«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Үлескерлік құрылыс: Әркім тиісілі пәтерін алады

0 135

Өткен аптада елорда әкімі Алтай Көлгінов Nur Otan партиясының, өкілетті биліктің өкілдерімен бірге құрылысы ұзаққа созылып кеткен «Жеті жол», «Айсанам De Luxe» тұрғын үй кешендерін аралап, мердігерлермен және үлескерлермен кездесті.

Мұның алдында әкім «са­қалды» құрылыс нысандарын аралап жүргенде: «Әр апта сайын бір-екі проблемалы көппәтерлі тұрғын үйлерді аралап тұрамын. Жоспарлы кесте түзілді. Құрылыстың аяқталу процесін және созылып кеткен үлескерлер мәселесінің түбегейлі шешімін табуды бақылауда ұстаймын» деген болатын. Ол жолы жалпы аумағы 1760280 шаршы метр 330 пәтерге есептелген «Гарант» КТК нысанында болған. Оның құрылысын «Азбука жилья» компаниясының тобы 2011 жылы бастап, ке­йін құрылысты аяқтау үшін 2016 жылы нысанды «Орда Инжиниринг» ЖШС-ке өткізген. Үлескерлердің жалпы саны – 168 адам. Нысанды 2020 жылдың сәуір айында пайдалануға беру жоспарланып отырғаны айтылған.
Сондай-ақ әкім Шұбар тұрғын алабының Қалқаман және Наркескен көшелерінің қиылысында орналасқан «Комфорт de Luxe» ТК құрылыс алаңында болған. Жалпы ауданы 1573450 шаршы метр 216 пәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысы 2012 жылы басталған. Бұл нысан бо­йынша үлескерлердің жалпы саны – 227 адам. Құрылыс 2019 жылдың желтоқсанында аяқталуы тиіс.
Бұл жолы Алтай Көлгінов Н.Тілендиев, 40/1 даңғылы бойындағы «Жеті жол» КТК құрылысының алаңына барды. Нысанды 2013 жылы «Азбука жилья» компаниясының тобы тұрғыза бастаған. Ке­йінірек тұрғын үй кешенін салу «Орда Инжиниринг» ЖШС-ке берілді. Үй 2020 жылдың маусым айын­да пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Жалпы ауданы 4040276 шаршы метр болатын кешеннің 944 пәтері 595 үлескерге тиесілі.
Әкім сондай-ақ Мәңгілік ел мен Керей, Жәнібек хандар даңғылдарының қиылысында орналасқан «Айсанам De Luxe» ТК құрылысының барысымен танысты. Нысанды салуды 2014 жылдың мамыр айында дәл сол «Азбука жилья» компаниясы бастаған еді. Жалпы ауданы 3307489 шаршы метр болатын тұрғын үй кешенінің 386 пәтері үлескерлерге сатылды, олардың саны 465 адамды құрайды. Олар келесі жылы өз пәтерлеріне кіре алады деп белгіленген. Ал шын мәнінде олай болмай шықты. «Әрбір проблемалық тұрғын үй жеке қаралады және олар кезең-кезеңімен шешіледі. Қаржы бөлінді, енді құрылысшылар бұған жауапты қарауы тиіс. Құрылысқа қоғамдық, партиялық және мемлекеттік бақылау қоямыз» деді әкім үлескерлермен кездесуде. Үлескерлер үкіметтің проблемалы құрылыстарға барынша назар бөліп отыр­ғанына, әкімнің іске бел шешіп кіріскеніне риза болып, алғыстарын айтты.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жыл басынан бері түйткіл тудырған 62 нысан болған екен, соның басым бөлігінің мәселелері шешіліпті. Қазір ерекше бақылауда тұрғаны – 22. Бұл нысандар бойынша негізгі жұмыстарды «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС жүргізеді. Аталған нысандар «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасына енгізіліп, оларға 40 млрд теңге қарастырылған. Жалпы, проблемалы тұрғын үй кешендерінің құрылыстарын аяқтау Жол картасының жоспарында бекітілген.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды