Үйде отырып қалай емделеміз?

0 319

Пандемияның Қазақстандағы екінші толқыны халықты біраз әуре-сарсаңға салуда. 29 маусымдағы дерек бойынша елордада қауіпті инфекцияны жұқтырғандар саны – 3788, симптомы жоқтар – 1455 адам. 2721 науқас жазылып шықты, өкінішке қарай, 61 адам дерттен қайтыс болды. Ауруханада орын мен дәрігер жетпей, жедел жәрдем қызметіне күш түскесін медицина мамандары симптомы жоқ және аурудың жеңіл түріне шалдыққандарды үйде учаскелік емхана дәрігерінің қадағалауына беріп, тіпті науқастардың өздері де үй жағдайында емделуіне болатынын мәлімдеді.

Қорқынышты басып, қам жасаңыз…
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы Қоғамдық денсаулықты нығайту орталығының басшысы Жазира Ембердиева ұсынған үй жағдайындағы ем туралы кеңесіне қазір көп адамдар құлақ асып жатыр. Жалпы аурудың сесі иммунитетті нығайтса басылатынын бірден байқағандар алдын ала немесе ауру байқалғанда дереу әрекет етіп, жазылып болғанда кеңес­терін елге жариялау­да. Ал аталған орталық басшысының айтуынша, коронавирус­тың алғашқы белгілері байқалса, бірден қорқынышқа бой алдырудың қажеті жоқ. Үйден шықпай, отбасындағы өзге жандардан оқшауланып, жергілікті емханадағы дәрігерді хабардар ету керек. Дәрігер симптомдарды жазып алып, ауруды нақты ПТР әдісімен анықтау үшін мұрыннан және аңқадан алынған жағындыны COVID-19-ға тексеруге жібереді. Оқшаулау орнын да дәрігер белгілейді.
– Жалпы әлсіздік, тамақтың жыбырлауы, құрғақ жөтел, иіс, дәм сезбеу, дене қызуының 38-39 градусқа дейін және одан да жоғары көтерілуі, дененің қалтырап, бастың қатты ауыруы, бұлшық еттің ауыруы – аурудың ең жиі кездесетін белгілері. Кейде ас қорыту бұзылып, науқас құсып, іші өтуі мүмкін. Ал кейде 4-8 күнде кеуде қуысы ауырып, ол демікпеге ұласады. Тыныс алу қиындайды. Мұндай кезде учаскелік дәрігерді шақырып, жедел жәрдем қызметіне хабарласқан жөн. Вирустың симптомдары суық тиюге немесе тұмауға қарағанда, айтарлықтай ұзақ болады, – дейді Ж.Ембердиева.

Суды көп ішудің көмегі зор
Адам ағзасының 70 пайы­зын құрайтын судың қазір коронавирустен емделу және оның алдын алуда пайдасы көп болып тұр. Былайғы уақытта да судың көп ауруға ем екені айтылады. Әрине, су қауіпті дертті бойы­ңыздан жұлып тастай алмайды, дегенмен ол ағзаны түрлі зиянды заттардан тазалап отыратындықтан, бұл вирустың да тамақтан әрі қарай өкпеге түсуіне кедергі келтіреді. Әлеуметтік желіде өз жағдайы туралы жазба қалдырған вирус жұқтырған азаматтардың айтуынша, оларға көп сұйықтық ішу – ауруға қарсы жақсы ем екені жиі ескертілген.
– Коронавирус кәдімгі тұмау секілді басталады екен, кейін адамнан күш-қуат мүлдем кетеді, температура қосылады. Төртінші күні денемнің температурасы 39-ға барды, қиын болды. Бір рет жедел жәрдем келіп өкпемді тексерді, таза екен. Бұл инфекция қатты ауру болғанымен тұмау ғой, грипп, ЖРВИ. Сондықтан ыстық шай көп ішіп, терлеп жату керек. Антибиотиктерді қабылдап жүрдім, алдымен сумамед, одан кейін амоксиклав. Ауруханаға бармадым, бәрібір орын жоқ, дәрігерлер жетіспейді. Үйде жатып емделдім. Кардиомагнил деген дәріні іштім, – дейді науқастанып қалған әлеуметтік желі қолданушыларының бірі.
Равиля Егембердиева, С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ профессоры, медицина ғылымдарының кандидаты:
– Лимон, таңқурай қосылған шәй, жалпы жылы су көп ішу керек. Су ауруды жеңіл өткеріп, тезірек жазылуға көмектеседі. Ал кейбіреулер айтып жүргендей, спиртті ішімдік ішу емге жатпайды. Ас содасы қосылған буға дем алу туралы да ақпарат шықты, бұл рас. Ол шырышты қабықты жұмсартып, науқас адамның дем алысын жақсартады.
Қарақат Әбілдина, әнші:
– Мына вирус мені де айналып өтпеді. Мұндай жағдайда адамға паника көмектеспейді. Бірден тамыр­дан витамин аралас­тырып, аскорбин қышқылы мен глюкоза алып бастадым. Ингаляция жасап, тамақ-мұрынды шайып, сұйықтықты көп ішіп, сорпаланып жылы оранып жатыр­мын. Ауырған адам бөлек бөлмеде болып, балаларға жақындамағаны дұрыс. Вирусқа қарсы анаферон, C витаминін ішкізіп, алдын алмаса болмайды. Бөлмені кварцтап, ауаны тазартып тұру да өте маңызды.

Тамақтың құнарлылығы, ұйқының қанықтығы маңызды
ЖРВИ кезіндегідей емес, бұл инфекцияның симп­томдары 2 есе ұзақ уақыт бойына байқалуы мүмкін. Тағамның иісін және дәмін сезбеген науқастар дұрыс тамақтанбағанның кесірінен жағдайы нашарлап, сусызданған және әлсіреген күйде ауруханаға түседі.
Сондықтан үйде дұрыс тамақтану керек. Негізінен, ботқа, қышқыл сүт өнімдері, балық, жеміс-жидек және көкөніс сияқты жеңіл қорытылатын калориялы тағам тұтыну қажет. Әсіресе, балық, жаңғақ пен зәйтүн майындағы омега-3 маңызды. Олар қабынуға қарсы тұруға көмектеседі. Иммунитетті күшейтеді. Дене белсенділігін шектеп, ұйқыны жақсылап қандырудың да маңызы зор.
Гүлжазира Берікқызы, журналист:
– Итмұрын С витаминіне өте бай, лимоннан 50 есе көп. Бұл жидекті қайнаған суға бұқтырып қойып іше беріңіз. Бұрқыратып қайнатсаңыз, витамині азаяды. 1 литрге 10/15 дана жетеді, не шәй шығаратын құманға 3/5 салып жіберіңіз. Пайдасы ұшан-теңіз, әсіресе, тұмауды емдеуде. Тек асқазаны ауыратындар гастрит, панкреатиті барлар абайласын. Өйткені аскорбин қышқылы бар құрамында. Тістің эмаліне де кері әсері бар. Сондықтан итмұрын компотын ішкен соң таза жылы су ішіп жіберіңіз. Жоғары қан қысымы барлар да көп ішпесін. Қант қоспай демдеген дұрыс. Одан бөлек Р, РР, калий, магний, т.б. витаминдер жетеді.
– Жазира Ембердиева, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы Қоғамдық денсаулықты нығайту орталығының басшысы:
– Күніне екі рет дене қызуын, тамыр соғысын, тыныс алу жиілігін, қан қысымын және зәр бөлу жиілігін тексеріңіз. Емхана дәрігерімен үнемі хабарласып тұрыңыз. Егер ауыр дем алсаңыз, ішіңізбен жатқаныңыз абзал. Іш қуысындағылардың диафрагманы қыспауы және өкпенің ауамен, қанмен қанығуына кедергі келтірмеуі үшін кеуде қуысыңызға және жамбасыңызға жастықша төсеңіз. Бұл тыныс алуды жеңілдетіп, кеуде қуысыңыздың ауыруын аздап басады.

Дәріханалар алды ұзын-сонар кезек
Өзін-өзі емдеуге көшкен халық науқасы бар, аурудың алдын алуды ойлағаны бар ең қажетті деген дәрілерді іздеп, жаппай қаланың дәріханаларын «жаулап алуда». Сондай дәріханалардың бірінің иесі Ерболат Серікұлының айтуынша, қазір халық іздеген дәрі-дәрмектер көтерме дәрі сататын қоймалардан табылмай тұр. «Қоймада жоқ болса, біз қайдан аламыз? Ал оларға неге түспей жатқанын білмедім» дейді ол. Ал осы аптада байқағанымыз, елордада бірде-бір дәріхана телефон соқсаң алмайтын болған. Яғни, дәрі іздеп мазаны алатын қоңырау соғушылардың көптігінен олар телефондарын өшіріп тастаған. Алматы ауданындағы «Алифарма» дәріханасының алдында ұзын-сонар кезекте тұрған тұрғындармен тілдескен едік. Көп қабатты үйдің артқы жағындағы дәріхана алдында 50 шақты адам кезекте тұр. Жеңіл көліктер жолдың жартысын жапқан. Бәрі маска таққан, барынша арақашықтық сақтауға тырысып тұрғандары байқалады. Қаланың басқа жерінде табылмай жатқан бірқатар дәрілер осында бар екенін тұрғындар телеграмм боттар мен сайттар арқылы біліп кеп тұр. Көбінің іздегені – тұмау мен вирусқа қарсы антибиотиктер.
– Леволет деген дәрі іздеп келдім. Басқа жақта жоқ.
– Вирусқа қарсы ингавирин деген дәрі алуға келдім, үйде ата-анам инфекция жұқтырып ауырып жатыр.
– Сумамед, аспирин, цефазолин, парацетамол алуға келдім. Тек осында бар екен. Тіпті Гиппократта жоқ. Таныстарым осында бар дегесін келдім. Келгеніме 45 минут болды. Әр адам 10-15 минуттан кіріп шығып жатыр. Ешкім ауырып жатқан жоқ. Тек өзім үшін алдын алу мақсатында сатып алмақпын. Жұрттар жәшіктеп алып жатыр дейді. Олай болмайды ғой, өзім аз ғана алсам болды.
– Ингавирин, азитромицин деген дәрі іздеп келдім, анам вирус симптомдары бар сияқты, қызуы көтеріліп ауырып жатыр. Өзі дәрігер болғасын осы дәрілерді алып келуге жұмсады. Басқа дәріханаларда дәрілер келесі апталарда болады деп айтты.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

16 + 6 =