Ұлан-асыр ұлыс тойы

0 81

Елордада Ұлыстың ұлы күні – әз Наурыз мерекесі кең көлемде тойланды. Мичурино және Интернациональный тұрғын алаптарынан басталған мейрам Железнодорожный және Промышленныйда жалғасты. Пригородный, Үркер, Өндіріс, Көктал-1 және Көктал-2 тұрғындарына да көктем мерекесі арнайы ұйымдастырылды.

Тұрғын алаптар халқы тоғызқұмалақ пен асық ату ойындарында шеберлік байқасып, ұлттық тағамдардан дәм татты, ұлттық киімдер көрмесін, мерекелік концертті тамашалады.
Клара Төленбаева, Дос секілді белгілі әншілер, «Арт-Домбыра» және «Аламан» үштіктері, «Сарыарқа» және «Диарт» топтары, «Інкәрім» би ансамблі, Жақсыкелді Маясаров, т.б. өнер иелері тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды. «Замандас­тар» ардагерлер хоры арнайы концерттік бағдарлама ұсынды.
ЭКСПО қалашығындағы этноауылда Роза Рымбаева, Досымжан Таңатаров, Жазгүл Данылбаева, Маржан Арапбаева, Айзат Қарабекова, Әсем Омарова, «Қорқыт» ансамблі әндерді әуелетіп, мерекеге жиналған қауым «Қара жорға» биін биледі.


«Қазақ елі» алаңында да Наурыз ме­рекесіне ар­налған бұқа­ралық шаралар ұйымдас­тырылды. Киіз үйлер тігіліп, алтыбақандар орнатылды. Халық асық ату, гір көтеру, арқан тарту және басқа да ұлттық спорт түрлерінен күш сынасып, наурыз-көжеден, палау мен ыстық бауырсақтан дәм татты.
Сахнадан Рүстем мен Мирас Жүгінісовтер, Күләйым Қайырбаева, «Микс», «Дабыл» дуэттері, «Gentlemen», «Jigibanda» топтары, «Шалқыма», «Шаттық», «Ақ кербез» би ұжымдары мен басқа да елордалық шығар­машылық ұжымдар өз өнерлерін ортаға салды.


Ертегі кейіпкерлерінің кос­тюм­дерін киген аниматорлар мерекенің кішкентай қонақтарының көңілін кө­терді. Бұған қоса, ұлттық на­қыштағы қолданбалы өнер туындыларының жәрмеңкесі ұйымдастырылды
Жалпы, Наурыз мерекесі Жетісу саябағында, Жастар театры жанында да тойланды. Мерекелік шаралар елорданың барлық мәдени ошақтарында өтіп, мұнда тақырыптық көрмелер, концерттер, викториналар мен кездесулер ұйымдастырылды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды