Үйлену оңай ма?

0 94

«Үйлену оңай, үй болу қиын» дейтініміз бар. Елордадағы М. Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры премьерасын ұсынған Н. Гогольдің «Үйлену» комедиясын тамашалағанда, үйленудің өзі оңай іс емес екенін көруге болады. ХІХ ғасырдың орта шенінде жазылып, көрерменге жол тартқан аталмыш туындыны бас қаланың байырғы өнер ұжымы жаңа заманға лайықтап, жаңаша жаңғыртты. Спектакльді Татарстаннан арнайы шақырылған Қазан қаласының жас көрермендер театрының бас режиссері Туфан Имамутдинов сахналады.Бір атап өтерлігі, бұл қойылыммен орыс театры бір жарым жылға жуық уақыт үзілістен кейін өз сахнасына оралды. 2018 жылдың күзінде театр ғимаратында күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Сол уақыттан бастап мәдени ошақ Бейбітшілік және келісім сарайы, «Жастар» сарайы секілді қаланың өзге алаңдарында спектакльдерін қойып жүрді. Театрдың негізгі ғимаратында жөндеу жалғасып жатыр. Өнер ұжымының басшылығы биылғы күзде 120-шы мерейтойлық маусым ашылғанша толығымен аяқталатынына үмітті. Ал әзірге кейбір қойылымдарды кіші залда қоюды ұйғарды. Соның алғашқысы осы «Үйлену» комедиясы болды.
Спектакльде оқиға көпшілігімізге таныс кәдімгі кеңседе өрбиді. Адам көп уақытын жұмыста өткізетіні бәрімізге белгілі. Тіпті, жеке өмірін екінші орынға ысырып тастап, алдымен жұмысын ойлайтын адамдар да арамызда кездеседі. Күйбең тірліктің қамымен кетіп, жастары біразға келіп қалса да үйленбеген жігіттер, отырып қалған қыздар қазір қоғамда көп. Әлеуметтік мәселелерді айтпағанда, көпшілігіне кеңсе жұмысы мұрша бермейді. Ала таңнан қара кешке дейін қағаз жұмысына көміліп отырса, үйленіп, үй болуды олар қайдан ойласын? Қазіргі өмір шындығы – осы. Режиссер классикалық қойылым арқылы мұны тұспалдап жеткізеді.
Сахнада белгілі бір шаруамен кеңсеге келгенде кезегіңді белгілеп беретін терминал мен таблоның орнатылуы да ұтымды шешім болды. Бұл құралдарды көріп, оқиға ХІХ ғасырда емес, өзіміз өмір сүріп отырған заманда өтіп жатқандай әсер береді.
Кейіпкерлерге келсек, сүрбойдақ министрдің кеңесшісі Иван Подколесин (Денис Анников) үйленуге бел буады. Бірақ нақты шешімге келе алмай, ұзақ толғанысқа түседі. «Үйлену ел айтатындай оңай іс емес екен ғой. Оған жан-жақты алдын ала дайындық керек. Әйтпесе, ұятқа қалуға болады» деп ойлайды ол оңашада отырып. Бұған қам да жасап қойған екен. Фекла Ивановна (Нина Дроботова) деген жеңгетайға алдымен қалыңдық қарастырып қоюға тапсырыс берген. Жеңгетай Агафья Тихоновна (театрдың жетекші актрисасы Светлана Фортуна) атты 26 жастағы компания басшысын (пьесаның түпнұсқасында көпес қызы) ұсынады. Подколесин сонда да тартыншақтайды. Ақыры істі досы Илья Кочкарев қолға алып, Иван мен Агафьяны қосады.
Спектакльде Агафьяны жар етуге үміткер Иван Яичница, Никанор Анучкин және Балтазар Жевакин дейтін кейіпкерлер де көрінеді. Олар Иван Подколесинмен тартысқа түседі. Бір сөзбен түйіндегенде, күлкілі көріністерге толы, жеңіл әзіл-қалжыңға құрылған қойылым көрермендерді жалықтырмайды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

13 + 1 =