©2020 Астана Ақшамы
ҮЙДЕН ҮМІТ ҮЗБЕЙІК
Астана десек… тіліміздің ұшына «баспана» деген сөз қоса оралады. Себебі, бас қала тұрғындарының біраз бөлігі үйі болмай, күйсіз жүр. Өкімет бұл жағдайға көз жұмып отырған жоғын да айтуымыз керек. Себебі, былтыр мыңдаған елордалық пәтер иесі атанды. Осыған қатысты нақты дерекке, қалалық Тұрғын үй басқармасының былтыр атқарған жұмысын саралай отырып көз жеткіздік.
Өткен жылы басқармаға заңды және жеке тұлғалардан 18 352 өтініш түсіп, басшылар 1 155 адамды қабылдапты. Бүгінде мемлекеттік қордан берілетін үй кезегінде 25 421 қала тұрғыны тұр. Айтпақшы, өткен жылы ел Үкіметі бекіткен қаулыға сәйкес, енді үй кезегіне тұру үшін қажетті құжаттар Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы қабылданады. 2012 жылы пәтерге мұқтаж жандар есебінде 7 801 адамнан өтініш қабылданды. Ал 1 712 адамның өтініші қабылданбай, 1 329 өтініш құжаттары толық болмауына байланысты иесіне қайтарылған. Сөйтіп, бағдарлама ережесінде көрсетілген санаттар бойынша 4 760-ы нақты тіркеуге алынды.
Елорда әкімдігі тұрғын үй нарығындағы жағдайды тұрақтандыру үшін құрылысы аяқталмаған нысандардан пәтер сатып алды. Бүгінде ол үйлерде құрылыс жүріп жатыр. Аталмыш үйлер дайын болған кезде коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер алу үшін есепте тұрған азаматтарға кезек бойынша берілетін болады.
2009-2012 жылдар аралығында мемлекет қорынан пәтер беріліп, соның нәтижесінде 1986 -2003 жылдар аралығында кезекке тұрғандар баспаналы болды.
Бұдан бөлек, еліміздің «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңына сәйкес, өткен жылы 208 пәтер иесін тапты. Баспаналы болғандардың арасында соғыс ардагерлері, мемлекеттік қызметкерлер мен бюджеттік мекеменің жұмыскерлері және тұрғын үйі апатты болып танылған адамдарға берілді. Тұрғын үй басқармасына қатысты айтылатын арыз-шағым көп екені белгілі. Осыған орай, басқарма пәтерге мұқтаж жандардың кезегін Астана әкімдігінің сайты мен БАҚ-та жариялап отыр. Ол пәтер бөлу барысының шынайылығын дәлелдеу үшін жасалғанын атап өтуіміз керек. Сондай-ақ, бұқарамен етене байланысу үшін басқарманың басыбайлы сайты ашылды. Енді қала тұрғындар өз өтініш-шағымдарын сол сайтқа жолдай алады.
Былтыр кілті тапсырылған пәтерлер туралы айтқанда мемлекеттік бағдарлама бойынша берілген пәтерлерді тілге тиек еткен жөн. 2005-2007 жылдарға арналған бағдарлама аясында қалған 609 адам үй алды. Сонымен бірге, 2008-2010 жылдар бағдарламасының бірінші кезеңіне кіретін 1553 адам, ал екінші кезеңі бойынша 183 қала тұрғыны үй алды. Осы мемлекеттік бағдарлама шеңберінде сатылған үйден жергілікті бюджетке 7,8 млрд теңге түсті. 2012 жылдың бюджетінде жоспарланған сома толығымен орындалды.
Сол сияқты 319 пәтер жалға беріліп, 559 пәтер жекешелендіріліп, ал тағы 254 пәтерді қожайындары сатып алды. Жекешелендірілген пәтерден түсетін ақша 120 млн деп жоспарланған-ды. Сәті түсіп, жоспар 5 есе орындалды. Сонымен, бүгінде ол көрсеткіш 593,4 млн-ды көрсетті. Оған қоса, жалға берілген пәтерден түскен түсім де 2 есе көбейді.
Басқарманың өткен жылы істеген шаруасын айта берсек көп. Ең бастысы, жұмыс істеліп жатыр. Соның нәтижесінде Астана тұрғындары үйлі һәм күйлі болып келеді. Әрине, бір жылда 2-3 мың пәтер беріп, бар қазақты баспанамен қамту мүмкін емес. Әйтсе де, көш бір орында тоқтап тұрған жоқ. Бәрі болмаса да, бірі үйлі болып жатыр. Басқарма бұл жұмысты қашан да істей бермек.
Мембағдарламаның екінші кезеңі бойынша 2263 пәтердің кілтін иесіне табыстау керек. Соның нәтижесінде қала қоржынына 8 млрд теңге түсім түсіру жоспарлануда. Екіншіден, жылдар бойы кезегін күтіп отырған халыққа жалға пәтер беруді діттеп отыр. Үшіншіден, 2013 жылы мемлекеттік қажет үшін жалпы сомасы 2 100 286 000 теңгені құрайтын жерді қайтарып алу керек. Әне-міне құлайын деп апатты жағдайда тұрған үйлерді де ысыру керек. Мұны төрт деңіз. Ең соңғысы әр ең маңыздысы – биыл «Қолжетімді баспана» бағдарламасы басталады.
«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы «Жас отбасы» санаты бойынша құжат қабылдау басталмақ. Осыған байланысты Тұрғын үй басқармасы алдына ауқымды міндеттер қойып отыр. Сондықтан, үйден үміт үзуге негіз жоқ. Ерте ме, кеш пе, бар қазақтың баспаналы болары анық.
Айнұр САНАБЕК