ҮДЕДЕН ШЫҚҚАН ҮЗДІКТЕР

0 200

Кеше Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің қатысуымен елордада алғаш рет мемлекеттік қызметшілер күніне арналған салтанатты жиын өтті.

Бүгінде елімізде 90 мыңға жуық азамат мемлекеттік қызмет саласында табысты еңбек етіп келеді.

– Өткен жылы Президент жарлығымен 23 маусым Мемлекеттік қызметшілер күні деп бекітілгені белгілі. Бұл мереке биыл алғаш рет тойлануда. Қай мемлекетті алсақ та, оның өсіп-өркендеуіне мемлекеттік қызметшілердің қосар үлесі зор. Олай болса, ел астанасының дамуына атсалысып жүрген, ыстығы мен суығына төзе білген, бар білімін елдің қалыптасуына арнаған сіздерді төл мерекелеріңізбен құттықтаймын! Мемлекеттік қызмет саласын табысты реформалау және бәсекеге қабілетті, сауатты, білікті мамандармен толықтыру ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сая­си ұстанымының нәтижесі деп білемін. Сондықтан, ел алдындағы міндетімізді барынша жауапкершілікпен атқаруға шақырамын, – деді қала басшысы құттықтау сөзінде.

Төл мереке қарсаңында қызмет бабында іскерлігімен ерекше көз­ге түскен жандарды елорда бас­шысы «Үздік мемлекеттік қызметші» белгісімен арнайы мара­пат­тады. Үдеден шыққан үздік­тер қатарында Астана қаласы әкімі аппараты кеңсесінің бас маманы Қанікен Кәрібаева, Қаржы басқармасы басшысының орынбасары Бақытгүл Сүлейменова, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Әбдіхамит Тамабаев бар. Сондай-ақ, Алматы ауданы әкімдігінің кеңсе басшысы Людмила Фомичева, Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ләззат Әбуова және Астана қаласы бойынша Қазынашылық департаментінің басқарма басшысы Баян Сыдықова қала әкімі атынан алғыс хат иеленді.

Салтанатты шараның соңында мемлекеттік қызметке жаңадан қабылданған жас мамандар ант қабылдады. Мемлекеттік қызмет істер жөніндегі агенттіктің Астана қаласы бойынша басқарма басшысы Тілеген Қасқин құттықтау сөз сөйлеп, бірқатар мемлекеттік қызметшілерді дипломмен марапаттады.

– Жаңа үлгідегі мемлекеттік қызмет тұжырымдамасында көрсетілген басымдықтарды есте ұстау – қай-қайсысымыздың міндетіміз. Тиім­ділік, нәтижелілік, меритократия, ашықтық және тұрғындардың өтінішін қанағаттандыру қызмет бабындағы басты бағытымыз болмақ. Өздеріңізге белгілі, «А» корпусы жуырда ғана құрылды және тиімділігін көрсетуде. Астанада мемлекеттік қызмет саласында аймақтық хаб іске қосылып, мемлекеттік қызметке қабылдау рәсімі барынша жеңілдетілді. «Командалық ауысуға» тосқауыл қойылып, заң шеңберінде этикалық және тәртіптік қадағалауды сақтау күшейіп келеді. Елімізде мемлекеттік қызметшілер күнін атап өту осы салада тер төгіп жүргендердің абыройын арттыруға, Елбасы жариялаған «халық пен мемлекетке қызмет ету басты басымдық» қағидасы арқылы кәсіби мемлекеттік аппарат қызметінің негізгі ұстанымдарын дәріптеуге ықпал етпек. Ендеше, күні-түні ел игілігі жолында аянбай тер төгуге шақырамын, – деді Т.Қаскин.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eighteen − 7 =