Ұлт мұрасын ұлықтаған

0 81

Біз оқыған ЕҰУ-дың журналистика факультетінде Сұлтан Оразалы атында дәрісхана бар. Талай шәкірт сол жерден жазушы-журналистің өмір жолымен танысып, небір майталмандардың шеберлік сабақтарын тыңдап, қазақ журналис­тикасына қанат қақты. Иә, бізге сол үшін де Сұлтан Оразалы есімі ыстық. Қазақ телевизиясының тарланы Сұлтан ағамыз биыл сексеннің сеңгіріне аяқ басты. Қасиетті Шыңғыстау баурайында туып, қарт Алатаудың етегінде ержеткен қаламгердің қайраткерлік жолы өнегеге толы. Кезінде Шыңғыс Айтматов Сұлтан Оразалы туралы: «Мен әлемдік теледидардың құдіретін білемін. Сондай өнердің тұтқасын ұстап, биік мәдениетпен іс тындырып жүрген өзіңдей жігіттер көп емес» деп айтқан екен. Ұлттың беткеұстар ірі тұлғаларымен сұхбаттасып, жақын араласқан ардақты азаматтың әлі де халқына берері көп. Сұңғыла сөздің сұлтаны атанған қазақ журналис­тикасының аңыз адамымен жүздесіп, сұхбаттасқан едік.Туған топырағы әдебиетке жетеледі

– Бір сұхбатыңызда «Әуезов­пен кездескен сәтім тағдырымды шешті» депсіз. Заңғар жазушының шығармаларын жастана оқып жүріп, алғаш көрген кезде қандай әсерде болдыңыз?
– Ол ұзақ әңгіме. Бұл жайлы «Әуезовті көрген алты сәт» деген эссем бар. 1957 жылы мен Аягөз қаласында теміржол мектебінде оқып жүрдім. Ал Мұхаң сол жылы 60-қа толды. Күзді күн болатын. Мектепте белсенді оқушы болдым. Мұғалімдерім мені әдебиетке жақын болғандықтан әдебиетші болады деп күтіп жүрді. Мұхаң өзінің алпыс жылдық мерейтойын атап өтуге туған жері Абай ауданына жол тартып бара жатып, Аягөзге пойыз жарты сағат аялдайды екен. Содан мектептегілер жазушының алдынан шығатын бір топ пионер оқушыларды дайындады. Оның ішінде мен жақсы оқитын шәкірт ретінде бір-екі ауыз сөз сөйлеуім керек болды. Сонымен пойыз кешігіп келді, иін тірескен қалың халық сүйікті жазушысын күтіп жүр. Мұхаң басында жұрттың жиналғанын білмей де қалыпты. Адамның көптігі соншалық пойыз жүре алмайтындай, балалар вагондардың үстіне шығып алған. Бір уақытта бүкіл халық «Мұха, Мұхтар Әуезов» деп айғайлады. Сол кезде барып, жазушы жеңіл киіммен пойыздан шықты. Ал Мұхаң керемет толқып кетті. Көзіне жас толып «Туған елім ғой, мынау Шыңғыстау ғой. Мен осы жермен өткенде Аягөздің халқының күтіп тұрғанын білген жоқ едім. Кешігіп шыққаныма кешіріңіздер» деп тау жақты қолымен нұсқады. Сонымен райкомның бірінші хатшысы құттықтады, жаңадан пионерге өткен мектеп оқушысына галстук тақты, ішіндегі 15-ақ жастағы әдебиетші болып мен өзімше екі-үш ауыз бірнәрсе айттым. Жиналған жұртта ес қалған жоқ, абыр-сабыр. Содан кейін Мұхаңның өзі бастап, өтінішімен Абайдың әні «Айттым сәлем, Қаламқас­ты» хор болып айттық. Халық пойызды жүргізбей, Мұхаңды жібергісі келмей тұр. Ал рейс кешігіп барады. Ауылдағы ақсақалдардың Мұхаң жайлы әңгімелерін естіп, Абай романын жастайымнан оқып өскендіктен, оның сыртында атам Оразалы Мұхаңмен жақсы араласқандықтан, бұл кездесу жүрегіме қатты әсер етті.

Халық дәстүрін көгілдір экранға шығарды

– Қаршадайыңыздан қазақ телевизиясына қызмет етіп, ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін «Сұхбат», «Қымызхана», «Кездесу», «Айтыс», «Халық қазынасы» сынды бағдарламаларды дүниеге әкелдіңіз. Мұндай бастамаға не түрткі болды?
– Абай жерінде туып-өсіп дәстүріңді, ана тіліңді, туған еліңді сүймеу мүмкін емес. Бәрі өскен ортаңа байланысты. Телевизияға кереметтей жақсы көргендіктен келген жоқпын. Оқу бітіргеннен кейін жұмыс істеу, күн көру керек болды. Ол кезде баспасөз тым аз. Ал телевизия мен радио енді ғана ашылып жатты. Алдымен «Ұшқын» радиосында жастар редакциясында жұмыс істедім. Сол жерде біраз көзге көрінгеннен кейін басшылар телевизияға жіберді. Осылайша 23 жасымда телевизия жұмысына кірісіп кеттім. Жолдастарымның бәрі боламыз деп тұрған Ә.Кекілбаев, М.Мағауин, Р.Нұрғалиев сынды жігіттер еді. Барлығымыз қатар өстік. Сондықтан телевизияға келгеннен кейін «Не көрсетуіміз керек? Қалай жаңа нәрсені елден қалмай жасаймыз?» деген сұрақ қатты толғандырды. Қазақ телевизиясы 1958 жылы жаңадан құрылып жатқан, мен 1964 жылы бардым. Ол кезде телевизия туралы жазылған әдебиет те аз. Соның бәрін іздеп жүріп, Мәскеуден алдырып, журналдарды ақтаратынмын. Солай ой үстінде жүргенде Әуезовтің «Театр – көрнекті өнер. Оны жасау үшін алдымен ұлттың жанына, табиғатына жақын нәрселерді алу керек» деген сөздері есіме түсті. Ғабит Мүсірепов те: «Қыз Жібекті» жазуымның себебі, ол халықтың жүрегінде тұрған шығарма» дейді. Мен алдымыздағы ағаларымыздың айтып кеткен әңгімелерін жандандырдым, ешқайсын ойдан ойлап тапқаным жоқ. Сол кезде халқымыздың ұлттық өнері өшіп бара жатты. Қаршадайым­нан әдебиет редакциясын басқардым. 23-24 жастамын. Бүтін бір қазақ телевизиясының әдебиет және өнер бөлімінің бас редакторы деп кабинет берген. Сонда келген кейбір жазушылар «Жасың нешеде?» деп сұрайды. Өзімше үлкейтіп «Отыздамын» деймін. Телевизия өзі жас болғандықтан, біз сияқты жастарды тартты. «Айтыс» хабарын шығаруыма бөгет көп болды. Ең алдымен бағдарлама атын «Бәйге» деп өзгерттім. Басшыларға «Айтыс» деп айтқанымда шошып кетті: «Қазір енді екі ауыл айтысады да, бірін-бірі жамандайды. Ана облыстың басшысы мына облысқа ренжиді. Бұрынғыдай рулық айтыс болып кетеді» деген сияқты күдіктер көп болды. Ол кезде ЦК деген біздің әрбір сөзімізді аңдып отыр. Сол себепті ең алғаш офицерлер үйінде жасырып, сол жақтан «Бәйге» деп жасап, 1984 жыл 1-2 қаңтарда халыққа екі күн көрсеткенде мыңдаған, 4-5 сөмке хат келді. Дәстүр тақырыбын жаныма жақын болғандықтан, қазақ әдебиетін сүйіп оқығандықтан көгілдір экранға әкелдім. Одан қателескен жоқпын. Қиындықтар көп болса да, жас болғандықтан ондайға өршелене түсетінмін. «Көп болса жұмыстан шығарып жіберер» дейтінбіз. Теледидарға шығып жүргеннен кейін бүкіл халыққа танылып кеттік. Сол кезде мені қызметке шақырғандар да, ғылымға шақырғандар да болды. Бірақ менің телевизиядағы басшыларым оған рұқсат бермеді. Қазір мен балаларымды ұлтқа, халыққа жақын тәрбиелеймін. Жалғыз ұлым ауылда, әжесінің қолында өсті. Немерелерім де ауылдан шықпайды, жылына маған айтып та, айтпай да 4-5 рет ауылға барады. Елден кеткісі келмейді, кіндіктері сол жақпен байланған. Немерелерім дүниенің төрт бұрышын аралап келді. Бірақ барлығы қазақ мектебін бітірді, қазақша оқыды. Үйде ешқайсына орысша сөйлетпейтінмін. Енді қазір шөберелерім де қазақша өсіп келеді. Мінеки, алдымен ұлттық тәрбие. Үйде кішкентай балаларыма ұлттық музыкамызды, күйімізді, әнімізді қойып қоямыз. Балалардың құлағына сіңе береді. Ол да – дәстүр. Ал қазақтың әні мен күйі жанына сіңбей ол қазақ бола алмайды. Өзім де шығармашылықта сол құндылықтарды пайдаландым.

Жылтыраққа әуес болып кеттік

– Қазір адамдардың көбі теледидар көрмей кетті ғой. Қазақ телевизиясының бүгініне көңіліңіз тола ма? Келешегінен не күтесіз?
– Телевизия деген – өте үлкен кеңістік. Бір хабардың айналасында жүздеген адам жұмыс істейді. Сондықтан бәрін бір сөзбен нашар немесе керемет деп айта алмаймын. Өйткені әрбір бағдарламаның өздеріне ғана тән мақсаттары бар. Бірақ барлығына ортақ бір кемшілік бар. Біз жеңіл-желпі жылтыраққа әуес болып кеттік. Менің таңқалатыным, қазір телевизиялық хабарлардың мазмұнына көңіл бөлінбейді. «Осы не айтып отыр? Мынау кімге керек?» деген сүзгі жоқ. Сырты жылтырап тұрса болды хабар шығара береді. Екіншіден, тележурналистердің біліміне көңілім толмайды. Жастар аз ізденеді. Білім әртүрлі саладан келсе де, негізгі білім – кітапта. Кітапты көп оқымай адам өспейді. Өкінішке қарай, жас ұрпақ кітап оқымайды. Осы жағдай менің жаныма батады. Сондықтан да шығар, телевизияда білімнің саяздығы байқалып тұрады. Қазір техникалық әлеует жағынан телевизияда мүмкіндіктер ұшан-теңіз. Жақсы болсын, жаман болсын сол журналистердің көбінің білімі жоғары. Ал бірақ нәтижесі көңіл көншітпейді. Өнерге айтары бар, зерттеуші адамдар керек. Ал айтарың болмаса экранға не үшін шығасың? Әр ұрпақ өз бейнесін телеэкранға әкеледі. Ана кездегіден мына кез жақсы еді деп салыстыру пендешілік болар. Әр заманның өз мықтылары болады. Алпысыншы-сексенінші жылдар – біздің бейнеміз. Сол тұста халықтың жүрегіне жақын небір хабар дүниеге келді. «Сұхбат» сияқты хабар бүкіл Совет телевизиясында болған жоқ. Тек он жылдан кейін Эстон телеарнасының журналисі Урмас Отт «Телевизионное знакомство» деп менің хабарымның көшірмесін жасады. Біз сол бағдарламаларды жүргізуді мамандық санамайтынбыз. Қазір жүргізуші дегенді жазушы сияқты айтатын болды. Елдің бәрі экранға шығып сөйлей алмайтын. Камераны қойса біздің замандастарымыздың көбінің тілі байланып қалатын. Ал мен болсам, шалдардың алдында кітап оқып үйренгендікі ме телевизияға бірден кіріп кеттім. Кейде бір күнде ауыл шаруашылығынан, әдебиеттен, музыкадан тікелей эфир жүргізетінмін. Келе келе барып мамандандым. Қазақ өнері телевизия үшін жаралған. Менің «Айтысты» әкелгенім де сондықтан. Айтыс арқылы біз әлем телевизиясының ешбіріне ұқсамайтын хабар әкелдік. Терме де, жыраулық өнер де, қымызханада барлығы экранға сұранып тұрды. Қымызхананы да бала күнімде ауылда көріп өстім. Шынайы өмірдегі бар нәрселерді экранға әкелу және оны көркемдеп беру жаңа өнердің бағын ашады. Ал қазіргі жастарымыздың көбі қалада өскен. Көп нәрсені білмегендіктен, жаңалық айта алмайды. Бірақ осы буынның да ішінен топты жарып Нұртілеу мен Бейсен сияқты мықтылар шығар.

Тұлғаларды танытсақ

– Жұрт сізді қарымды қаламгер ретінде де таниды? Не жазып жүрсіз, нені жазбақшысыз?
– Қазір көбіне эсселер жазып жүрмін. Өмірде көптеген ұлы тұлғаларымызбен сұхбаттастым, жүздестім. Солардың ішінен жазбағандарым көп екен. Қарыздар сияқтымын. Міне, жақында ғана жазған Ғабит Мүсірепов туралы хабарым дайын болып, қолыма келді. Бұл кісілер жайлы көзін көрген біз жазбасақ, кім жазады? Архивтен Ғабеңнің барлық қолжазбаларын әкеліп қойдым. Алдағы уақытта сол кісі жайлы көлемді шығарма жазсам ба деймін. Ғабең туралы баспаға бермеген 4-5 мақалам да тұр. Бұл кісінің тағдыры қызық. Жолы ауыр жазушы. Ұлы тұлға. Сосын замандастарым жайлы, дүниежүзінің көп қаламгерлерімен жолыққанда олардың халқымыз, әдебиетіміз жайлы айтқандарын болашаққа қалдыруым керек.
– Жеке архивіңіз сөйлесе не айтар еді?
– Ғабит Мүсірепов «Кітабымның өзі 500-ақ бет. Бірақ қолыммен жазып жинаған материалым мың беттен асып кетті» дейді. Жазушы деген сол. Ғабит туралы мен ондаған жылдан бері жинап келемін. Бірақ әлі толық емес. Адамның жасы келген сайын тәжірибесі мен білімі көбейеді, соған сай талғамы да артады екен. Жас кезде бәрін жазып тастайсың. Жылдар өткеннен кейін қарасаң, әншейін дүние. Сондықтан өзіңе қоятын талғам мен талабың да көбейеді. Жоқтан өзгені кітап қылып шығара беруге келмейді. Жиған архивтерім көп. 7 том мақалалар мен сценарийлер жинағым баспада жатыр. Министрлік қолдаса, биыл шығып та қалар. Ішіне он шақты фильм кіргіздім. Көбі портреттік, нағыз деректер айтылған. Телевизияда жүріп қаншама хабар жасадым. Әуезовті көрген адамдармен де, ірі тұлғалармен де сұхбаттастым. Бірақ, солардың тең жартысы өкінішке қарай, архивте сақталмады. Осы уақытқа дейін 21 кітап, басылымдарда 200-ге жуық мақалалар, телерадиосценарийлер, 15 телепьеса, 14 деректі фильм және оншақты телехабар жасаппын.

Ой еңбегі бағаланбай келеді

– Осыншама еңбектің авторысыз. Кезінде авторлық құқық комитетін де басқардыңыз. Авторлардың құқығы тиісті деңгейде қорғалып жүр ме?
– Авторлық құқыққа байланысты заңды соңғы рет мен өткізіп кетіппін. Осы істің айналасында жүрген көп жігіттер авторлық құқықты өз пайдаларына да асырмақ болды. Сол кезде «Бізбенен өмір бітпейді. Болашақ ұрпақ бар» деп сол заңды шығарттым. Ол туралы да бір кітап жазыппын. Одан кейін де оншақты жыл өтіпті. Қазір олардың не істеп жатқанын білмеймін. Бірақ әлемдегі құқығы қорғалмайтын ең сор­лы авторлар бізбіз. Мысалы, мен отыз жылдан бері соқыр тиын қаламақы алғам жоқ. Қаншама кітаптарым, жүздеген мақалаларым шықты. Керісінше өз қаржыммен шығарып келемін. Дүние жүзінде жазушысын сыйламаған елдің не болатынын білмеймін. Біз сондай күйге ұшырап отырмыз. Сондықтан Қазақстан бұл мәселеде өте ұятты, қиын жағдайда отыр. Басшыларға талай айтылды. Анау патша заманында қаламақы керемет төленген. Пушкиннің «Евгений Онегинге» алғаны қазіргі ақшамен есептегенде пәленбай миллион рубль екен. Қазір ондай ақшаны ешкім алмайды. Кеңес заманында жазушылар шығармашылықпен күн көрді. Шығарған бір кітабының ақшасы 2-3 жылға жететін. Үйді де, көлікті де қаламақысынан алатын. Авторын қанап отыр­ған елде отырмыз. Өте ауыр жағдай. Авторлық құқықтан Женева конвенциясына, басқа да ұйымдарға кірдік. Шетелдерде де талай баяндама жасап қорғаймыз деп айттық. Бірақ мұның бәрі бос сөз болды. Отыз жылдан бері талай рет осы проблема көтерілсе де, мемлекет тарапынан көңіл бөлінген жоқ. Неге қазақ әдебиетінде бұрынғыдай жөнді туындылар болмай жатыр? Себебі жазушылардың көбі шығармашылықпен алаңсыз айналыса алмайды. Былтырдан бері көрнекті көп жазушыларымыздың қатары сиреп кетті. Оларға деген құрмет жоқ. Қазір шығармашылық адамын ешкім сыйламайды. Біз тәуелсіздік деп осы үшін күрестік пе? Қандай қиын кезде де жұрт шығармашылық адамын сыйлаған. Өйткені ол – халықтың рухы, көзі, құлағы, айтары. Авторлық құқық деген – соны қорғайтын дүниежүзілік мекеме. Америкада бір ғана әнмен миллионер болғандар бар. 15 секунд музыкасы бір жерде ойнаса болды авторға қаржы аударады. Бәрі компьютерде тұр. Автор өзі ешкімнен сұрап жүрмейді. Сексенге келсек те осылай артымызда қалса екен деп өзіміз жазып жүрміз. Міне, біздікі нағыз таза өнерді сүйгендіктен шығып жатқан дүние. Мемлекеттік тұрғыда шығармашылық жеткілікті бағаланбайды. Жазушылардың қадірі кетті. Эпидемияның кезінде жазушыларымыздың дүниеден озып жатқанын білмейтін болдық. Соңғы фильмімнің ішінде Ғабитті қалай шығарып салғаны жайлы бар. Ал қазір қай жазушыны шығарып салып жатыр. Басына бір басшы барып сөз айтпайды. Бұл сыйластықтың жоқ екені емес пе? Жақсысын сыйлай білмей, шын таланттарды бағаламай ел болмаймыз. Осы жерде жүріп Димашты, Төлешованы, Максимды, Грэмми алған баланы да өз елімізде бағалай алмадық. Өйткені біздің елде өнер танитын, бағалайтын адам аз.
– Ашық әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Көктем ҚАРҚЫН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

13 − 3 =