ҮЛЕСКЕРЛЕР МӘСЕЛЕСІН ҮЙЛЕСТІРДІ

0 130

Кеше Астана қаласы прокуратурасында заңдылықты, құқық тәртібін және қылмыспен күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысы өткізілді.

Кеңеске Астана қаласы әкі­мінің бірінші орынбасары С.Хо­рошун, Астана қаласының прокуроры
Б.Дембаев, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Астана қаласы департаментінің басшысы А.Төлеуов, Астана қаласы Ішкі істер департаментінің бастығы А.Әубәкіров, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Астана қаласы бойынша департамент бастығы Ш.Қабдула, тағы да басқа лауазымды тұлғалар қатысты.
Алқалы жиында үлестік құ­рылыс саласында қордаланған мәселелер мен азаматтардың ақшасын жымқыру, сондай-ақ, осы санаттағы қылмыстық істерді тергеуде кездесетін қиындықтардың себептеріне жасалған талдаудың қорытындылары талқыланды.
Еліміздің бас қаласы Астанада үлес­керлер мәселесі төңірегінде дау-дамай азаймай отырғаны белгілі. Алақол құрылысшылардың кесірінен бүгінгі таңда тек қалада ғана 13500 адам зардап шегіп, 31 адамның үстінен қылмыстық іс қозғалған. Олардың тоғызы сот үкімімен түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Алайда үлескерлердің қаржыларын алдап алып, басқа мақсаттарға пайдалану немесе жеке мүдделеріне жұмсау фактілері азаймай келеді. Осы бағытта халықтың арасында үгіт-түсінік жұмыстары да жүргізілуде. Құқықтық көмек беру мәселелері де ұйымдастырылды. Алданған үлес­керлерге арналып екі жәрмеңке өткізілді. Үшіншісін алдағы қараша айында ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Үлескерлер талабына орай халық­қа қызмет көрсету орындарында мән-жайды түсіндіретін арнайы орта­лық­тар ашылды. Қазірдің өзінде 190 адам осы орталықтың көмегіне жүгінген.
Әрине, «Азбука жилья», «Алға, Тоқболат», «Орал дизайн строй сервис», «Тамыз инвест» сияқты құрылыс компанияларының басшылары сот үкімімен тиісті жазаларын алды. Алайда үлестік қатысушылардың түйінді түйткілдері түпкілікті шешілмей келеді. Осыған байланысты 2016 жылы қабылданған «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» ҚР жаңа заңын халық арасында кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізуді нақты қолға алу жайы айтылды.
Үйлестіру кеңесінің отырысында қала прокурорының орынбасары А.Байшолақов, Астана қаласы прокуратурасы 2-нші басқармасының бастығы Д.Ермеков, Астана қаласы Ішкі істер департаменті бастығының орынбасары С.Әділов, тағы да басқа лауазымды тұлғалар баяндама жасап, ой-пікірлерін ортаға салды.
Кеңес қорытындысында орын алған келеңсіздіктерді ал­дағы уақытта болдырмау мақ­­сатын­да елорданың барлық қыл­мыс­тық тергеу органдарында аталған мәселелерді реттеп отыратын арнаулы бөлім құру қажеттігі айтылып, мемлекеттік және құқық қорғау органдарына тиісті тапсырмалар берілді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eleven − 6 =