Ұланбатыр БАҚЫТХАН: ЛАТЫНҒА КӨШУ ӘЛЕМ ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ БАСЫН ҚОСАДЫ

0 100

Ұланбатыр БАҚЫТХАН

Ұланбатыр БАҚЫТХАН, Қытайдағы қазақ студенттері бірлестігінің жетекшісі

   

Шетелде оқитын қазақ жастарының бірі – Ұланбатыр Бақытхан. Ресей мемлекеттік мұнай-газ университетінің 4-курс студенті. Қытайдағы қазақ студенттерінің басын қосқан Бірлестік жұмысына жетекшілік етеді. Жуырда «Астана ақшамы» газетіне өздері дайындаған латын әліпбиінің жобасын жіберіпті. Ал біз болсақ, Ұланбатырмен әлеуметтік желі арқылы аз-кем тілдескен едік.

– Ұланбатыр, бірлестіктің жұмысына биыл үш жыл толады екен. Әу баста көздеген мақсаттарыңыз орындалды ма?

– Бұған дейін Қытайда қазақ жастарының бірде-бір бірлестігі болмады. Сондықтан, елдің түкпір-түкпірінде оқып жүрген жастардың басын қосып, тамаша бірлестік құруға бел байладық. 2011 жылы қазан айында Пекин орталық халық радиосының бастамасымен Қытай астанасында өткен «Тұңғыш Қытай қазақ студенттерінің кәсіптену және ғылым-техника жаңалықтарын ашу» мәжілісінде бұл мақсатымызға жеттік. 4 қазан күні «Қытай қазақ студенттерінің бірлестігі» ресми түрде құрылды. Алғашқы құрылтайымызға 180 қазақ студенті қатысты. Бүгінде бірлестіктің ғылым-техника, аударма, жоба-жоспар, кеңес беру, мәдениет, спорт, үгіт, сауда-экономика және заң бөлімдері бойынша жетекшілер жұмыс жасайды. Жұмысымыздың жандануына Қазақ мәдениет қоғамындағы жастар тобының төрағасы Думан Жақыпұлы ағамыз айрықша көмек көрсетті. Қазірге дейін студенттер бірлестігінің үш реткі құрылтайы табысты өтті . Студенттер құрылтайынан бөлек, ана тілі сыныбын ашу, жетім балаларға қарайласу , көмекке мұқтаж жандарға жәрдемдесу, орта мектептегі бауырлардың университет таңдауына арнаулы материал шығарып, кеңес беру секілді жұмыстармен айналысамыз.

– Бірлестіктің қоғамға тигізер әсері қандай?

– Студенттер бірлестігінің дамуы үшін азаматтар бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып келеді. Аударма саласында да біраз еңбектендік. «Жастар сұхбатын» ұйымдастырып, қазақ мәдениетін таныстырып, ұмытылып бара жатқан дәстүрлі мұраларды түгендеудеміз. Былтыр ел Тәуелсіздігі қарсаңында «Бірлік керек біздерге!» атты ғаламторда тұңғыш рет студенттер айтысын ұйымдастырдық. Студенттер бірлестігінің қаламдастығы құрылып, «Жас Алаш», «Ақ жол» сынды қос айлық журналдармен бірге «Алақай» газетін шығардық. Және «Қытай ұлттары» атты халықаралық журналға, «Шыңжаң» газетіне студенттер қаламынан туған шығармалар мен ғылыми еңбектерін жолдап, жарыққа шығаруға мұрындық болдық. Бір сөзбен айтқанда, осы уақыт ішінде қазақ студенттерінің ортақ арнасы қалыптасты деуге болады.

– Қазақстанда латын әліпбиіне көшу мәселесі көтерілгені белгілі. Сіздің көзқарасыңыз қандай?

–Біздің қазақ студенттерінің сайты латын әліпбиіне көшудің қамында. Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхановтың «Қазақтардың басын қоспай, қазақ қазақ болмайды» деген сөзін естен шығармауымыз керек. Латыншаға көшу арқылы әлем қазақтарының басын қосуда үлкен жеңіске жетуге болады. Қазақ жазуының бірлікке келуі арқылы ел бірлігін нығайтуға, әлем қазақтарының мәдениет және тәжірибелерін алмастыруда игі істер атқарылар еді.

– Осы ретте әліпбиге қатысты қандай жобаларыңыз бар?

– Студенттер бірлестігі өз тарапымыздан шыққан жобаны Қазақ еліне ұсынуды жөн көрдік. Біз азаматтардың ортақ бекімі негізінде жасалатын латын әліппесін құрадық. Жобаға Түркияда оқып жатқан әрі түрік тілінің маманы Елдес Ордалаштың еңбегі зор. Тағы да Әлихан бабамның мына бір сөзі әркез есте болуға тиіс деп ойлаймын: «Қазақтың болашағы, кең мағынада алғанда, батыстан үйренуде». Латыншаға көшудің үлкен арнасы батыстың ақаусыз мәдениетін және өнеркәсіп техникасын қабылдауда және ұлттық дәстүрімізді сақтауда, қазақ халқының әлем өркениеті мен руханиятына үлес қосып, өз елінің мемлекеттік идеологиясын бекемдеуде тарихи рөлі зор болмақ.

– Өзіңіз басқаратын бірлестіктің мүшелері қай мамандықты игеруде?

– Әр саланың азаматтары бар. Әдебиет, көркем өнер саласынан бастап, медицина, ауыл шаруашылығы, металлургия, кен барлау, мұнай барлау, тасымалдау, әскери, электронды технология, халықаралық экономика және сауда, дипломатия сынды әр алуан салада білім алуда.

– Қандай ұсыныстарыңыз бар?

–Қазақстанда дүниежүзілік Қазақ студент-жастарының бірлестігін құруды ұсынамын. Осы арқылы әлемнің жер-жерінде жүрген қазақ жастарының басын бір арнаға әкелуге, ұлттық өнеркәсіп пен ұлттық экономиканы құруға болады деп білемін.

Сұхбаттасқан Гүлмира Аймағанбет

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

sixteen − fifteen =