©2020 Астана Ақшамы
Үкімет іс үстінде
Кеше Орталық коммуникациялар қызметінің дәстүрлі брифингі өтіп, онда Үкімет басшысының және оның орынбасарларының қатысуымен өтетін шаралар жөнінде айтылды. Ол жайында орталықтың ресми өкілі Асқар Әбибуллаев мәлімдеді.
Сонымен, осы аптада Премьер-министр Серік Ахметов ҚР Әділет министрлігінің өткен жылғы қорытындылары мен биылғы мақсат-міндеттеріне арналған кеңейтілген алқа мәжілісіне қатысады.
14 ақпан күні Үкімет басшысы ҚР Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік жөніндегі үйлестіру кеңесінің кезекті отырысын өткізеді. Ал, 15 ақпанда Премьер-министр Экономиканы жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссияның кезекті отырысына қатысады деп жоспарлануда.
– 12 ақпанда Премьер-министр Серік Ахметов өткізетін ҚР Үкіметінің отырысында 2013-2020 жылдарға арналған Қазақстан Республикасы агроөнеркәсіптік кешенінің даму бағдарламасы қарастырылады. Сапалы агроөнеркәсіп өнімдеріне деген сұранысты ескерсек, агроөнеркәсіптік кешен жалпыұлттық экономикамыздың маңызды бағыты болып табылатынын атап өткен жөн, – деді Асқар Әбибуллаев.
Сондай-ақ, 14 ақпанда ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары-Өңірлік даму министрі Бақытжан Сағынтаев Ақмола облысына жұмыс сапарымен барады. Сапар аясында 2011-2014 жылдарға арналған Астана қаласына іргелес жатқан елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарын іске асыру барысымен танысу жоспарланып отыр.
Айнұр САНАБЕК