УЛАНҒАН ЖАН ДЕРТІНЕН ДАУА БАР МА?

0 126

Театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі Қанат Жүнісов көрермен көп келетін спектакльдер қатарында Болат Ұзақовтың «Жандауасын» да айтқан-ды. Арнайы екі барып көрдім. Біріншісінде, аншлагпен өтті. Екіншісінде, оқушылар мен студенттердің каникулға шығып кеткен кезі-тін, сонда да көрермені жеткілікті болды. 2007 жылдың 15 маусымынан бері қойылып келе жатқан, арада бақандай бес жыл өтсе де, көрермен ықыласын суытпаған спектакль үшін жақсы көрсеткіш қой бұл.

Әлбетте, жақсы спектакльдің жұртшылықты өзіне ынтықтыратын қыр-сыры көп болады, соның ішінде назарға бірден ілігетіні қойылымның әлеуметтік тұрғыдан актуалдылығы және әрине, режиссердің көркемдік шешімі мен әртістердің ойын өрнегі. Осының біріншісіне тоқталсақ, нашақорлық бүкіл адамзат баласы үшін ғасыр індеттерінің біріне ай­налып кеткелі қашан. Араққұмарды тым болмаса аузынан шығатын жылымшы сасық иісі әшкерелейді. Нашақордың алғашқы аяқ алысы әу дегенде мүлде байқалмайды. Ол әбден жеңіліп, қан тамырларға сіңіп кеткен «ібілістің» айтағымен төңірегін аяусыз ойрандай бастағанда барып бір-ақ аңғарылады. Оның өзінде болса да ес жоқ, ал әке-шеше байғұс, туған-туыс сасқалақтап ақылға келемін дегенше, қолдағы тірнектеп жинаған азын-аулақ ақшалары да, қарызға деп біреулерден жалынып сұрап алғандары да бәрі шашылады, құны бар мүліктері сатылады, ұрланады, тоналады. Аспан – ашық, ел – тыныш. Бірақ, бір үйдегі кешегі сүттей ұйыған берекелі тіршілік, бүгін осылай аяқ астынан айрандай іриді. Есіріктен есі кеткен бала­мен бірге әке-шеше де тығырыққа тіреледі, өлім мен өмір арбасқандай қорқынышты жағдай туады.

Мен бір үй деп отырмын, ал ав­тор-режиссер Б.Ұзақов басқаша келтірген: шал, кемпір, қызы, ұлы, ұзын, қысқа деп, яғни кілең бір есімі жоқ атаусыз адамдарды алған. Сондықтан мен де рөлдердегі әртістердің атын атап, бірақ ойындарына жекелеп тоқталмаймын. Ойымды спектакльден алған жалпы әсерім төңірегінде ғана өрбітпекпін. Соны­мен, көрермен назарына ұсынылған шал мен кемпірден (шал – әртістер Б.Ыбраев, М.Қайсанов; кемпір – Г.Қылышбай, Б.Жұмағұлова) адамдық қадыр-қасиет кеткен, бала­ларында «мен адаммын» дейтіндей келбет, болмыс-бітім қалмаған. Әулеттің тамырына «есірткі» де­ген құрт түскен, шаңырақ шайқалып, тұқымы тұздай құрып кетудің шақ алдында тұр. Қазақ «бала, бала» деп, баланың артынан жүгіріп өлетін халық қой. Шал да кемпірімен ауыл­да, ағайын-туыс ортасында өзінікі өзіне жетіп, ел қатарлы тіршілік күнін көріп жүрген қарапайым көптің бірі еді. «Қалаға келіңдер, мұнда өмір қайнап тұр, тұрмыс күйлі» деген балаларының өтірік үгітімен келіп қалған. Мұндағы өмір… Қызы (әртистер Ғ.Ғабдулмуллинова, Б.Батырханова) тірі жесір, баласын туып, оң жақта отыр. Ұлдың (әртистер А.Қапаев, Қ.Қыстықбаев) жүріс-тұрысы түсініксіз, көбіне қазақ деген аты болмаса, түрі де жат, сөзі де жат әлдебіреулермен үй көрмей сыртта жүреді. Үйге тек ақша алу үшін, әке-шешесін алдап-арбау үшін ғана келеді. Түрлері де, сөздері де жат әлдебіреулерді достарым, қамқоршыларым, мені жұмысқа орналастырғалы жүр деп бір алдап, шалдың үйдегі көзінің қарашығындай сақтап жүрген ер-тұрманын көрмеге қоямыз деп екі алдап, ақыры бермесең жолыңнан деп, әкесінің қолынан күштеп тартып алып құртады. Адам баласының қулық-сұмдық жымысқы әрекеттерінен бейхабарлау, кең дала­да еркін әрі таза өскен шалдың көзі осы жерде ғана ашылады. Қызының да кезінде есірткімен әуестенгені, ұлының нашақорлық шырмауығынан шыға алмай жүргені де осы жерде әшкереленеді. Әке-шешелерін жан­дары ашығандықтан шақырып ал­мапты қалаға, зейнетақыларын жеу үшін, пайда көру үшін қолдарына алдап түсіріпті. Әсілі, біздің спектакльдеріміздегі қазақтың өмірі мен тұрмысы жүректі ауыртып, қабырғаңды қайыстырады. Мысалы, Ә.Оразбековтің өзі жазып, өзі қойған «Бір түп алма ағашы» спектаклінен үлкен отбасындағы ылғи да бір жолы болмаған араққұмар жандардың өресіз-өріссіз күйкі тіршілігін көреміз. Б.Ұзақовтың өзі жазып, өзі қойған мына спектаклінде де сол көрініс, тек бұларға індет арақтан емес, есірткіден келген. Осы жерде таза әдебиетші – драматург пен режиссер – драматургтің мәселе көтерудегі айырмашылығын өз пайымым тұрғысынан айта кетсем, ешкімді ренжіте қоймаспын деп ойлаймын. Әдебиетші-драматург образ жасауға, әр образдың табиғатын өмір – тіршілік ортасымен сабақтастыруға, әлеуметтік тұрғыдан дәлел-дәйегімен кейіптеп, ұғындыруға тырысады. Режиссер-драматург мына жер­де жарық, мына жерде шу, мына жерде музыка, ал мына жерде би немесе ым дегендей сахна тілінің талаптарына қарай орайласты­рып пішеді. Біз сөз етіп отырған спектакльдегі кейіпкерлердің аты-жөндерінің болмауы, шал, кемпір, қызы, ұлы деп алына салынуы осын­дай ұстанымнан туған-ау деп еріксіз ойланасың. Оның үстіне балалары жиырманың үстіне жаңа шыққан әке-шеше қалайша шал-кемпір боп қалған? Зейнетақы алады? Ауылда бірен-саран оқу қуып кеткендері болмаса, жастар ерте үйленеді ғой. Бұрын да солай болған, қазірде де солай. Содан кейін үй тұрмысында тұтынатын мүліктеріне, үстеріндегі киім үлгілеріне қарап, апырмай, мына жазғандар қай заманның қазақтары еді деп те қайран қалмасқа лажың жоқ. Жалпы, телеарналардағы әзіл-сықақ театрлары болсын, қазыналық- мемлекеттік театрларымыз болсын қазақты неге сонша сүмірейтіп жіберетіндеріне өз басым түсінбей-ақ қойдым. Әлде, фольклорлық санадан, таным-пайымнан әлі күнге дейін шыға алмай жатқанымыздан ба екен. Біздің хисса-жырларымыз­да, ертегі-аңыздарымызда сүйікті кейіпкерлеріміз, олардың бала-шағасы дұшпандарынан азар көріп, қомша киіп, жадап-жүдеп, биттеп-құрттап жүреді ғой. Ол енді бағзы заман, ертегі-аңыз. Ал қазіргі ел-жұрттың көз алдындағы бүгінгі өмірін, өнердің шарттылығы осы екен деп, сонша төмендетіп, қазақты қайыршыландырып көрсетудің, менің өз түсінігімде, ешқандай жөні жоқ секілді. Борат сияқты әжуалы-күлкілі қазақ образын жасап, кино түсіргені үшін Саша Коуэнге ренжиміз. Тіпті ашулымыз. Ал, ол Боратты өнерде өзіміз суреттеп жүрген қазақтың күйкі тіршілігінен көшіріп, өзіміз жасап жүрген кеңкелес кейіпкерлерден теріп алған болса ше?.. Өнердің эстетикасы де­ген де бар ғой. Оны әсте де ұмытуға болмайды.

Әдетте, жалаң уағыз айтып, шешім ұсыну шынайы көркем шығарма табиғатына жат әрекет боп есептеледі. Мына спектакльде ол бар және ойынның түйінделер тұсында көзге бірден ұрады. Шал бұл індет қайдан келді, отбасымыз бұл бәлеге қайдан тап болды деп өзінше қиналады ғой. Сондағы түйгені – бәріне кінәлі қала екен. Сондықтан бар бәлекеттің ордасы қаладан қашу керек деп шешеді. Сөйтеді де. Қалаға келіп жол таппай адасқан баласын алдына сап, ауыл қайдасың деп, кең далаға бет түзейді. Тым жұпыны, оңай шешім. Бірақ, эффект бар. Кеше ғана ауылдан шығып, өскен ұя, елін сағынып жүрген, әлі қалалық боп сіңісе қоймаған көрермендер мәз. Алайда, мәселеге сәл ойлана көз жіберсек, бұл шешімнен өмір шындығына қайшы келетін үлкен кереғарлықты да көреміз. Қазір қала бөлек, бұрынғы ауыл атымен жоқ. Ауыл тұрғындарының азайып, халықтың қалаларға шоғырлануы өркениет дамуының заңдылығы екенін білгеніміз жөн. Сол себепті ауылдың көбі үдере көшіп қалаларға келіп болды, әлі де келіп жатыр. Қалада ақша айналады, жұмыс бар. Қаладағы керек те керек емес көп жарқылдауық – ақшаның арқасы. Тоқырау, шаршау, азғындау, ақпайтын тұйық судың саситыны сияқты, тұрмыстағы жүдеуліктен шығады. Арақты қалалықтардан гөрі ауылдағылардың көбірек ішіп, есірткіге де көбірек ұрынып жататыны белгілі жайт. Ендеше, спектакльдің біз байқаған осындай кейбір олқылықтарына қарамастан, сонша уақыттан бері көрерменді қызықтырып келе жатқан күші неде деген орынды сұрақ туады. Күші – тақырыбында, публицистикалық тұрғыдан өткір қойылып, сахнадағы кейбір жан түршіктірер көріністерімен көрерменді бір жағы шошындырып, бір жағы ойланды­рып, онсыз да қамшының сабындай қысқа өмірдің береке-құндылығын зерделеуге алып келетін притчалық қуатында дер едім. Осы тұрғыдан автордың спектакль кейіпкерлеріне ат қоймай, шал, кемпір, қызы, ұлы дей салуын кешіруге де, түсінуге де болады ғой деп ойлаймын.

Театр репертуарында осы тәрізді тақырыптық қойылымдардың болу­ына билік тарапынан көңіл бөлінуі де тегін емес. Халықтың атынан, ертеңгі жақсы күндер үшін билік жасайтын алуан-алуан жоспарларды, әрине, дені сау қабілетті адамдар ғана орын­дай алады. Қызығын да солар көруге тиіс. Өкінішке қарай, адамдық тура жолдан тайып, адасып, қоғамға масыл болып жүргендер аз ба? Республикалық психиатрия, психо­терапия және наркология жөніндегі ғылыми-тәжірибелік орталықтың бөлім меңгерушісі Бақытжан Нұралиевтің айтуынша, әрбір бесінші қазақстандық – маскүнем, әрбір отызыншы – нашақор. Бұл – ресми тіркелген дерек. Ақиқатын білу үшін, Б.Нұралиевтің айтуынша, осыны он есеге көбейтсе болады екен. Демек, Қазақстанда қазір үш миллион маскүнем, бес жүз мың нашақор бар деген сөз. Халқының жалпы саны 17 миллионға да жет­пеген мемлекет үшін мұны оп-оңай шешіле қояр шаруа деп ешкім де айта қоймас. Алайда мемлекет, қоғам қолдан келгеннің бәрін жа­сауда. Жыл басынан бері ғана сегіз тонна үстінде есірткі тәркіленген. «Қотыр атқа – қотыр ат, соқыр атқа – соқыр ат дегендей, есірткі жүрген жерде СПИД деген бәлесі де қоса жүретіні мәлім. Мысалы, үстіміздегі жарты жылда ғана елімізде осы ауруға шалдыққандардың қатары 7,8 пайызға немесе 1,6 мың адамға өскен. Ашық айту керек, бұл – қазақтарға тән жағдаят емес, бертінге дейін Шу даласының есірткі сорасын аяғымызбен таптап келген халықпыз ғой, бұл – жаһанданумен бірге келген індет. Бірақ солай екен деп сырт біреулерден көрудің де қажеті жоқ. Бас өзіміздікі, ауыз өзіміздікі, енде­ше, әлем жұртшылығымен бірігіп тізе қоса күресіп, бұл бәлекеттерден арылу да, яғни жан жарасы дауа­сын табу – өз басымызбен шешер міндетіміз. Қоғамды осындай ауыр індеттерден арылту мәселесіне өнер тілімен үн қосудан Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық музыкалық драма театры да сырт қалып отырған жоқ. Тек тақырып әр қырынан көрсетілсе екен. Өйткені, әдетте осындай тақырыпқа осындай спектакліміз бар деп шектеліп, әрі қарай дамытпай қоятын жағдайлар болады. Өнер де баламалылық, бәсекелестік жағдайында кең қарқынмен жақсы өрістейді емес пе?!

Өтен АХМЕТ, өнертанушы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

ten + 4 =