«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Үкімет әлеуметтік қолдау жайын талқылады

0 117

Үкімет үйінде Премьер-министр орынбасары Ерболат Досаевтың төрағалығымен ел азаматтарының табысын арттыру мен тұрмыс сапасын жақсарту, сондай-ақ көпбалалы отбасыларды қолдау шараларын күшейту жөніндегі жұмыс тобының кезекті отырысы өтті.

Жұмыс кеңесі аясында халықтың әлсіз топтарын, әсіресе көпбалалы отбасыларды қолдау­дың қосымша тетіктерін әзірлеу және әлеуметтік әл-ауқатын қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін арттыру мәселелері талқыланды. Еліміздің өңірлерінде көпбалалы отбасылармен кездесулер және аулаларды аралау барысында жұртшылықтан түскен нақты ұсыныстар қаралды.
Е.Досаев қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру мен тұрмыс сапасын жақсарту Үкімет жұмысының Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылғы 5 қазандағы Жолдауында атап көрсеткен басты басымдығы екенін мәлім етті. Тиісінше, табыс көлемінің өсуін қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын арттыру жөніндегі міндеттер – орталық және жергілікті атқарушы органдардың басты жұмыстарының бірі. Вице-премьер тұрғындар жағдайын жақсарту бойынша бірнеше ұсынысын алға тартты.
– Бірінші, бұл әлеуметтік әл-­ауқатты қамтамасыз ету бойынша қабылданатын шаралардың тиімділігін арттыру, екінші, жағдайы төмен топтарды қолдау­дың қосымша тетіктерін әзірлеу. Біз өткен аптада жұмыс тобының бірінші отырысын өткіздік. Бұл мәселеге тек орталық және жергілікті мемлекеттік органдарды ғана емес, сонымен қатар азаматтық қоғам өкілдерін де шақырдық, – деді Ерболат Досаев отырыс барысында.
Ол осы аптада көпбалалы отбасылармен кездесу барысындағы әкімдіктерден алынған ұсыныс­тарды жинау аяқталатынын атап өтті.
– Астанадағы қайғылы оқиға біраз мәселенің бетін ашып берді. Ал билік енді ана мен бала проблемасына көз жұмып қарамайды. Біздің жұмысымыздың негізгі бағыттары ретінде бюрократиялық рәсімдерді оңайлату арқылы атаулы әлеуметтік көмек алуды жеңілдету, мемлекеттің қолдауына мұқтаж көпбалалы отбасыларға жәрдемақы төлеу тетігін жетілдіру, жергілікті атқарушы органдар жекелей көпбалалы отбасыдан шыққан балаларды бастауыш сыныпта тегін ыстық тамақпен, қоғамдық көлікте жол жүру билетімен қамтамасыз етуді және т.б. кеңейту мәселесі қарас­тырылады. Сондай-ақ аса мұқтаж көпбалалы отбасылардың тұрғын үй жағдайын жақсарту тұрғысынан муниципалды арендалық тұрғын үйге қолжетімділікті арттыру мүмкіндігі жекелей талқыланады, – деді вице-премьер.
Кеңеске «Нұр Отан» партия­сының өкілдері, Парламент Мәжілісінің депутаттары, әлеуметтік-экономикалық блок, инф­рақұрылымдық даму, ішкі істер органдарының, сондай-ақ селектор режимінде жергілікті атқарушы органдардың басшылары және сараптамалық қауымдастық пен ҮЕҰ өкілдері қатысты.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова еліміздің барлық өңірінде оперативтік штабтар құрылғанын жеткізді. Оның айтуынша, халықпен және бастамашы топтармен кездесулер өткізіліп жатыр, сонымен қатар көпбалалы отбасылардың тұрғын үй-тұрмыс жағдайын тексеру мақсатында аулаларды аралау жұмыстары жүргізілу үстінде. Бүгінде жергілікті жерлерде ұсынылатын түрлі әлеу­меттік қызметтер, денсаулық сақтау қызметтері, білім беру, тұрғын үй жағдайлары, әлеуметтік қорғау салаларына қатысты 1500-ден аса ұсыныс жинақталған. Азаматтар әкімдіктерге жүгіну арқылы қосымша ұсыныстарын жеткізе алады.
Индустрия және инфра­құ­рылымдық даму министрі Жеңіс Қасымбек азаматтардың тұр­ғын үй жағдайларын жақсарту мәселелері туралы баяндады. Сөз ара­сында халықтың әлеуметтік осал топтарына тұрғын үйдің қолже­тімділігін арттыру бойынша қосымша нақты тетіктері әзірленіп жатқанын қозғап өтті. Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев жаңа мектептер салу, бастауыш сыныптардың оқушыларын тегін тамақпен қамту үлесін кеңейту, сондай-ақ ауылдық елді мекендерде білім берудің қолжетімділігін арттыру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов медициналық қызметтердің сапасын жақсарту, олардың қолжетімділігін арттыру және балаларды денсаулық сақтау жүйесімен қамту бойынша орындалып жатқан жұмыстар туралы мәлімдеді. Үлестеу тетігі көпбалалы отбасылардың мүшелеріне, халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына қымбат тұратын процедураларды, дәрі-дәрмек түрлерін, стоматологиялық қызметтерді және т.б. алуына мүмкіндік беретіні аталып өтті. Өз кезегінде Қаржы министрі Әлихан Смайылов бюджеттің әлеуметтік бағыты туралы баяндады. Республикалық бюджеттен 2019 жылға әлеуметтік салаға 4,8 трлн теңге бөлінбек, бұл бюджеттің барлық шығындарының 45 пайызын құрайды. Сонымен қатар, әлеуметтік сала шығыстарының үлесін одан әрі арттыру жұмыстары жалғаспақ. Жұмыс тобының келесі отырысы 21 ақпанда өткізілмек.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды