«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Үлескерлер үй салуға кірісті

0 177

 Ақмола облысында тұрғын үй құрылысын аяқтау үшін 200-ден астам үлескер кооперативке бірікті.  Қосшы ауылында «Жайлау» тұрғын үй кешенінің үлескерлері мердігер компанияға алданып қалған соң, болашақ тұрғын үй кешенінің құрылысын аяқтау үшін «Жайлау city» тұрғын үй кооперативін құрды. Енді алдағы 45 күннің ішінде көптен күткен тұрғын үй кешенінің құрылысы басталады.

2014 жылы құрылған «Әл Баракат»  компаниясының басшысы  үлескерлерден ірі көлемдегі қаражат сомасын ұрлағаны және ысырап еткені үшін 8 жылға сотталды. Істі болған компания сол жылы 200 үлескердің ақшасымен тұрғын үй құрылысын бастап, аяқтамаған. 78 сот отырысы өтсе де зардап шеккендердің құрылысқа салған қаржысы қайтарылған жоқ. Бірақ олар жер учаскесін иеленуге құқық алды, қазір жаңа «Сиреневый сад» тұрғын үй кешенінің құрылысы жоспарланып отыр.

Болашақ кешен астаналық конгломерацияның экологиялық таза ауданында орналасқан. Ол 647 пәтерге есептелген 9 қабатты төрт үйден тұрады. Бір шаршы метрінің құны – 160 мың теңге.

«Жайлау city» ТҚК төрағасы Гүлнар Мермұқанованың айтуынша, кооператив мүшелері өз мақсаттарына өте ұзақ уақыттан соң жетті. Біреулер  ақшасынан ғана емес, денсаулығынан да айырылды.

«2016 жылы жер телімін алған кезде бізде үміт пен мақсат пайда болды, ол – барлығын аяғына дейін жеткізу. Бізде қазір құрылысқа дайындық, материалды іріктеу, өнім берушілер мен құрылыс материалдарын іздеу жұмыстары жүргізілуде. Біз үшін құқық белгілейтін құжаттарды алу өте маңызды және қымбат. Барлық дайындық құжаттары біздің қолымызда, соңғы жұмыс жобасының мемлекеттік сараптамасынан өту ғана қалды, содан кейін кешенді салуға кірісе аламыз»  дейді кооператив басшысы.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды