пайда әкелетінін жеткізді. Елбасының «Бұл – таза экономикалық одақ. Бұдан саяси астар іздеудің қажеті жоқ. Егер де тәуелсіздігімізге, мемлекеттің тұтастығына нұқсан келетін болса, кез келген одақтан бас тартуға дайынбыз» деген сөзін келтіре кетті.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

20 − five =