«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ұлағаты үлкен үй

0 199

Елордаға келген қонақтар мен қала тұрғындарының ат басын көп тірейтін жері – Тұңғыш Президент музейі. Бұл Елбасының бас шаһардағы алғашқы резиденциясында орналасқан. Резиденция ғимараты 1997 жылы еліміздің бас ордасын Алатаудың етегіндегі әсем қаладан Арқа төсіндегі Ақмолаға ауыстырған кезде салынған. Дәл осы жылдан бастап, резиденция тарихи және сәулеткерлік жағынан шаһардағы бірегей ғимаратқа айналды. Дәл осы жерде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 1997 жылдан бастап 2004 жылға дейін, яғни жеті жыл қызмет атқарды.

Халқымызда «жеті атасын білген ер, жеті жұрттың қамын жер» деген киелі сөз бар. Мұражайда Елбасының ата-бабасы мен әке-шешесі, бауырлары туралы кеңірек мағлұмат берілген.
Президент Алматы облысындағы Қарасай ауданы Үшқоңыр ауылында өмірге келген. Нұрсұлтан Назарбаев – арғы тегінен батырлық үзілмеген текті әулеттің ұрпағы. Бабасы – еңсегей бойлы Есімханның туын ұстаған қолбасшы Қарасай батыр. Одан кейінгі Қарасайұлы Көшек батыр, атасы Назар­бай би өз заманында сөз ұстаған тұлғалар болыпты. Бір рулы елдің ұранына айналған Қарасай батыр Нұрсұлтан Әбішұлының сегізінші атасы екен.

Нұрсұлтан Әбішұлының атасы Назарбай – ел ішінде сөз ұстаған, билік жүргізген би болыпты. Назарбай Сапақбайұлы 1909 жылы 52 жасында Шамалған өңіріндегі №4 ауылдың биі болып сайланған. Бұл деректі Орталық мемлекеттік мұрағат қорынан алынған 1909 жылғы 11 шіл­дедегі Шамалған болысындағы болыс, билер және олардың кандидаттарын сайлау парағынан байқайсыз. Назарбай бидің қара шаңырағының иесі, кенже ұлы Әбіштің шаңырағында, 1940 жылы шілде айының алтыншы жұлдызында сәби дүниеге келеді. Сәбидің есімін әжесі «Нұрсұлтан» деп қояды. Әрбір баланың өмірінде оның ата-анасының орны ерекше маңызды. Елбасының әкесі Әбіш, анасы Әлжан маңайындағы елге сыйлы, қадірлі жандар болыпты.Әкесі Әбіш қарапайым еңбекқор азамат атанған. Жастайы­нан еңбекпен ширығып өскен ақсақал ке­йініректе шаруа­шылықта түрлі қыз­мет істеген. Жер өңдеп, диірмен жүргізіп, диханшылықпен айналысқан. Сөреден Президенттің анасымен бірге түскен суреті көзге жылы ұшырайды.

Ол кісінің анасы Әлжан апа бойындағы суырып­салма ақындық қабілеті, әншілігі, тапқырлығы, әзіл сөзге ұсталығы, ісмерлігі, ағайын арасында ұйытқы болып жүретін мәмілегерлігінің арқасында ел ішінде беделді, үлкен-кішіге сыйлы жан болған. Сөреге Әлжан апаның тұтынған ұршығы, тігін ма­шинкасы және жүзігі қойыл­ған. Елбасының отба­сылық суретінен ол кісі­нің – Сатыбалды, Әнипа, Болат атты бауыр­ларының бейнелерін көресіз.
Нұрсұлтан Әбішұлы 1948 жылы Шамалған ауы­­лындағы Д. Фурманов ­атындағы мектептің табалдырығын аттайды. Бала Нұрсұлтанның қолына қалам ұстатып, әріп үйреткен алғашқы ұстазы Тәкура Ысмайылованың суреті көрнекі жерден орын алған.
Бізді мына бір оқиға қат­ты таңғалдырды. 1958 жылы наурыз айында Қас­келең аудандық комсомол комитетіне Мәскеу қаласынан, Бүкілодақтық Лениншіл Комсомол Жастар Одағынан келген хат жі­беріледі. Хатта қытайлық жас мұғалім жігіттің ке­ңестік бір жас азаматпен жақынырақ танысып, дос болғысы келетіндігі туралы айтылады. Бұл хатқа жауап жазу сол кездегі ауданның ең үздік оқушысы, белсенді комсомол мүшесі Нұрсұлтан Назарбаевқа тапсырылады. Нұрсұлтан Назарбаевтың қытайлық досы Чжоу Бай-Сяоға жаз­ған достық жауап хаты сол уақыттағы «Коммунизм үшін» атты аудандық газетте 1958 жылы 16 наурыз күнгі № 30 санында жа­рияланған.

***

Президенттің қабылдау бөлмесі. Бұл залда «Н.Ә. Назарбаевтың еңбек жолы» атты экспозиция ұсынылған. Онда Елбасының орта мектепті бі­тіргеннен кейін Днепро­дзержинск қаласына ба­рып, кәсіптік училищеде оқығандығы, одан ке­йін Теміртаудағы Қазақстан Магниткасында жұмыс істеген жылдары кеңірек баяндалады. Училищеде оқыған қазақстандық жастар түгелдей спортпен шұғылданған. Нұрсұлтан Әбішұлы да бапкер Лев Ежевский жетекшілік еткен күрес секциясына қатысып, қалалық, об­лыс­тық жарыстардың жүл­дегері болады. Бірінші разряд спорт шеберінің нормасын орындайды.
1962 жыл Елбасы үшін табысты жыл болған екен. Дәл осы жылы сәуір айында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстаннан БЛКЖО-ның ХIV съезіне делегат ретінде қатысып, тұңғыш ғарышкер Юрий Гагаринмен кездеседі. Сондай-ақ, шілде айында кеңестік делегация құрамында республикалық комсомол ұйымдары атынан Финляндияның Хельсинки қаласында өткен Жастардың VІІІ Дүние­жүзілік фестиваліне барады. Фес­тивальға әлемнің 100-ден астам елінен делега­ция келеді. Нұрсұлтан Әбішұлы халықаралық жастар фестивалінен
оралысымен Қарметзауытта диспетчер болып істейтін Сара Алпысқызы Қонақаевамен отбасын құрады. 25 тамызда «Комсомолец» кафесінде жақын достарының, әріптестері мен туған-туыс­тарының ортасында комсомол-жастар тойын өткізеді. Осы оқиғалардың бәрі әсерлі суреттермен көрсетілген.


***

Тұңғыш Президенттің жұмыс кабинеті сол кү­йінде сақталған. Елбасы жеті жыл бойы осы кабинетте жұмыс істеген. Жұмыс үстелінің бетінде әр күнгі белгіленген жұмыс тәртібінің кестесі, кездесулерде сөйлеген сөздері мен жазбалары жазылған блокноттар сол қалпында тұр.
Сондай-ақ, Елбасыға тарту етілген сыйлықтарда әр түрлі ерекшелігімен көз тартады. Қысқасы, шағын мақалаға музейдегі барлық құнды дүниелерді сыйдыру мүмкін емес. Біз өзімізді толғантқан жәдігерлерге тоқталдық.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды