Үкімет есеп берді

0 14

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин еліміздің 2020 жылдың бірінші жартыжылдығындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы және экономиканы одан әрі дамыту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.Үкімет басшысы жаһандық теріс ықпалдардың аясында биыл бірінші жартыжылдықта Қазақстанның ЖІӨ 1,8 пайызға төмендегенін атап өтті. Бұл ретте экономиканың нақты секторында тұрақты өсім байқалған. Тауарлар өндірісі 4,1 пайызға өскен.
Негізгі драйверлер құрылыс (+11,2 пайыз) және өңдеу өнеркәсібі (+4,8 пайыз) болды, олардың өсімі автомобиль жасау (46 пайыз), фармацевтика (24 пайыз), дайын металл өнімдерін өндіру (20 пайыз), жеңіл өнеркәсіп (8 пайыз), резина және пластмасса бұйымдарының (8 пайыз) және қағаз өндірісі (15 пайыз) есебінен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар тау-кен өндірісі өнеркәсібінде (2,2 пайыз) оң динамика байқалды. Еліміз бойынша тұрғын үйлерді пайдалануға беру 7,3 пайызға өсті. Дегенмен төтенше жағдай режимі мен карантиндік шектеу шараларын енгізу аясында биылғы 6 айда қызмет көрсету секторында 5,6 пайызға төмендеу байқалған. Жылдық инфляция 7 пайызды құрады.
Еліміз бойынша әлеуметтік- экономикалық дамудың барлық негізгі көрсеткіштері бойынша орташадан жоғары деңгейдегі өсім Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарында қамтамасыз етілді. Қостанай, Алматы, Жамбыл, Ақмола, Шығыс Қазақстан облыс­тарында, сондай-ақ Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында барлық негізгі көрсеткіштердің оң екені байқалды, Батыс Қазақстан, Түркістан және Ақтөбе облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласында жекелеген көрсеткіштердің теріс екені байқалды. Қызылорда, Атырау, Павлодар және Маңғыстау облыстары көптеген көрсеткіштер бойынша орташа республикалық деңгейден артта қалған.
«Қазіргі кезде Үкіметтің негізгі міндеті – коронавирус індетінің және жаһандық дағдарыстың теріс салдарын жою, елімізде жұмыспен қамтуды қолдау. Осы мақсатта ауқымды шаралар қабылданып жатыр» деді А.Мамин.
Үкімет басшысы төтенше жағдай кезеңінде экономиканы тұрақтандыру және тұрғындарды қолдау бойынша жедел және шұғыл шаралардың 2 топтамасы (биылғы 23 және 30 наурызда) қабылданғанын атап айтты. 2020 жылдың соңына дейін Экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспар аясында тұрғындардың іскерлік белсенділігін ынталандыруға, жұмыспен қамтуды және табысын қолдауға бағытталған нақты салалық шаралар іске асырылуда. Жаңа редакциясында 2025 жылға дейінгі стратегия­лық жоспарды әзірлеу жұмысы жүргізілуде, ол еліміздің орташа мерзімді перспективаға арналған жаңа экономикалық бағытының негізгі бағдарларын айқындайды.
Жұмыспен қамтудың жол картасы мен мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру аясында жұмыспен қамтуды қалыптастыру шараларымен 1,2 млн-нан астам азамат қамтылды. Жұмыспен қамтудың жаңа жол картасы бойынша 6,5 мың жобаның 6,1 мыңнан астамы іске асырыла бастады, 146 мың адам жұмысқа орналастырылды. 5,5 мың шақырым республикалық және 4 мың шақырым жергілікті жолдардың құрылысы мен реконструкциясы жүргізілуде. Осы жылдың 6 айында 800 шақырым сумен жабдықтау және су бұру желілері реконструкцияланды, 13,7 млрд теңге сомасына өңірлерді газдандыру бойынша 21 жоба іске асырылып жатыр.
Индустрияландыру картасы аясында биыл отын-энергетика және агроөнеркәсіптік кешендерде, металлургия, химия және жеңіл өнеркәсіпте, құрылыс индустриясында, машина жасау және фармацевтика салаларында 1,1 трлн теңге сомасына 160 жоба жүзеге асырылады.
Жартыжылдықтың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы саласындағы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыс­тырғанда 19 пайызға 232 млрд теңгеге дейін, қайта өңдеуге 16,6 пайызға 40 млрд теңгеге дейін өсті. Осы жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс көлемі 22,5 млн гектарға дейін жеткізілді. Биылғы 6 айда ауыл шаруашылығы өнімдерінің нақты көлеміндегі экспорты 14,9 пайызға, 4,7 млн тоннадан 5,4 млн тоннаға дейін артты. Сумен қамтамасыз етуді арттыру және қалпына келтіру жобаларын іске асырудың нәтижесінде суармалы жерлердің жалпы көлемі 2020 жылғы 1,5 млн га-дан 2022 жылы 2 млн га-ға дейін ұлғаяды.
Қазақстанның жаһандық дата-хаб ретінде дамуы аясында 110 млрд теңгеден астам тартылған инвестициялармен 32 дәстүрлі және 17 ірі тау-кен деректерді өңдеу орталығы салынды. 2024 жылға дейін 633 млрд теңгеге қосымша инвестиция тарту және 2000 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген.
Премьер-министр Үкімет бизнеске салықтық жүктемені жеңілдетумен және бюджет шығыстарын экономикалық белсенділікті қолдау­ға бағыттай отырып, контр­циклді макроэкономикалық саясатты іске асыруды жалғастыратынын атап өтті.
«Үкімет экономиканы тұрақтандыру, жұмыспен қамту деңгейінің тұрақтылығын қамтамасыз ету және халықтың табысын қолдау жөніндегі міндеттерді шешуге бағытталған барлық қажетті шараларды қабылдайды» деді Премьер-министр.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

13 + twenty =