Ұлт мұраты үшін 18 жыл қапасқа қамалған

Елордада - есімі

0 94

«Алаш» партиясы мен Алашорда қозғалысы жетекшілерінің бірі, қоғам қайраткері, математика профессоры атағын алған тұңғыш қазақ, жақында туғанына 130 жыл толған Әлімхан Ермековтің ұлт үшін атқарған қызметі үлкен. Бүгінде елордада қайраткердің атына көше берілген. Темірқазық, Н.Оңдасынов, Алпамыс батыр көшелерін қиып өтіп, Қарасақал Ерімбет көшесімен аяқталатын Ә.Ермеков көшесінің ұзындығы – 899,5 м. Қазақ республикасының аумағына Каспий теңізінің солтүстік жағалауы (Астрахань губерниясынан) қайтарылғаны тиімді екенін Әлімхан Ермеков В.Ленинге дәлелдеп бермегенде, қазақтың шұрайлы, мұнай мен балыққа бай өлкесі қазіргі Қазақстан аумағынан тыс қалар еді. Дегенмен қайраткер есімі елдің есінде қалсын, зердесіне жазылсын, жас ұрпақ біле жүрсін деген ниетпен жасалып жатқан насихат пен құрмет шаралары тек көше берумен аяқталмайды деген үміттеміз.Кезінде «Қазақ» газеті оның тұлғалық жағын айшықтап, технологиялық институтқа асқан зеректер ғана түседі. Әлімхан – білімді, шешен, өткір, халыққа қызмет етуді өзіне парыз санаған жігерлі азамат» деп баға берген екен. Сонымен бірге Әлімхан Ермеков Орыс география­лық қоғамы Семей бөлімшесіне мүше болған.

Шекараның біртұтастығы үшін күрескен

Ғалым М.Ескендірұлының «Алаш Орда» министрлері» (2008 ж.) атты кітабында: «Әлімхан Ермековтің тарихи зор еңбегінің бірі – Қазақ автономиясы шекарасының біртұтас­тығын жанқиярлықпен қорғауы. Осы орайда ол 1920 жылы 17 тамызда В.Лениннің төрағалығымен өткен қазақ өкілдері қатысқан Халық комиссарлары кеңесінің мәжілісінде Қазақ автономиясы туралы мәселе қаралғанда, Қазақстанның жағдайы туралы баяндама жасайды. Онда ол жер, Қазақстанның шекарасы туралы мәселелерді қамтып, өктемшіл, озбыр, отаршылдық пиғылдағы өкілдермен қызу айтысқа түсіп, өз пікірін тиянақты, жан-жақты, бұлтартпас дәлелдермен қорғап шығады. Нәтижесінде кезінде қазақтардан тартып алынған Каспийдің теріскей жағалауындағы ені бір шақырымдық және Ертістің сол жағалауындағы он шақырымдық ұлан-ғайыр жер Лениннің тікелей қолдауымен Қазақ еліне қайтарылады» деген тарихи мәлімет бар. Әлімхан Ермеков туралы тарих ғылымдарының докторы, профессор Жанна Қыдыралина монография жазып шықты. Онда ғалым көрнекті қайраткер еңбегіне тоқталған

.
Ұстаздық қызметі

1921 жылы Әлiмхан Ермеков Қарқаралыда екi сатылы мектеп пен педагогикалық техникум ашқан. 1925 жылы Ермеков Семейге шақырылып, Орынбордағы Қазақстан Госплан төрағасының орынбасары болып бекiтiледi және осымен бiр уақытта өндiрiс секциясына жетекшiлiк жасайды. 1929-1930 жылдары Алаш жетекшілерін қуғындау басталғанда Ә.Ермеков те тұтқынға алынып, соңынан бостандыққа шығарылады. 1927-35 жылдары Ташкенттегі Қазақ педагогика институтының оқытушысы, ҚазПИ-де доцент, Алматы зоотехника және мал дәрігерлік институтының профессоры және математика кафедрасының меңгерушісі, 1935-37 жылдары Алматы кен-металлургия институты математика және теориялық механика кафедрасының меңгерушісі болып, дәріс беріп, ағартушылық қызметпен айналысқан. Осы жылдардағы жемісті еңбегінің нәтижесінде жоғары оқу орындарына арналған алғашқы қазақ тiлiндегi математика оқулығын жазды. Ғалымның «Ұлы математика курсы» оқулығы жоғары техникалық оқу орындары мен педагогикалық институттарға арналып, қазақ тілінде латын қарпімен 1935 жылы Қызылорда қаласындағы «Қазақстан» баспасынан 3500 данамен жарық көрді.Құнды оқулық жойылған

Деректерге қарағанда, Абай атындағы әмбебап кітапхананың сирек басылымдар қорында осы еңбектің бір данасы сақталған. «Ұлы математика курсы» кітабы аналитикалық геометрия негіздері және дифференциал мен интеграл негіздері атты екі бөлімнен тұрған. Өкініштісі, профессордың бұл кітабы қиын-қыстау жылдары жойылып жіберілген. Ғалымдардың айтуынша, оқулықта қазіргі қолданыста жүрген қосынды, қосу, нүкте, теңдеу, шаршы, шеңбер, үшбұрыш, теріс бұрыш, түзу, жазықтық, алым, бөлім, жатық сызық, сабақ, кесінді, тұйықтаушы вектор, теріс бұрыш, тұрақты шама, т. б. математика терминдері қолданылған екен.
Заманында Ә.Ермековтен сабақ алған Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті тау-кен институтының директоры, профессор И.Арыстанның «Егемен Қазақстан» газетінің 2010 жылғы 13 қарашасында жарық көрген «Ескірмейтін еңбек» атты мақаласында: «Осы ұлы адамның көзін көріп, дәрісін тыңдау­ға жазған тағдырыма ризамын. …Біз ол кісінің халқының болашағы үшін күресте ауыр жолдан өткенін, ұлттық математиканың негізін қалаушы екенін көп жылдардан соң барып білдік. Қуғын-сүргін зардабымен арпалыса жүріп, «Ұлы математика курсы» оқулық кітабын жазғанын тәуелсіздік таңы атқанда ғана естідік. Кезінде жойылып жіберілген еңбектің архивте сақталған жалғыз данасын шәкірттері қайта бастырып шығарды. Бүгінде ол – әрқайсымызға қымбат мұра» деп ұстазын еске алады. Ә.Ермековтің «Қазақ тілінің математика терминдері» атты түсіндірме сөздігі 1936 жылы жарық көрген. 1935 жылы КСРО Жоғары аттестациялық комиссиясы оған теориялық механика мен математикадан профессор дәрежесiн бередi.

Зұлмат жылдар жүгі

1930-1947 жж. Ермеков «ұлтшыл», «контрреволюцияшыл», «халық жауы» аталып, үш рет сотталды. 20 жылдан астам өмірін түрмелер мен саяси куғын-сүргінде өткізіп, азап шегіп, аса ауыр моральдық соққыға ұшырады. Оны білетіндердің, көз көргендердің, шәкірттерінің айтуынша, кеңес өкіметінің жазалау органдарының қудалауында ұзақ жылдар болғанына қарамастан, ол адамгершілік қасиетін, ұлтжандылық позициясын, ғалымдық, ұстаздық болмысына кір шалдырмай, сақтай білген азамат болған. Әлiмхан Ермеков 1937 жылдың күзiнен 1938 жылдың наурызына дейiн тұтқынға алынғанша Мәскеуде Куйбышев жоспарлау институтының математика кафедрасының меңгерушiсi қызметiн атқарған. Осы жылы 10 жылға сотталып, кесiлген мерзiм 6 жылға азайтылғанмен, Ұлы Отан соғысына байланысты лагерьде 1947 жылға дейiн отырады. 1948 жылы қайтадан тұтқынға алынып, 10 жылға үкiм шығады. Абақты ғұмырдан 1955 жылы босап шыққан Ә.Ермековке Қарағанды жерiнде тұру туралы шешiм шығарылып, Қарағанды политехникалық университетiнде зейнет демалысына дейін қызмет етеді.

Тектіден текті туар…

1891 жылы Қарағанды облысы Ақтоғай ауданының Беріктас деген жерінде туған. Атасы Ермек ақсақал кезінде Абайдың әкесі Құнанбаймен Меккеге қажылыққа барған. 1912 жылы Томск техникалық институтында оқыған Әлімхан алғашқы қазақтың бірі болды. 1917 жылы Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш ардақтыларымен бір ту астына бірігіп, автономия құруға атсалысты, француз, ағылшын, латын, италиян тілдерін жетік білген.
Қаныш Сәтбаевты Томск қаласына өзі жетелеп апарып, технологиялық институттың тау-кен факультетіне оқуға түсіреді. Соңынан Сұлтанмахмұт Торайғыровқа да Томскіде оқуына қолдау көрсетеді деген дерек бар.
Әлімхан Ермековтің ұрпақтары да ғылым мен білімге жақын болды. Ұлы Мағауия – минерология ғылымдарының докторы, геолог, Қазақстан Ұлттық ғылым академия­сының академигі. Немересі Олег Ермеков қазіргі таңда Ұлыбританияда тұрады екен. «Maryadi education» атты білім беру орталығының басшысы, экономика ғылымдарының докторы.

Ұрпаққа өнеге етсек…

Ә.Ермеков туралы деректі фильм­нің авторы әрі жауапты жетекшісі Назгүл Әбутұрапова қызық дерек келтіреді. «Абақтыда Ермековке де талай рет қауіп төнген. Бірақ түрме басшылары оны үнемі кейін­ге ысырып отырған. Неге десеңіз, олардың бәрі диплом алу үшін оқуы керек еді. Түрме басшылығының рұқсатымен қызметкерлерге орта мектеп көлемінде сабақ берген профессордың дәрісіне лагерьдегі офицерлер құрамы да қатысқан. Тіпті кейін «Құрметті профессор» деп атап кеткен. Бұл жайында жазылған естелік-дәптерді Ермековтің туған немересінің қолынан оқыдық» дейді ол.
Осы сұхбаттан фильмнің авторы әрі жауапты жетекшісі Назгүл Әбутұрапованың аузымен айтылған мына деректер арқаңды мұздатады. «Ермековтің ғылыми атақтары сыпырылып, оқулық-кітаптары жойылды. Ермеков атақты 58-баппен сотталып, 18 жыл түрме тауқыметін тартқан. Кейін сол Қарағанды қаласындағы Ленин көшесі, 58-үй, 58-пәтерде тұрған және үй телефонында да осы тектес сандар болған. Бұл 58-баппен сотталғанын «ұмыттырмаудың» әдемі әдісі еді. 1970 жылы тұңғыш қазақ математигі, профессор, ағартушы-ғалым, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Алаштың ақырғы ақиығы қарапайым қалпында дүниеден аттанып кетті. Қарағандылықтар оны ың-шыңсыз, көне қаланың қайдағы бір шетіндегі елеусіз жатқан христиан зиратына жерлей салыпты. Барар жолы да жоқ екен, адасып зорға таптық, сенесіз бе?» дейді ол өз әңгімесінде. Осылай дей келе, бүгінгі арзан күлкі, болымсыз сауыққа қыруар қаржы төлеп отырған еліміздегі телеарналар да осындай асыл арыстардың жанқиярлық істері, ұлтқа қызметі жайында айтып, көрсетіп отыруға құлықсыздығын келтіреді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × one =