ҮЙДЕН ҮМІТ ҮЗБЕЙІК

0 105

Астана десек… тіліміздің ұшына «баспана» деген сөз қоса оралады. Себебі, бас қала тұр­­ғын­­­дарының біраз бөлігі үйі болмай, күйсіз жүр. Өкімет бұл жағдайға көз жұмып отырған жоғын да айтуымыз керек. Себебі, былтыр мың­даған елордалық пәтер иесі атанды. Осыған қатысты нақты дерекке, қалалық Тұрғын үй­ басқармасының былтыр атқарған жұмысын саралай отырып көз жеткіздік.

Өткен жылы басқармаға заңды және жеке тұл­ға­лар­дан 18 352 өтініш түсіп, басшылар 1 155 адамды қабылдапты. Бүгінде мемлекеттік қордан берілетін үй кезегінде 25 421 қала тұрғыны тұр. Айтпақшы, өткен жылы ел Үкіметі бекіткен қаулыға сәйкес, енді үй кезегіне тұру үшін қажетті құжаттар Халыққа қыз­мет көрсету орталықтары арқылы қабылданады. 2012 жылы пәтерге мұқтаж жандар есебінде 7 801 адамнан өтініш қабылданды. Ал 1 712 адамның өті­ні­ші қабылданбай, 1 329 өтініш құжаттары толық бол­мауына байланысты иесіне қайтарылған. Сөйтіп, бағ­дарлама ережесінде көрсетілген санаттар бойынша 4 760-ы нақты тіркеуге алынды.

Елорда әкімдігі тұрғын үй нарығындағы жағдайды тұ­рақтандыру үшін құрылысы аяқталмаған нысандардан пәтер сатып алды. Бүгінде ол үйлерде құрылыс жүріп жатыр. Аталмыш үйлер дайын болған кезде коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер алу үшін есепте тұрған азаматтарға кезек бойынша берілетін болады.

2009-2012 жылдар аралығында мемлекет қорынан пәтер беріліп, соның нәтижесінде 1986 -2003 жылдар аралығында кезекке тұрғандар баспаналы болды.

Бұдан бөлек, еліміздің «Тұрғын үй қатынастары ту­ралы» заңына сәйкес, өткен жылы 208 пәтер ие­сін тапты. Баспаналы болғандардың арасында соғыс ар­дагерлері, мемлекеттік қызметкерлер мен бюд­жет­­тік мекеменің жұмыскерлері және тұрғын үйі апатты болып танылған адамдарға берілді. Тұрғын үй бас­қар­масына қатысты айтылатын арыз-шағым көп екені белгілі. Осыған орай, басқарма пәтерге мұқтаж жан­дардың кезегін Астана әкімдігінің сайты мен БАҚ-та жариялап отыр. Ол пәтер бөлу барысының шы­най­ылығын дәлелдеу үшін жасалғанын атап өтуіміз ке­рек. Сондай-ақ, бұқарамен етене байланысу үшін бас­қарманың басыбайлы сайты ашылды. Енді қала тұр­ғындар өз өтініш-шағымдарын сол сайтқа жолдай ала­ды.

Былтыр кілті тапсырылған пәтерлер туралы айт­қан­­да мемлекеттік бағдарлама бойынша берілген пә­тер­лерді тілге тиек еткен жөн. 2005-2007 жылдарға арналған бағдарлама аясында қалған 609 адам үй алды. Сонымен бірге, 2008-2010 жылдар бағдарламасының бірінші кезеңіне кіретін 1553 адам, ал екінші кезеңі бойынша 183 қала тұрғыны үй алды. Осы мемлекеттік бағдарлама шеңберінде сатылған үйден жергілікті бюджетке 7,8 млрд теңге түсті. 2012 жылдың бюджетінде жоспарланған сома толығымен орындалды.

Сол сияқты 319 пәтер жалға беріліп, 559 пәтер же­ке­ше­лендіріліп, ал тағы 254 пәтерді қожайындары сатып алды. Жекешелендірілген пәтерден түсетін ақша 120 млн деп жоспарланған-ды. Сәті түсіп, жоспар 5 есе­ орындалды. Сонымен, бүгінде ол көрсеткіш 593,4 млн­-ды­ көрсетті. Оған қоса, жалға берілген пәтерден түс­кен түсім де 2 есе көбейді.

Басқарманың өткен жылы істеген шаруасын айта берсек көп. Ең бастысы, жұмыс істеліп жатыр. Соның нә­ти­жесінде Астана тұрғындары үйлі һәм күйлі болып келеді. Әрине, бір жылда 2-3 мың пәтер беріп, бар қазақты баспанамен қамту мүмкін емес. Әйтсе де, көш бір орында тоқтап тұрған жоқ. Бәрі болмаса да, бірі үй­лі­ болып жатыр. Басқарма бұл жұмысты қашан да іс­тей бермек.

Мембағдарламаның екінші кезеңі бойынша 2263 пә­тердің кілтін иесіне табыстау керек. Соның нә­ти­же­сінде қала қоржынына 8 млрд теңге түсім түсіру жоспарлануда. Екіншіден, жылдар бойы кезегін күтіп отырған халыққа жалға пәтер беруді діттеп отыр. Үшін­­ші­ден, 2013 жылы мемлекеттік қажет үшін жалпы сомасы 2 100­ 286 000 теңгені құрайтын жерді қайтарып алу керек. Әне-міне құлайын деп апатты жағдайда тұрған үй­лер­ді де ысыру керек. Мұны төрт деңіз. Ең соңғысы әр­ ең ма­ңыздысы – биыл «Қолжетімді баспана» бағ­дар­ла­ма­сы басталады.
«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы «Жас от­басы» санаты бойынша құжат қабылдау басталмақ. Осыған байланысты Тұрғын үй басқармасы алдына ау­қымды міндеттер қойып отыр. Сондықтан, үйден үміт үзуге негіз жоқ. Ерте ме, кеш пе, бар қазақтың бас­паналы болары анық.

 Айнұр САНАБЕК

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

thirteen + 17 =