Үлескерлер үміті ақталған жыл

0 37

Үлестік құрылыс – бас қаламыздағы қордаланған мәселелердің бірі. Көп уақыттан бері оң шешімін таппай келе жатқан бұл мәселенің түйіні Алтай Көлгінов әкім болғалы оң шешіле бастады. Құрылысы тоқтап қалған нысандардың жұмысын қайта жандандырған әкім биыл 8 мың үлескердің пәтер кілтін алуына мүмкіндік жасап отыр. 2019 жылдың басында қалада проблемалы 52 үлескерлік үй бар еді. Алтай Көлгінов 1,5 ай ішінде олардың бәрін аралап, жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты, кейбіреулерінде тіпті қайта айналып соғуға тура келді. Негізгі түйткіл – құрылыс компанияларының шартта көрсетілген мерзімді сақтамауы, пәтер құжаттарының жоқтығы, кейбіреулерінің үсті-үстіне екі-үш қайтара сатылуы, құрылыс сапасының, инженерлік тораптардың тиісті деңгейде болмауы, материалдардың қолды болып кетуі, тұрғындардың күнделікті тұрмысында қажетті паркинг, балалар алаңы және спорт алаңқайларының ескерілмеуі, тағысын тағылар.
Мәселен, қала әкімі Алтай Көлгінов кеше таңертең қаладағы бірқатар құрылыс нысандарын аралады. Аралау барысында құрылысы ұзаққа созылған бірқатар тұрғын үйдің құрылысымен танысып, оларға сапаға мән берумен қатар, уақытты да ұтымды пайдалану жөнінде тапсырмалар берді.Әкімнің тікелей тапсырмасымен «Загреб» тұрғын үй кешенінде инвестор анықталып, көппәтерлі үй салу жұмыстарына кірісіп кетті. Сонымен қатар, әкім құрылысы ұзаққа созылған үйлер инвесторларға тартымды болу үшін қосымша жер учаскесі бөлінетінін жеткізді. «Өткен жылы 10 үй салынып, пайдалануға берілсе, биыл пайдануға берілетін үй саны одан екі есе көп. 8 мың үлескер пәтер кілтін алып, үй құжаттарын рәсімдей алады» деді қала әкімі.
Қалыптасқан жағдайдың бәрін саралай келе, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі түйткілді 52 нысанды ведомстволық бақылауына алды. Бұл үйлерде жалпы саны 16 мыңға тарта үлескер бар еді. Оның ішінде 22 нысанның (4156 үлескер) жұмыс жоспары бекітіліп, үлескерлер жергілікті атқарушы биліктің көмегімен құрылысты өздері жалғастырып әкетті. Ал аса проблемалы 30 нысанның (11660 үлескер) құрылысын аяқтау үшін «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС-ке «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 2017 жылы Үкімет қорынан 40 млрд теңге бөлінген. Биыл тағы 38,5 млрд теңге беріліп отыр. Бұл қаражат проблемалы нысандардың құрылысын жалғастыруға және қосымша жаңа тұрғын үй кешендерін салуға жұмсалады. Қосымша нысандар бөлінген несиені өтеуге мүмкіндік береді, сондай-ақ астананың әлеуметтік бағдарламаларын жүзеге асыру үшін аса қажет.
Құрылыс жұмыстарына жеке инвесторлар тартылды. Елордадағы «сақалды» құрылыстарды аяқтау туралы «BI Group», «Орда Инвест», «Базис А», «Элит Строй» және т. б. ірі құрылыс компаниялармен келіссөздер жүргізілді. Тиімсіз нысандардың экономикалық ахуалын жақсарту үшін қосымша жер телімдері беріледі. Үлес­керлердің мәселесін түбегейлі шешу бойынша астана әкімдігі «Жол картасын» әзірледі, соның шеңберінде әр нысанға қарай іс-шаралар кешені белгіленді.
– Халықты баспанамен қамту мәселесі бір жылда шешілмейді. Біз қысқа мерзімді, орта мерзімді, ұзақ мерзімді деп бөлдік. Биыл 10 үйді іске қосуды көздеп отыр­мыз. Алдағы уақытта 15 үй, одан кейін қалған үйлерді бітіреміз. Сонда 3-5 жылда біз оны түбегейлі шешуіміз қажет. Ол үшін үлкен жұмыс атқаруымыз керек, – деген еді қала басшысы тұрғындар алдында есеп беру кездесулерінің бірінде.
Жоспарланғандай, өткен жылы 2,5 мың үлескері бар 10 көпқабатты үй пайдалануға берілді. Ендігі күні 42 проблемалық нысан қалды (13233 үлескер). Олардың 9 нысаны (1230 үлескер) бойынша жеке компаниялар есебінен құрылыс жалғастырылып жатыр. Аса проблемалы 33 нысан бойынша (12003 үлескер) құрылыс жұмыстары «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жүргізілуде. Жалпы, халыққа қолжетімді тұрғын үйлер салумен 21 мердігерлік ұйым айналысады.
2020 жылдың аяғына дейін 8 мың көппәтерлі 20 нысан бой көтереді. Бұл былтырғыға қарағанда үш еседен артық. Қалған 22 нысан (4,7 мың үлес­кер) алдағы үш жыл ішінде салынуы тиіс: 2021 жылы – 7 нысан; 2022 жылы – 8 нысан; 2023 жылы – 7 нысан.

Үлестік құрылыс бойынша түйткілді мәселелер:

«Шығыс» ТК – 4 топ бо­йынша мердігерлер белгіленді, құрылыс жұмыс­тары бір аптаның ішінде жалғастырылатын болады.
«Жағалау» ТК – осы айдың соңына дейін мердігерді анықтау бойынша конкурс жарияланады.
«Территория комфорта» ТК – нысандарды сырумен айналысатын инвестор белгіленді (8 блоктың ал­тауы сырылады), қазіргі күні жобалау-сметалық құжат сараптамалық зерттеуден өткізілуде.
«Загреб» ТК – инвестор белгіленді (NAK), құрылыс жұмыстары басталды.
«Комсомольский» ТК – нысан тұрғын үй құрылысы комбинатының және жекеменшік құрылысшылардың иелігінен алынды, жоба­лау-сметалық құжат әзірленіп жатыр.
«Royal Expo» ТК – инвестор жобалау-сметалық құжатқа түзету енгізіп жатыр.

Үлескерлер проблемасын шешу және құрылыс қарқынын арттыру үшін атқарушы билік ерекше шаралар қабылдады. Қала басшысы «Бағыс­тан» мен «Алтын шар» ТК жобалары бойынша жұмыс істеп жатқан үй құрылысы комбинаттары кредиторлар мен өзінің жұмысшыларының алдында 600 млн теңге берешегі болғанын, сөйтіп олардың қыз­меті тоқтап қалғанын айтты. Осы берешек қаржы мемлекет есебінен жабылып, қазіргі күні аталған компаниялар қайтадан құрылысқа кіріскен.
Соның арқасында «Бағыс­тан» мен «Алтын шар» ТК үйлері ағымдағы жылы пайдалануға берілетін болды. Сондай-ақ GLB үй құрылысы комбинаты әлеуметтік баспаналар салуға белсенді қатыстырылатын болды. Олар қолданатын үй салудың модульдік технологиясы ғимараттың сапасына нұқсан келтірмей, құрылысты анағұрлым жеделдетіп жүргізулеріне мүмкіндік береді.
– Мемлекет қолдауының арқасында құрылыс материал­дарының құны арзандатылады. Ол үйлердің сапасына нұқсан келтірілмей, шаршы метрдің құнын азайтуға және тұрғызу мерзімін қысқартуға көмектеседі, – деді А.Көлгінов.
Сондай-ақ шаһар басшысы Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындарын баспана сатып алу кезінде мұқият болуға шақырды. «Біз әкімдіктің ресми сайтында жосықсыз құрылысшылардың тізімін және тұрғын үй қатынастарына қатысты заңға енгізілген өзгертулерді жариялаймыз. Баспана сатып алардан бұрын сіздер алданған үлескерлер қатарында қалмас үшін сонымен мұқият танысып алғандарыңыз абзал. Құрылыс компаниясының рұқсат құжаттарын көрсетуді де міндетті түрде сұратыңыздар» деді ол.

Дегенмен халық саны жыл сайын жедел өсіп келе жатқан елордада баспана жетіспеу­шілігі әлі де өткір. Бүгінде тұрғын үй кезегінде 47577 адам тіркелген. Жергілікті билік осы мәселені шешу үшін келесідей бағыттарда жұмыс істейді: «Нұрлы жер», 7/20/25, «Бақытты отбасы», «Баспана Хит», «Стандарт» бағдарламалары арқылы халықтың баспанаға қолжетімділігі арта түскен.
«Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша; жеңілдетілген несиеге және жалға берілетін үйлер; еңбекші жастарға арналған үйлер; бюджет қыз­меткерлеріне, көпбалалы және толық емес отбасыларға берілетін 1 млн теңгенің сертификаты; «Нұрлы Ертіс» және «Еңбек» бағдарламасы бойынша отбасыларды өзге өңірлерге көшіру.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three + 11 =