Үйірмеге үйір бол!

0 37

Елордада қалалық мәслихат депутаттары жаңадан ашылған білім беру нысандарын аралады.

Шара №90 мектеп-гимназия­сының жанындағы «Шұғыла» community-орталығынан басталды. Жиналған білім саласының қызметкерлері мен депутаттар орталықтың жұмыс барысымен, карантин жағдайындағы үйірмелердің онлайн оқыту жүйесімен танысты. Соңғы жылдары шалғай аудандар мен тұрғын үй алаптарында оқушыларға қосымша білім беретін community-орталықтарды ашу жаппай қолға алынған еді. Сәйкесінше, елордадағы екі Оқушылар сарайы шеткі аймақтағы мектептерден филиалдарын ашты. «Шұғыла» community-орталығында робот техникасы және 3D-модельдеу, хореография, лингвистика, домбыра, шахмат, тоғызқұмалақ, вокал үйірмелері жұмыс істейді. Сабақтарды Оқушылар сарайының мұғалімдері өткізеді.
– Орталық 1 ақпаннан бастап жұмыс істейді. Қазіргі таңда 355 бала қосымша тегін білім алуда. Барлығы 7 үйірме бар. Жоспар бойынша алдағы уақытта оқушылар санын 600-ге дейін жеткізбекшіміз. Қаламызда дәл осындай «Шұғыла» community-орталығы 5 мектепте жұмыс істейді. Көбіне қаланың шет мектептерінде орналасқан. Өйткені көп балаларда Оқушылар сарайына келетіндей мүмкіндік жоқ. Сондықтан біз балаларға барынша қолжетімді өңірлерде ашуды мақсат еттік, – деді әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайы директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Медет Қазиханұлы.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тұрғын үй кешендерінің төменгі қабаттарынан әлеуметтік маңызы бар нысандар ашу туралы бастама көтерген еді. Соған сай «Жағалаудағы» жаңадан салынған бірнеше тұрғын үйдің төменгі қабаттары оқушылар игілігіне пайдалануға берілді. «ArtTumar» сәндік-қолданбалы өнер орталығы №2 өнер мектебінің жанынан жұмыс істейді. Мұнда көркем тоқыма, ағаш ою, зергерлік өнер, құрақ құрау, кесте тігу, қыш өнері, тері өңдеу сыныптары бойынша – барлығы алты үйірме бар.
– Өнер орталығының сыйымдылығы 552 балаға шақталған. Арнайы станоктармен, тігін машиналарымен жұмыс істеу балаларға қауіпті. Сондықтан орталық 10-15 жас аралығындағы оқушыларды қабылдайды. Бұл жерде ұлттық қолөнерімізді дәріптейміз. Қаламызда №2 өнер мектебінің дәл осындай 11 орталығы бар, – деді орталық директоры Гүлмира Жангелді.
Дегенмен бірнеше ай бұрын ашылған «ArtTumar» сәндік-қолданбалы өнер орталығының кейбір үйірмелеріне балалардың қызығушылығы аз көрінеді. Сондықтан депутаттар бос тұрған кабинеттерге сұранысқа ие шахмат, сурет сынды бағыттарды енгізуді ұсынды.
Бұдан кейін шараға қатысушылар «ARQA ALAN» балалар мен жасөспірімдер орталығына бас сұқты. Мұнда қазақ күресі, тоғыз­құмалақ пен шахмат, асық ату үйірмелері жұмыс істейді. Спорт орталығы 550 балаға арналған. Жаттықтырушылары да осал емес. Қазақстан мен Азияның чемпиондары мен спорт шеберлері сабақ береді. Бір-біріне жақын орналасқан жаңа нысандардың ерекшелігі – заманауи дизайн мен техникалық базалардың жеткілікті болуы. Кәсіптік білім беру мекемелерінің студенттеріне арналған «Аспаздық студия» барлық халықаралық стандарттарға сай жасақталған. Мейрамхана кешенінде оқу процесіне қажетті заттың бәрі бар. Аспаздық студияға республикалық бюджеттен ішкі құрал-жабдықтары алынса, жергілікті бюджеттен жөндеу жұмыстары жүргізілген. Жастарымыз кәсіптік білім алғаннан кейін осы орталық арқылы ірі мейрамхана желілеріне жұмысқа орналаса алады. Әлем бойынша жұмысшы мамандықтар арасындағы ең танымал «WorldSkills» жарысына осы студияда дайындалуға болады. Сондай-ақ нысанда қысқа мерзімді курстар өткізу де жоспарланып отыр.
– Жаңадан ашылған білім беру нысандары сол маңдағы балаларға қолжетімді. Қаламыздың шеткі аймақтарындағы жаңадан салынған үйлерде орналасқан. Қазіргі кезде ұлттық спорт пен ұлттық дәстүрімізді ұмыт қалдыр­мауымыз керек. Осы орайда жас ұрпақтың бойына ұлттық рухты ояту мақсатында ерекше үйірмелердің заманауи үлгіде жұмыс істей бастағандығы қуантады. Тек бұл үйірмелерді насихаттау жағы жетіспейді. Асық атуға, тоғызқұмалаққа, киіз басуға оқушылардың қызығушылығы ерекше екенін байқадық. Енді осы үйірмелердің жұмысы туралы жан-жақты ақпарат таратуымыз керек. Осы іске танымал мәдениет қайраткерлерін тартсақ та болар еді, – деді мәслихат депутаты Алтыншаш Табулдина.
Айта кету керек, бұл нысандардың барлығы мемлекеттік қолдау аясында тегін жұмыс істейді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

13 − ten =