Ұйымшыл ұжым

0 86

…«Астана ақшамы» газетінде жыл жарымнан астам уақыт қана тілшілік қызмет атқарғаныммен, сол жиыр­ма жыл бұрынғы журналистік күндер жадымда күні бүгінгідей жаңғырып тұр.

Бұл кезең бас редактор Жұмагүл Саухаттың «Астана ақшамына» әр өңірдің қаламы жүрдек тілшілерін іріктеп жинаған шағы. Алматыдан келген кезімде редакция ұжымы кілең сайдың тасындай сақа журналис­терге толы еді. «Астана ақшамының» редакциясы ол кезде «оң жағалаудағы» ескі балабақша ғимаратының екінші қабатында болатын. 1999 жылдың аяғында газеттің «Мәдениет, әдебиет және өнер» бөліміне тілші болып қабылдандым. Осы бөлімде 2001 жылдың шілде айына дейін сол тұста қаламы ұшқыр журналист, қазір есімі елге белгілі этнограф-жазушы Қайратұлы Бекен ағамен тізе қоса қызмет атқардық. Жетісу өңіріне танымал журналистердің екеуі газеттің басшылық қызметінде. Талғат Батырхан ағам бас редактордың бірінші орынбасары, марқұм Әсембеков Ерғазы ағам жауапты хатшы. Батыстан Төлеуғалиев Таңатар аға, Рамазанов Темірхан аға, қарағандылық марқұм Тілеуов Айтқадыр аға, торғайлық Яшүкірқызы Өріс апай, ақмолалық журналистер Қожабеков Ғалым аға мен Ошақбаев Сағат ағалар – сол кездің өзінде жастары қырықтың о жақ, бұ жағындағы кәнігі журналистер. Тіпті, газетті фотосуреттен тарықтырмайтын елгезек Виктор Федюниннің өзі мосқал фототілші еді. Сондықтан болар, жасымыз отыздан енді асқан көкшетаулық Хасенов Жанғали, талдықорғандық Құмарбаев Асқар құрдастарым мен «ай-хай 25-ті» артта қалдырған Қияс Амангелді, Жанқұлиев Мақсат бесеуміз редакциядағы жастар қатарынан саналып қалдық.
Ұжымда тәп-тәуір қалыптасқан тәртіп бар-ды. Бас редактордың таңғы және кешкі лездемесінен ешкімнің бес минут кешігуге құқы жоқ. Тілшілер күнара өз жұмысының есебін беріп, газеттің алдағы нөмірлері күн сайын пысықталып отырады. Оның үстіне газеттің он бес қызметкері редакцияға таяу тұстағы көне жатақхананың ұзын дәлізді бір қабатында бірге тұратынымыз тағы бар. Бас редактор мен бірінші орынбасардың және бір-екі қызметкердің ғана «тұрағы» бөлек. Қалған он бесіміз бір шаңырақтан шыққан ағайындылар сияқтымыз. Бәріміздің күн сайын жұмысқа жұбымыз жазылмай бірге барып, кешке «улап-шулап» дегендей, бірге қайтып жүретін кезіміздің өзі – «Астана ақшамындағы» естен кетпес «хикаялардың» бірі.
Редакцияда жұмыс қайнап жататын-ды. Елорданың бас газеті тілшілерін жылт еткен жаңалық­тарын насихаттауға арнайы ша­қыр­майтын мекеме некен-саяқ. Сондай таусылып бітпейтін «шақыр­тудан» біріміз келіп жатсақ, екіншіміз апыл-ғұпыл жиналып тағы бір жиынға құстай ұшып кетіп бара жатамыз. Негізінде, біздің бөлімге қатысты жиынның дені үнемі кешке қарай өткізілер еді. Қызметтестердің бәрі алтыдан аса үйлеріне қарай беттесе, біз кешке қарай өтетін танымал өнерпаздың концертіне, әйгілі қайраткердің кездесуіне, жаңа туындының тұсаукесеріне, яки, қала әкімшілігі ұйымдастырған түнгі ойын-сауық сияқты жиындарға қатысуға кетіп бара жататынбыз. Содан отбасымызға түн ортасында «таксилетіп» зорға жетіп жүретін едік.
Газет тілшісі болған қысқа мерзім ішінде жоғарыда аты-жөндері аталған әрістестермен өте жақсы татулық, сыйластықта болдық. Елімізге есімі әйгілі көптеген тұлғалармен мәжілістес, сұхбаттас болдық. Адалдықпен атқарған журналистік еңбегіміз әділ бағаланып, 2000 жылы Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты атандық. Сондықтан, «Астана ақшамы» газетіндегі тілшілік кезеңді қаламгерлік өмірімдегі белді белестің бірі деп санаймын.

Төлеген Жәкітайұлы,
журналист

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

thirteen + 12 =