Үлкен мектеп

0 68

Бұрынғы «Ақмола ақиқаты», бүгінгі «Астана ақшамы» газетінің тұңғыш редакторы Кенже Жұмағұлов менің де тұңғыш редакторым. Аталмыш газеттің алғашқы кездердегі тарихы осы кісімен астасып жатыр. Сондықтан естелік әңгімемді мен де сол кісі жайында өрбітпекпін. Кенжекеңнің бойында азаматтық пен адалдық таразы басын теңестіреді. Бұған өз басым талай рет куә болғанмын. Дәлел боларлық бір-ақ мысал келтірейін.

Курстасым Амангелді Қияс екеу­мізді 1995 жылы 5-курста оқып жүргенімізде «Ақмола ақиқаты» газетіне жұмысқа қабылдады. Ал арада бір жыл өткенде екеуміз де әскерге аттандық. Бастапқыда бірге бір күнде кетпек ниетіміз болған. Бірақ бұл ойы­мыз жүзеге аспады. Қалалық әскери комиссариаттан сүрінбей өткенімізбен, облыстық комиссия курстасымды кейінгі шақырылымға қалдырды. Сонымен, армияға өзім жалғыз аттанып кете бардым. Ал араға бір ай салып Амангелді де әскер қатарына алынды. Әскерге ерте кеткен мен елге де ерте келдім. Алдымен ауылға ат басын тіреп, артынша бір кездегі Целиноград қаласына қайта оралдым. Редакцияға келсем, менің орнымда үлкендеу бір кісі жұмыс істеп жүр екен. Бейтаныс. Менің редакцияға бас сұққанымды естіген бойда Кенжекең хатшы қыз арқылы қабылдауына шақыртты. Кабинетіне кіргенім сол еді, «Қалайсың, бауырым?!» деп құшағына қысты. Несін жасырайын, оның жайдары жүзін көргенде әкем тіріліп келгендей қуандым. Бір кезде мені қасына отыр­ғызды да, әскер жайлы әңгімелеуді сұрады. Көңілім көтеріңкі болғандықтан шығар, әйтеуір бір көсілгенде бірталай жерге барып қалдым. Бас­тығым тапжылмай отырып тыңдады. Содан соң менің мәселеме қарай ойысты. Алдымен «Ерлібай, бүгінде сенің орныңда тәжірибелі журналист кісі жұмыс істеп жатыр» деп сөзін бастады да, біраз кідіріп қалды. Сол мезет ойым сан-саққа жүгірді. Тіпті көкейіме «Жұмыссыз қалатын болдым ғой» деген ой да сап ете қалды. Ал Кенжекең «Қазір сол кісімен сені таныстырамын» дегенде, пенде көңілім тіпті құлазып кетті.
Кейін белгілі болғандай, мен үшін бейтаныс саналған әлгі кісі редактордың курстасы екен. Есімі – Базарбек. Менімен танысқан кезде ол кісі «Кенжеден сен жайлы көп естігенмін. Көргеніме өте қуаныштымын» деп жайдары мінез танытты. «Қош келдің» деп қолымнан қысып та қойды. Аз-маз таныстықтан соң, курстастар кабинетте жеке қалды да, ал мен редакциядағы әріптес­терімді жағалап кеттім. Бір уақытта қасыма әлгі танысқан кісім келді де «Сенің орныңда бір жыл жұмыс істедім. Осы қызметтің нанын жедім. Сол үшін саған рақмет» деп қолымнан тағы қысты. Журналистік жолыма сәттілік тіледі.
Міне, менің тұңғыш редакторымның тұла-бойына тұнған азаматтық, адалдық келбеті осындай. Түрлі желеуді алға тартып, мені жұмысқа қабылдамаудың амалын қарастырса, оған қарсы тұра алмайтын едім. Алайда ол кісі ондай олқы әрекетке барған жоқ. Редакцияға келген күннің ертесінде жұмысқа қабылдау туралы бұйрығын шығарып, әріптес­терімнің қатарына қосты.
Ал Амангелді курстасым әскерден менімен салыстырғанда бір айға кешігіп келді. Алдымен қалаға табан тіреген ол жұмысқа орналасуға мен секілді асыға қойған жоқ. Өзінің туған ауылына кетіп, араға біраз уақытты салып бір-ақ келді. Ол кезде редакцияда бірталай өзгеріс болған. Кенжекеңнің орнын Жұмагүл Саухат деген кісі алмас­тырды. Осы кісі алғаш қызмет ете бастаған тұста өкпеме су жиналып, сырқаттандым. Дертім күн санап дендеген соң, ем-домды елге барып қабылдауға шешім қабылдадым да, жұмыстан өз еркіммен шығып кеттім.
Сонымен, Амангелді де мен секілді өзінің заңды орнына орналасу ниетінде редакцияға келеді ғой. Жаңа редактор оған «Мен сені бірден жұмысқа ала алмаймын. Сен өзіңді дәлелдеуің керек» деген талабын айтады. Сөйтіп, біраз уақыт оны сырттай сынақтан өткізеді. Бірінші Құдай, екінші бойындағы қабілет-қарымының арқасында курстасым сыннан сүрінбей өткен.
«Бірді айтып, екіге кетті ғой» деп сөге көрмеңіздер. Салыстырмалы түрде айтып отырғаным. Өз басым Кенже ағаның сол кездегі азаматтығы мен адалдығына әлі күнге тәнтімін. Амангелдінің басына түскен жағдай маған түссе, сол кездерде-ақ бүгінгі астанадан безіп кетер ме едім. Бір ай бойы тиын-тебенсіз сабылудан Құдай мені сақтаған екен.

Ерлібай ӨЗБЕКБАЙҰЛЫ,
«Сарбаз» газеті мен
«Айбын» журналында қазақ

редакциясының жетекшісі

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × four =