«Үйдегі дәрігер» көпшілікке қолжетімді қызмет көрсетеді

0 55

Елордада «Үйдегі дәрігер» жобасы аясында жұмыс жүргізіп келген «Аманат» отбасылық денсаулық орталығы қазіргі пандемия жағдайына бейімделіп, көпшілікке қолжетімді қызмет көрсете бастады. Мұнда алғашқы медициналық көмек көрсетумен қатар, мобильдік бригада қызметі іске қосылған. СОVID-19 инфекциясы бойынша тест қабылдау да жүргізіледі.Жақында № 9 қалалық емхана тарапынан осы жоба аясында Ә.Бөкей­хан көшесі, 21А үйінде ашылған «Аманат» отбасылық денсаулық орталығы сол жағалаудағы аудан тұрғындарына қолжетімді жерден білікті медициналық көмек көрсетуде. Орталықта жұқпалы аурулармен ауыратын науқастарды қабылдауға арналған сүзгі кабинеті, жалпы тәжірибе дәрігерлерінің, акушер-гинекологтың қабылдау кабинеттері, қарап-тексеру және скрининг кабинеттері, дәріхана, егу және емшара кабинеттері, сондай-ақ күндізгі стационар қарастырылған. Қазіргі уақытта орталық­тың қызмет көрсету аумағы 10 шақырымнан асады. Әсіресе, Ә.Бөкейхан, Ұлы Дала көшелерінің ауданында халық тығыз қоныстанған, ол жерде көптеген жаңа тұрғын үй кешендері салынуда. Тіркелген ересектер мен балаларға медициналық көмек тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында көрсетіледі.
Жалпы, 2023 жылға де­йін қалада 51 дәрігерлік амбулатория ашу көзделген. Бұл, біріншіден, учаскелік және отбасылық дәрігерлерге қолжетімділікті арттырады. Науқастар тұр­ғылықты жеріне барынша жақын жердегі дәрі­герлік амбулаторияға жетіп, онда базалық медициналық көмек алуы тиіс. Екіншіден, емханалардағы кезектер азаяды, үшіншіден, осы жобаға барлығы қатыса алады, соның ішінде жекеменшік медициналық орталықтар да бар.Айсұлу ЧУКАЕВА,  «Аманат» отбасылық денсаулық
орталығының меңгерушісі:

– Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде пациенттерге ЭКГ, пикфлоуметрия, пульсоксиметрия, УДЗ (іш қуысы органдары, кіші жамбас, ішперде сыртындағы кеңістік) сияқты диагностикалық қызметтер қолжетімді болады. Орталықта Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес балалар мен ересек тұрғындарға екпе жасалады. Дені сау баланың жарық және жайлы кабинеті біздің кішкентай пациенттеріміздің өсуі мен дамуын динамикалық бақылауға арналған. Емшара кабинетінде тәжірибелі мейіргерлер зертханалық зерттеулер үшін биоматериалдарды алады. Орталық тіркелген 17 мың пациентке, оның ішінде 4800 балаға медициналық көмек көрсетуге дайын. Бас санитар дәрігерінің қаулысы бойынша орталықта мобильдік бригада қызметі ұйымдас­тырылған. Оған 4 санаттағы үйге шақыртылатын жедел жәрдемнің қызметі кіреді және орталық амбулаторлық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етеді.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

20 − 20 =