Үкімет басшысы елорда нысандарын аралады

0 101

ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімов Астана қаласын дамытудың өзекті мәселелерімен танысты.

04

Жол-көлік инфрақұрылымын дамыту елордадағы өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Автокөлік санының артуына байланысты жол жөндеу шығынының 1,3-1,5 есеге өсуі, сонымен бірге пайда­ланылған газдың шығарылуының артуы сияқты мәселелер өткір болып отыр. Бұдан өзге Астана тұрғындарын, әсіресе, қарбалас сәтте көлік кептелістерінің пайда болуы мазалайды.
Елорданы аралауды Кәрім Мәсі­мов Кенесары көшесін қайта жөндеу учаскесін қараудан бастады. Белгіленген проблемаларды шешу үшін 15 көше мен даңғылдардың, 6 көпірдің, 19 көлік жол айырықтары мен өтпежолдардың, 12 жолдағы көлік қоятын орындардың жол-көлік инфрақұрылымын реттеу қажет.
Премьер-министрге, сондай-ақ Есіл өзенінің арнасын қайта жөндеу бойынша жұмыс барысы таныстырылды. Жобалық және құрылыс жұмыстарын қала аумағын су басудың тұрақты қауіп-қатерінің алдын алу үшін аяқтау керек. Қазіргі уақытта қаланың шекараларында 23,4 шақырым қайта жөнделген арна пайдалануға берілген.
Елордадағы күрделі проб­лема­лар­дың бірі – шілде айындағы нөсер жауыннан кейін шиеленісе түскен тазарту құрылымдарының мәселесі. Тазарту құрылымдарының өткізу қабілеті су жинағыш алаң аумағынан су бұруды уақытылы қамтамасыз етуге мүмкіндік бермеді. Соның салдарынан елорданың бірқатар көшелерін су басты. Тазарту құрылыстарын салу осы проблеманы шешуге мүмкіндік береді, жұмысты 2018 жылы аяқтау жоспарланған.
Нөсерлі кәріз жүйесін дамыту елорда көшелерін су басудың алдын алуға мүмкіндік береді. Астана аумағында қазіргі таңда нөсерлі кәріз жүйесінің 10 құрылысы, оның ішінде жалпы су жинау ауданы 8,5 мың га болатын 8 тазарту құрылысы кешені және 2 су жинауыш тоған бар.
Үкімет басшысының елорданы дамытудың өзекті мәселелерімен танысу барысында Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев қайта жарақтандырылып жатқан ЖЭО 2, «Жаңа жол» және «Бәйтерек» подстанцияларының жағдайын баяндап берді.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Премьер-министр елорданың «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесін өткізуге дайындығын тексерді. Астана әкімдігі ЭКСПО – 2017 халықаралық көрмесін өткізу аумағын және қаланың оң жақ жағалауындағы орталық көшелерді су басумен байланысты жобаларды кезең-кезеңмен жүзеге асырумен нөсерлі кәріз жүйесін дамыту бо-йынша 2019 жылға дейінгі іс-шаралар жоспарын әзірледі. Көрме кешенін аралау барысында Премьер-министр қалалық жолаушылар көлігі мен такси қызметі қалай жаңғыртылатынын қарап шықты.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

9 − six =