ҮЙРЕНІП, ӨЗГЕЛЕРДІ ҮЙРЕТСЕК…

0 109

Өз жерінде жүріп, өз ана тілін қаншалықты білетінін сарапқа салып, сайыс өткізетін біздің ел ғана шығар. Ұйымдастырушылар бұған амалсыз барады. Себебі белгілі. «Еліміздегі мемлекеттік қызметкерлердің ша­мамен 85-87 пайызы қазақ бола тұра, олар қазақша сөйлемейді, іс-қағаздарын қазақша жүргізбейді. Мемлекеттік тілді әуелі өзіміз үйреніп алмай, өзгелерге үйрен деп қалай айтамыз?! Сондықтан, тіліміздің қолдану аясын кеңейтуге үлес қосатын мұндай байқаулар бізге қажет», – дейді қалалық Тілдерді да­мыту басқармасының бастығы Ербол Тілешов.

Әңгімеміз Қазақстан халқы тілдерінің XІV қалалық фестивалі аясында Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма театрында өткізілген «Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте» атты байқау жөнінде болып отыр. Жыл сайын өткізілетін сайысқа осы жолы Астананың 16 мемлекеттік мекемесі қатысуға ниет білдірген екен. Соның ішінде жетеуі іріктеліп, байқауға жолдама алған. Атап айтқанда, елорданың Сарыарқа ауданының әкімдігі, Статистика, Әділет департаменттері, Астана қалалық соты, Экономика және бюджеттік жоспарлау, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының әрқайсысы бес адамнан тұратын командасы қатысып, мемлекеттік тілді қаншалықты меңгергендерін көрсетті.

Төрт кезең бойынша сайысқан қатысушылар әуелі өздерін, жұмыс істейтін мекемесін, мақсат-міндеттерін жұртшылыққа таныстырды.

Екінші шарт бойынша, сайысшы­лар қазақ тілінің бүгінгі қоғамдағы жай-күйі мен қолданылу деңгейін көрсететін көріністер қойды. Қатысушылардың бұған да жақсы әзірленіп келгені байқалып тұрды. Командалар түгел мемлекеттік тілдің қазіргі әлжуаз ахуалын қойылымдарына арқау етіп, тілін қор санаған, рухани жүдеу жан­дарды астарлы әзілдерімен түйрей білді. Атап айтқанда, Сарыарқа ауданы әкімдігінің жігіттері ұлттық мүддеміздің әлі күнге дейін алға шыға алмай келе жатқаны – өзгенің көңіліне қарап жалтақтаған жалпақшешейлігімізден екендігін сын тезіне алса, Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы қазақ тіліндегі «атсалысу», «аты­шулы» сынды сөздердің келсін-келмесін кез келген жерде қолданыла беруі белең алғанын айтты.

Ал терминдерді қазақшаға ауда­ру жарысында Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен Статистика департаментінің қыздары алдына жан салмады.

Сұрақ-жауапта қай команда да бір-бірінен қалысқан жоқ.

Сайысқа әр мекеме қазақ тілін еркін меңгерген қызметкерлерін жібергені түсінікті. Соның өзінде қазақтың кейбір сөздеріне тілдері келмей тұтығып, айналдырған төрт-бес жолды жатқа айта алмай қиналған қатысушылардың болғаны қынжылтты.

Жалпы, «Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте» байқауында ә дегеннен-ақ, көзге түскен Астана қалалық сотының қызметкерлері болды. Қай жағынан да қабілетті екендіктерін көрсеткен олар бәйгенің бірінші орнын жеңіп алды.

Екінші орын Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының өкілдеріне бұйырды. Ал Сарыарқа ауданы әкімдігінің жігіттері үшінші орынды еншіледі.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

ОСЫ БАЙҚАУДЫ БАСТАН-АЯҚ КӨРГЕН АДАМ АСТАНАНЫҢ БАСҚАРМАЛАРЫНДА ӨҢКЕЙ ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ҚАМЫН ЖЕГЕН, МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ДЕГЕНДЕ НАМЫСТЫ ҚОЛДАН БЕРМЕЙТІН ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ ЕКЕН ДЕП ОЙЛАП ҚАЛУЫ КӘДІК. ОЛАЙ БОЛҒАНДА ҒОЙ, ТІЛІМІЗ БАЯҒЫДА-АҚ МЕМЛЕКЕТТІК «ШАПАНЫН ЖАМЫЛЫП», ТӨРДЕ ОТЫРАР ЕДІ. ӨКІНІШТІСІ СОЛ, БҰЛ – ТЕК САХНАДАҒЫ САЙЫС ҚАНА. МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕРДІҢ ӘРҚАЙСЫСЫ ІС ЖҮЗІНДЕ ДЕ ДӘЛ ОСЫЛАЙ САЙРАП, МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ МӘРТЕБЕСІН КӨТЕРСЕ ЕКЕН ДЕЙСІҢ ҚИЯЛДАП

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 + six =