«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Үлескерлер мәселесі шешілуде

0 152

Кеше елорда әкімдігінде құрылысқа үлескерлік қатысу, жылыту маусымы, құқықтық тәртіп пен көшелерді тазалау жұмыстарына қатысты мәселелер қаралған кезекті аппараттық кеңес өтті, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Тұрғын үй құрылысына үлескерлік қатысудың проблемалық мәселелері бойынша Астана әкімінің бірінші орынбасары Сергей Хорошун есеп берді.
«Ведомствоаралық комиссияның соңғы отырысында 14 нысанға қатысты мәселелер қаралды. «ИСК АСИ» ЖШС-нің директоры С.Котляровтың есебі тыңдалды. Компания басшысы құжаттардың толық пакеті «Елорда құрылыс» компаниясына «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында «Шығыс» тұрғын үй кешеніндегі ЗА және ЗБ блоктарының құрылысын 4 млрд теңге көлемінде (бірінші транш) қаржыландыру бойынша бірлескен жұмыс жөніндегі келісімшартқа қол қою үшін осы аптада берілетінін айтты» деп мәлімдеді С.Хорошун.
Ол бүгінгі таңда «Елорда құрылыс» компаниясының қарауында 18 нысанның жатқанын жеткізді. Бұл нысандар бойынша қаржы және техникалық аудиттер жүргізіліп жатыр. Тағы бірқатар нысанға қатысты аудиттерді жүргізетін компаниялар анықталуда.
Қаладағы төтенше және санитарлық-эпидемио­логиялық жағдай, қаланың тіршілік нысандары мен жылыту маусымының барысы туралы елорда әкімінің орынбасары Қосман Айтмұхаметов баяндады. Оның мәліметіне қарағанда, өткен аптадағы инфекциялық ауруларға қатысты санитарлық-эпидемиологиялық жағдай тұрақты болып, бақылау деңгейінен асқан жоқ. Елордадағы жылыту маусымы штаттық режимде өтіп жатыр. Қуат көздері отынның нормативті қорымен қамтылған.
Дәрі-дәрмектер тобы мен олардың қоры жөнінде қала әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев айтты.
МЖӘ, смарт-сити жобаларын іске асыру барысы, сондай-ақ, «Сергек» бейне-бақылау камераларын қосу жұмыстарының барысы жайлы есепті елорда әкімінің орынбасары Малика Бектұрова берді.
Криминогендік жағдай мен елордадағы құ­қықтық тәртіпті қамтамасыз ету жөнінде қалалық ІІД-нің басшысы Марат Қожаев сөйледі.
«Жалпылай алғанда, елордадағы жедел жағдай тұрақты. 96 қылмыс ізі суытылмай ашылды. Бұған дейін жасалған 69, өткен жылдары жасалған 14 қылмыстың беті ашылды. Сот және тергеуден жасырынып жүрген 6 қылмыскер қамалды. Із-түзсіз жоғалған 4 адамның тұрғылықты орны анықталды. 30 адам уақытша ұстау оқшаулағышына жабылды» деді М.Қожаев.
Оның айтуынша, бейнебақылау камераларының көмегімен 9 қылмыс пен 1 431 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.
Қалада тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы ретте әкімшілік жауапкершілікке ШОБ-тің – 35, мердігер компаниялардың – 3, ПИК-нің 5 жетекшісі тартылды.
Жол қауіпсіздігі саласында 638 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Жалпы сомасы 3,4 млн теңгені құрайтын айыппұл салынды.
Қоғамдық көліктің жұмысы жөнінде «Астана LRT» ЖШС-нің басқарма төрағасы Бекмырза Игенбердинов айтып берді.
Қаланы абаттандыру мәселелері бойынша Алматы, Есіл, Сарыарқа және Байқоңыр аудандары әкімдерінің есептері тыңдалды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды