ҮЙ ХАЙУАНАТТАРЫН ТІРКЕТУ КЕРЕК

0 112

34

Мәслихаттың Құрылыс, экология, көлік, сауда және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының қоғамдық тыңдалымы өтті. Күн тәртібі бо­йынша Астана қаласы Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ардақ Досанов баян­дама жасап, қаладағы иттер мен мысықтарды асырау ережесі туралы мәлімет берді.

Естеріңізде болса, өткен жылдың қаза­нында үй хайуанаттарын ұстау тәртібі мәслихатта қаралған болатын. Соның нәтижесінде қолданыстағы ереженің талаптарын жетілдіру жөнінде депутаттар тарапынан ұсыныстар айтылып, қайта қарауға жіберілген еді. Бүгінгі қоғамдық тыңдалымда осы құжат қайта көтеріліп, көпшілік талқысына түсті.
Атап айтқанда, ит иелеріне қатысты нақты талаптар айқындалып, үйде ит ұс­тау, көпшілік жерлерде қыдыртуға қа­тысты ережеге талаптары күшейтілетін болады. Баяндамашы хайуандарға қаса­қана қиянат көрсеткен, бақылаусыз иттер­дің санын көбейтіп, айналасындағы сани­тарлық жағдайды бұзғандарға жауапкер­шілікті арттыру қажеттігін айтты. Тәртіп талабын бұзған жағдайда салынатын айыппұл мөлшері қайта қаралуда екен.
Бұл ретте ит иелерінің жауапкершілігін арттыратын шаралар арқылы қаладағы қаңғыбас иттердің санын кемітуге, олардың түрлі ауру таратып, қалалықтарға қауіп келтірмеудің жолын қарастыру қажеттігі айтылды.
Бүгінде «Астанаветсервис» ұйымында үй хайуанаттарын тіркеу жүргізіледі.
Онда тіркелген 18 882 үй жануарларының 14 мыңнан астамы иттер екен.
Елордадағы үй хайуанаттарын ұстауға қатысты өткен жылы 1894 ит пен мысық иелері әкімшілік жауапқа тартылып, 1,3 млн теңге айыппұл салынған. Хайуанаттарды тыйым салынған орындарда тұмылдырықсыз қыдыртып, өмірге қатер келтірген 1760 адамға ескерту жаса­лынған. Жылдам және тиімді әдістің нақты тетігі заңнамада көрсетілмеген себепті, тәртіп бұзған ит иелерін жауап­кершілікке тартудың амалының босаң­дығы осы отырыста көтерілді.
Қоғамдық тыңдалымда көтерілген мәселелердің бірі ит ұстау ережелерін насихаттау мақсатындағы ақпараттық жұмыстардың жайы болды. Егер шетел­дік тәжірибеге сүйенсек, Германия сияқты бірқатар Еуропа елдерінде ит ұста­ғаны үшін арнайы салық төлейді. Англия тұрғыны үйінде ит асырағысы келсе, ли­цензия алады, ол үшін арнайы дайын­дықтан өтіп, емтихан тапсырады екен.
Қоғамдық тыңдалымға қатысқан қалалық кинологиялық ұйымдардың өкілдері қаңғыбас иттерді аулау кезінде қатыгездікпен емес, жұмысты өркениетті жолмен ұйымдастыру қажеттігіне мән берді.

Айгүл УАЙСОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two × one =