Ұлт ертеңі бұлыңғыр болмасын

0 58

Карантин жағдайында жазушылар қауымы немен айналысып жатқанын білмек оймен балалар жазушысы Толымбек ӘБДІРАЙЫММЕН сұхбат құрдық.– Толымбек аға, көптеген қаламгерлер алғашқы қадамын балалар әдебиетінен бастайды да, кейін үлкен прозаға немесе басқа жанрға ауысып жатады. Сізде өзге қаламдастарыңыз секілді «ат ауыстыру» туралы ой болған жоқ па?
– «Оқсыз мылтық» деген балаларға арналған әңгімемді 15 жасымда жазыппын. Бірақ ол кезде оны бағалауға өрем де, білімім де жетпеген сияқты. Сосын ешкімге көрсеткен жоқпын. Он бес жылдан ке­йін Алматыға келгенімде оны «Ұлан» газетіне ұсындым. Сөйтіп бір үтір, бір нүктесіне қол тимей, қаз-қалпында жарияланды. Ойлап отырсам, сол оқушы кезімде-ақ менің көркем шығарма жазуға қабілетім болған екен.
1980 жылдары «Балдырған» журналында жауапты хатшы болып істейтін талантты ақын, марқұм Бейсебай Кірісбайұлы досымның өтінішімен балаларға арнап мөлтек әңгімелер жаза бастадым. Көп ұзамай осы журналда «Жолашар» деген айдармен «Кіндік шеше» деген әңгімем жарияланды. Содан бергі отыз жылдан астам уақыт аралығында бір ғана «Балдырған» журналында жетпістен астам әңгімелерім мен ертегілерім жарық көрген екен. Ана бір жылдары «балаларға арналған біраз шығарма жазыппын. Аллаға шүкір, осымен доғарайын, үлкендерге арналған дүниелерімді қолға алайын» деп өзімше тон пішіп, толғанып жүргем.
– Содан?
– Бірде «Жалқаулыққа кім үйір?» деген кітабымды белгілі жазушы Әлібек Асқаровқа сыйлап едім, Әлекең табан астында: «Толымбек, сен балалар әдебиетін тастап кетпе, аяғына жеткіз, үлкен дүниелер жаз» деді құдды ойымды оқып қойғандай. Содан балдырғандарға адалдығымнан айнымай жүрмін. Бала атаулы ойын­құмар, қиялшыл. Олардың жан-дүниесі ақ парақтай таза, сөздері адал, тіпті қулықтары мен өкпе-реніштері де қуаныш пен шаттықтан тұрады.
Жас күнімнен еліктегіш, сезімтал болып өстім. Хат танығаннан бастап қазақ ертегілері мен батырлар жырын құныға оқыдым. Әрі туған жерімнің көркем табиғаты қаламгер болуыма әсер етті деп ойлаймын. Балалар әдебиетінде трагедия болмауы керек, өйткені баланың жаны жақсылықты, үйлесімділікті қалап тұрады. Балалар, әсіресе, бастауышта және орта сыныпқа келгенде әңгіме, ертегілерді өте қызығып оқиды. Бұл олардың жас ерекшеліктеріне де байланысты деп ойлаймын.
– Қазір балалар әдебие­тінің дамуына үлес қосқан ақын-жазушылардың есімі көп айтылмайды. Сол қаламгерлер ұмытылып бара жатқан жоқ па?
– Дұрыс айтасыз. Қазақ көркем сөз өнерінде балалар әдебиеті үлкен бір арнаға айналған. Оның басында Сапарғали Бегалин, Өтебай Тұрманжанов, Бердібек Соқпақ­баев, Мағзом Тиесов, Нәсіреддин Серәлиев, Мұхамеджан Етекбаев, Танаш Дәуренбеков, Сейітжан Омаров, Қабдікәрім Ыдырысов, Құрманбай Толыбаев, Қабыш Жәркенов, Әнуарбек Дүйсенбиев, Ермек Өтетілеуов, Марат Қабанбаев секілді әдебие­тіміздің айтулы өкілдері тұр. Осы айтылған ақын-жазушылардың туындылары, шын мәнінде, әдебиетке үлкен олжа салған үздік дүниелер. Бүгінгі балалар аға буынның сол шығармаларын оқуы керек.
– Жеткіншектерге қалам тартып жүрген жазушы ретінде еліміздегі балалар әдебиетінің дамуы қай деңгейде деп ойлайсыз?
– Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы қиыншылық жылдары әдебиет сәл де болса тоқырады. Бірақ тоқырау дегеніміз мүлдем тоқтап қалды деген сөз емес. Озық техника мен технологияны, ғаламторды жақсы меңгерген жас оқыр­манды тартатын, жақсы шығармалар жазуға деген ізденіс, жаңа форма керек сияқты. «Дарабоз», «Балауса» сияқты балалардың үздік шығармаларына арналған әдеби байқаулар болушы еді. «Балауса» тоқтады, «Дарабоз­дың» соңы сұйылып барады. Жалпы, әдеби байқаулардың нәтижесінде үздік шығармалар жазылады, жаңа есімдер танылады.
Ата-аналардың өздері кітап оқуды әдетке айналдыруы керек. Сонда балалар да кітап оқуға бет бұрады. Қажет болса, балаларды кітап оқытуға мәжбүрлеу керек. Дени ­Дидроның: «Адам кітап оқуды тоқтатқан кезде, ойлауды да тоқтатады» деген сөзі бар ғой. Бұл афоризм балаларға да бағытталғандай. Оқушыны кітапсыз, кітапты оқушысыз көзге елестетудің өзі қиын. Қазақ тіліндегі әдеби кітаптар – ана тілін үйренудің үлкен мектебі! Қазір балалар әдебиеті даму үстінде.
– Жеткіншектер туралы жазып жүрген кейінгі жас толқынға көңіліңіз тола ма?
– Балалар жазушылары қартайды дегелі біраз уақыт өтті. Ол сөздің жаны бар. Бірақ соңғы жылдары әде­биетке келген бір топ жастың арасынан жүзден жүйрік балалар қаламгері шығары сөзсіз.
– Елімізде шығып жатқан балалар кітабының бе­зендіруі де көңілден шыға бермейді. Баланың көзі алдымен қызықты, көркем дүниеге түседі. Мысалы, шетелдік жасөспірімдерге арналған жинақтар жұтынып тұрады. Оны бала емес, өзіміз де сатып алғымыз келеді. Осылай жарқыратып шығаруға не кедергі?
– Кітап дүкендеріне жиі барып жүрем, сонда байқағаным, Ресейден шығатын балаларға арналған кітаптар көп және безендірілуі керемет! Өзің айтқандай, үлкендердің өзі қызығады. Сөзім дәлелді болуы үшін орыс тілінде жарық көрген, балаларға арналған кітаптардан нақты дәлел келтірейін. Николай Носовтың «Мишкина каша» (Мәскеу, «Оникс» баспасы, 2018 ж.), Виктор Драгунскийдың «Профессор кислых щей» (Мәскеу, «Эксмо» баспасы, 2017 ж.), Татьяна Александрованың «Домовенок Кузька» (Мәскеу, «Росмэн» баспасы, 2016 ж.), т. б. кітаптар өте жақсы безендірілген. Қалай қызықпасын балалар?! ­Сыртқы мұқабасына қарап-ақ көңіліңіз толады.
Біздің елдегі балаларға арналған кітаптарды көріп қарныңыз ашады. Дей тұрғанмен ауызды құрғақ шөппен сүрте бермейік. «Алматы кітап», «Атамұра», «Фолиант», «Аруна», «Балалар әдебиеті» ­сияқты баспалар әдемі безендірілген азды-көпті кітаптар шығаруда. Бірақ бағасы удай, мұндай кітаптарды екінің бірі сатып ала алмайды. Балаларға арналған кітаптар аса қымбат болмауы керек. Бүлдіршіндерге арналған кітаптың сыртқы мұқабасынан бастап қарпіне дейін әдемі, сапалы болуы тиіс.
– Осы орайда Қазақстан Жазушылар одағы да қарап жатпаған шығар…
– Балаларға арналған жақсы кітап шығару мәселесі – Қазақстан Жазушылар одағының үнемі назарында. Осыдан 11 жыл бұрын «Балалар әдебиеті – ұлт ертеңі» деген тақырыпта үлкен пленум өтті. Мүйізі қарағайдай, атақты ақын-жазушылар мен ғалымдар қадау-қадау, келелі пікір-ұсыныс айтты. Нәтижесі қане?! Нәтижесі болса, еліміздегі кітап дүкендерінде, балаларға арналған кітаптар қаптап тұрар еді ғой. Шерағаң айтқандай, бұл-дағы «Бір кем дүние…».
Мемлекеттік тапсырыс дегеніміз – кітапты өлтіру! Тиісті министрліктің бағдарламасы бойынша 3-5 мың таралыммен шығарылып жатқанмен, ол кітаптар облыстық, аудандық, қалалық кітапханаларға ғана таратылады, кітап дүкендеріне түспейді. Ал балалардың бәрі кітапханаға бара бермейді ғой. Кітап шығаратын тиісті министрлік таралым данасын көбейтіп, 50 пайызын сатуға шығарғаны жөн деп ойлаймын. Бұл мәселені баспалардың өздері де шешуге болады. Олар дайын қаржыны алып, одан арғыға бастарын ауыртқысы келмейді.
Жуырда Қазақстан Жазу­шылар одағында басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Жақыптың төрағалығымен балалар әдебиеті кеңесінің кезекті мәжілісі өтіп, кітап шығаруға байланысты тиісті министрлік жариялайтын тендерді балалар әдебиетінің кітаптары үшін бөлек жариялау қажеттігін, бүлдіршіндерге арналған кітаптардың безендірілуі жақсы болу керектігін айрықша атап айтты. Сең қозғалған сияқты, нәтижесін күтейік.
– Сіз көбінесе шағын жанр­ға қалам тербеп жүрсіз. Кейінгі жылдары балалар өміріне арналған көлемді шығарма сирек жазылады. Алдағы уақытта осындай сүйекті дүние жазу ойыңыз­да жоқ па?
– Жоғарыда өзіміз аты-жөндерін атаған балалар жазушыларының жақсы туындылары көп. Солардың ішінде ауызға бірінші болып ілінетіні – «Менің атым Қожа». Бердібек Соқпақбаевтың бұл повесі, сөз жоқ, классикалық шығарма! Әрі осы хикаят негізінде тамаша кинофильм бар. Музыкасы қандай! Кино түсірілген жердің табиғаты қандай! Повестің жазылғанына жарты ғасыр өткенмен әлі оқылады, киносын 21-ғасырдың балалары әлі тамашалайды. Неге? Өйткені аталмыш хикаятта ақиқат бар, ізгілік бар. Қожаның образы айқара ашылған. Сенесіз, иланасыз, армандайсыз.
Мен 1991-92 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінің өнер бөлімінде қызмет істедім. Бөлім материалдарына қазақтың көрнекті жазушысы Оралхан Бөкей қол қоятын. Орағаңның сыртқы пошымы кісі киіктеу, паң көрінгенмен, жүрегі жұмсақ, адамгершілігі зор азамат еді. Кейде кабинетіне барғанда шабыттанып, арқаланып ағыл-тегіл әңгіме тиегін ағытатын. Бірде Орағаң: «Адам баласы үлкен істерді үндемей тындырар болар» деп айтып еді. Сол сөз әлі есімде. Орағаң айтқандай, балаларға арналған көлемді шығарма жазуға іштей дайындалып жүрмін. Кілті табылған сияқты. Іске асуы, әуелі Алла, одан соң уақыт еншісінде.
– Әңгімеңізге рақмет!

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fifteen + six =