ҮЛКЕНДЕРДІ ҮЛГІ ЕТТІ

0 249

БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімімен белгіленген Халықаралық қарттар күні ең алдымен Еуропада, кейін Америкада,­ тек өткен ғасырдың 90-жылдарының аяғына таман ғана бүкіл әлемде тойлана бастаған екен. Айтулы мереке,­ әсіресе, Скандинавияда ерекше­ тойланатын көрінеді. Біздің елімізде де соңғы жылдары бұл мереке кеңінен аталып өтілуде. Сондай игі шараның бірі сенбі күні Астанадағы «Атамекен»­ Қазақстан Картасы» этномемориалдық кешенінде ұйымдастырылды.Әр халықтың бойында ықылым заманнан бері қалыптасып, оны өзгелерден даралап тұратын, тек өзіне ғана тән қасиеттері болатынын ескерсек, қазақ халқының осындай ерекшеліктерінің бірі – үлкенді сыйлау, оның сөзіне құлақ асу. Осындай игі дәстүрлерімізді дәріптеп, насихаттау мақсатында Халықаралық қарттар күніне орайластырылып өткізілген шараға жас экскурсия жүргізушілерінің әке-шешелері мен ата-әжелері қатысты. Олардың арасында Сайраш Әбішева, Мира Жоламанқызы, Бану Жүсіпова, Кәмила Қабекқызы және т.б. болды.
Елбасымыз: «Ардагерлер – біздің алтын қорымыз, мақтанышымыз. Олар еліміздің ертеңі үшін қан төкті, туған өлкеміздің игілігіне адал еңбек етті. Сондықтан біз олардың еңбектерін әрқашан да ұмытпай бағалап, ардагерлерге ілтипат, құрметпен қатар тұрмыстық-әлеуметтік қамқорлық көрсетуіміз керек» деген болатын. Осыны ескере келе, шара барысында «Атамекен» Қазақстан картасы» этномемориалды кешенінің басшысы Үмітхан Мұңалбаева ел мүддесін бәрінен биік қойып, ізінен ерген інілеріне ізеттігін аямайтын, ұрпағына ұлылығын ұялатып, бір қауымға бас-көз бола білген қарттарды мерекелерімен құттықтап, ізгі ниетін білдірді. «Бірінші қазан – бұл егде жастағы адамдарға құрмет көрсету мен оларды құттықтаудың тамаша үлгісін паш ететін мереке. Бұл – Сіздердің күндеріңіз! Сондықтан осы күні Сіздерге, құрметті біздің қариялар, денсаулық, көтеріңкі көңіл-күй, қуанышты сәттер тілеймін! Жастарға білгендеріңізді үйретіп, үлгі-өнеге көрсеткендеріңіз бен қиын кезеңдерде қасымыздан табылғандарыңыз үшін сіздерге мың алғыс» деді ол.
«Қарттарын қадірлеген ел ардақты» атты мерекелік шараның екінші бөлімі «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» деп аталды. Онда біз қазақ қарты жасына лайық аузы дуалы, сөзі берекелі, ісі тыңғылықты, ойы терең, ақылы телегей теңіз болып келетініне тағы да көз жеткіздік. Мерекелік шараның «Мен – атам мен әжемнің жалғасымын» бөлімінде балалар ақылдың кенін арқалаған аталар мен ақ жаулықты аналарға ән мен жырдан шашу шашып, би билеп, жұмбақ жасырып, өнерлерін көрсетті.
«Атам менің әманда, Әдепті жан бол деген. Атам сөзі санамда, Жасы үлкенге жол берем». Оқушылар ата-әжелерінен үйренгендерін, көңілдеріне түйгендерін жасырмай осылайша ортаға салды. Үлкендер де өз кезегінде кездескен адамға қол созып, сәлем беру, кісі алдынан кесе көлденең өтпеу секілді адамгершілік қағидалар туралы әңгімеледі.
Кеш көрігін Г.Нағашыбек пен А.Әуезхан, А.Хазиев, А.Бестерек, М.Болатбекұлының орындауындағы әсем әндер, Г.Төлегенованың орындауындағы «Көңіл» күйі қыздыра түсті. Шара соңында шақырылған қонақтар өздеріне жайылған дастарханнан дәм татып, көтеріңкі көңіл-күймен үйлеріне тарқасты.
Адамзаттың асылы, ардақты пайғам­ба­ры­мыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өзінің хадисінде: «Үлкендерін құрметтемеген, кішілерге мейірім етпеген адам бізден емес» деген екен. Ендеше, әр мұсылман баласы қазыналы қарттарды қамқорлығына алып, қарияларға деген құрмет пен ата-анаға деген сыйластықтан аянып қалмағаны жөн.
Қарты бар ел – қазыналы ел. Олай болса, жүздерін әжім басқан қарттарымыздың көңілдеріне қаяу түспесе екен.

                                                                                                                                                                                                                     Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ  

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × 1 =