ҮЙЛЕР ЕНДІ ҚАНША ҮЗДІКТІРЕР ЕКЕН?

0 99

Астана қалалық мәслихатының депутаттарын мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы аясында са­лынып жатқан баспаналардың жай-күйі шындап алаңдатқан сыңайлы. Алдағы сессияда қаралатын басты мәселе де осы. Алдымен құрылысты аяқтауға тұсау болып отырған жайттарды өз көздерімен көру үшін халық қалаулары тұрғын үйлерді аралап шықты.

 Астанадағы мемлекеттік бағдарлама аясында салынып жатқан тұрғын үйлердің аяқталуын талай адам үздіге күтіп жүр. Бағдарлама бойынша үй алу тізіміне іліккен адамдардың түгелі дерлік бір баспанаға зәру екендігін ескер­сек, сол тұрғын үйлерді аяқтау – қаншалықты маңызды іс екенін түсінесіз.

Бюджеттік ұйым қызметкерлері мен жас отбасылар қоныстанатын баспаналардың басым көпшілігі Н.Тілендиев даңғылының оңтүстік беткейінде орналасқан. Сондықтан мәслихат депутаттары алдымен осы өңірді бетке алып, С.Сейфуллин көшесіндегі «Сапа» тұрғын үй кешені мен 187,188-ші көшелердегі көп қабатты үйлердің жай-жапсарымен танысты.

Қаншама халықты сарғайта күттірген бұл үйлердің аяқталуына не кедергі болып тұр деген сауалымызға Астана қаласы Құрылыс басқармасы бастығының орын­басары Нұрбол Нұрсағатов оның объективті және субъективті себептері көп екендігін айтты. Бір ғана мысал, көп қабатты үйлердің бірін салып бітіруге тиіс «Де­кор Астана» атты түрік елінің құрылыс мекемесі орта жолдан жұмысты тастап кеткен екен. Сол үшін олар тиісті жазасын да алған. Бұл мердігерлердің орнына басқаларды тауып, белгіленген мердігер тиісті процедуралардан өтіп, жұмысты қолға алғанша тұрғын үй құрылысы уақытша тоқтап қалған.

Кейбір құрылысқа қаржы жағы да қолбайлау болған. Әу баста бір шаршы метрі 56 мың 515 теңгеге бағаланған баспаналар са­лынып біткенше құрылыс заттары қымбаттап кетіп, бастапқы бағаны өтей алмай қалған.

– Бірақ қазір бар мәселе шешілген, -дейді Нұрбол Төлегенұлы. – Әрине, сын-ескертпелер жоқ деп айта алмаймын, бар. Мердігерлер ешқайда кетпейді. Дереу кем-кетікті орнына келтіреді, түзетеді. Бұлар – 2008-2011 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама аясындағы соңғы үйлер. Бұдан кейін қолға алынатын бағдарламаның шеңберіндегі үйлердің бағасы жақсы. Мұндағыдай мәселе туын­дамайды деп ойлаймын.

Мамандар салып жатқан үйлерінің құрылысын бірер айда толық аяқтаймыз деп уәде етіп отыр. Егер мемлекеттік комис­сия тарапынан сын-ескертпелер болмаса, онда жұртшылық көптен күткен пәтеріне осы жылдың аяғына дейін қол жеткізетін бо­лады.

Қымбат НҰРҒАЛИ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

20 + 11 =