Учаскелік инспекторыңызды танисыз ба?

0 199

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда халыққа жолдаған Жолдауында ««Жұртқа жақын полиция» қағидаты бойынша жергілікті полиция қызметінің мейлінше тұтас реформасын жасау қажеттігін айтқан болатын. «Осыған орай учаскелік инспектордың рөліне баса мән берілетін болады. Учаскелік инспектордың мәртебесін заңнама арқылы арттырып, оның өнімді жұмыс істеуіне мол мүмкіндік берген жөн. Ол азаматтар алдында танымал, қолжетімді әрі беделді болуға, солардың құқықтарын қорғауға тиіс» деді Президент.

Ильинка тұрғын алабында

Осы бағытта қандай шаралар қолға алынып жатқанын білу үшін, жалпы учаскелік инспекторлар жұмысымен танысу үшін Есіл аудандық полиция басқармасы жергілікті полиция қызметіне қарасты Ильинка тұрғын үй алабына келдік. Соңғы жылдары аумағы үлкейіп, үлкен кентке айналған Ильинканың үйлері алыстан көз тартады. Мұнда асфальт төселген, қаладағыдай ағылып жатқан көлік жоқ, біз барғанда жұмыс уақыты еді, елдің көбі қалада жұмыс істейтіндіктен, көшеде бейсауат жүрген адам көрінбейді. Есіл ауданы әкімшілігінің мәліметі бойынша Ильинка тұрғын үй алабында халық саны – 21 175 мың адам. Ал ресми емес мәлімет бойынша 25 мыңға жуық адам тұрады. Бұл жерде жалға берілетін де жатақханалар көп. Мысалы, 93 мекенжай жалға беріледі. Осыдан-ақ учаскелік инспектор жұмысының оңай еместігін шамалауға болады. Норма бойынша 23 мың тұрғынға 7 учаскелік инспектор керек. Қоғамға жаны ашитын, учаскелік инспекторларға көмектесуден қашпайтын азаматтар көбірек болса, ол да қоғамдық тәртіпті сақтауға сеп болар еді.Инспектор өрт те сөндіреді

Есіл аудандық полиция басқармасы жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Бақдәулет Пернешов он үш жылдан бері органда қызмет етіп келеді. Ал Ильинкада учаскелік полиция болып қызмет етіп жатқанына екі жарым жыл. «Ильинка тұрғын үй алабында тұратын халықтың конституциялық құқығын қорғау, заңды мүліктерін қылмыс­тық құқықбұзушылықтан сақтауда ІІМ 2015 жылы 29 желтоқсанда шыққан бұйрығына сәйкес, халықпен қалай жұмыс істеу керектігі, есепте тұратын қиын отбасылар, бас бостандығынан айыру орындарынан келген адамдармен қалай жұмыс істеу керектігі көрсетілген жоспарға сай жұмыс істейміз» дей келіп, күнделікті жұмыс туралы айтып өтті.
Ильинка аумағында күн сайын екі учаскелік инспектор кезекшілікте болады. 102 хабарламасына келіп түскен шақыртулардан бөлек тікелей шақыртуларға барады. Адам көп жиналатын жерлерге ақпараттық парақша ілінгендіктен, жергілікті халық 102-ге емес, тікелей осы жерге хабарласады. Әсіресе, отбасылық жанжалға байланысты шақыртулар көп болады. Көбіне ішкілік себеп. Инспекторлар мұндай отбасыларды жетісіне екі рет қадағалап отырады, қайталанған жағдайда шара қолданады. Айтпақшы, Ильинкада ұрлық жасау деңгейі былтырғыға қарағанда әлдеқайда төмен екен. Жылдан жылға халық саны көбейгендіктен, жүктеме көп. Учаскелік инспекторлар халықпен байланысты нығайту үшін күніне 3-4 рет көшелерді аралап, адамдар жиналып тұрған жерге барып, хал-жағдайларын біледі.
Учаскелік инспектор Бақдәулет Пернешов жақында орын алған оқиғаны айтты. Әріптесі әдеттегіше аумақты жоспарлы аралап жүрген кезде жеке үйдің төбесінен түтін шығып жатқанын көрген, барса үй өртеніп жатыр, оны үй ішіндегілер білмеген. Учаскелік инспектор көршілерді шақырып, өзі шатырға шығып, шлангамен су сеуіп, өрт сөндірушілер келгенше адамдарды шығарып, әрекет жасаған. Ауылдық жер болғандықтан, қысқа қарай өрт шығуы жиі орын алады. Оны қадағалау да міндетке кіреді. Одан бөлек жағдайы қиын отбасыларға көмек көрсету, қайырымдылық акциялары ұйымдастырылып тұрады.Мақсат – қауіпсіз аула жасау

№21 учаскелік полиция пунктінің жауапты инспекторы, полиция капитаны Айдос Момбиев 2013 жылдан бері осы қызметте. Ол «Полиция халықтың көмекшісі болуы керек» деп есептейді. Айдостың «Президенттің учаскелік инспекторлардың ролін көтеру туралы айтқаны көңілге қонды. Қызметкердің әлеуметтік жағдайы жасалса, ол үйінің проблемасын ойламайды, жұмысқа барымен беріледі» деген пікірінің жаны бар. Шынында да, баспана мәселесі шешілмеген, айлығы жетпей жүрген адамды жұмысқа жанын салады деу қиын. «23780 адам бар, 21 әкімшілік аумақтың көлемі – 800 гектар, қазіргі уақытта учаскелік инспектор саны – 5 бірлік, аңшылық қаруы бар азаматтар саны – 146 адам, 300 бірлік қару тіркелген, сотталған үш азамат, отбасылық жанжал бойынша үш азамат сот шешімінің ерекше талабымен алты айдан бір жылға дейін есепте тұрады. Бес адам бұрын сотталған, бес адам психдиспансерде есепте тұрған, наркодиспансерде есепте тұрған 12 адаммен жұмыс істейміз. Осы әкімшілік аумақта қауіпсіз аула жасау – біздің басты мақсатымыз. Кез келген азамат не тұрғын осы тұрғын үй алабына келген кезде өзінің қауіпсіз жерге келгенін сезіне білуі тиіс. Ол үшін аулаларға камералар, бейнебақылау көбірек орнатылса дейміз. Осы жерде отырып қай жерде не болып жатқанын көріп отырсақ, сол бойынша жұмыстар жүргізе алсақ, халықпен жұмыс жоғары деңгейге көтеріледі» дейді №21 учаскелік полиция пунктінің жауапты инспекторы, полиция капитаны Айдос Момбиев.
Айта кетейік, жаңа Жолдауында Президент Қ.Тоқаев бейнебақылау туралы айтуды да ұмытпады. «Бейнебақылау жүйесін дамыту жөнінде көп айтылады. Бірақ соған қарамастан құқық қорғау органдары көбінесе өздерінің ғимараттарында құрылғысыз отырады. Түзеу мекемелеріне және полиция­­ның қызметтік ғимараттарына жаппай бейнебақылау орнатуды тапсырамын» деді. Бұл – өте маңызды шаруа. Халық тығыз орналасқан жерде қылмыс аз болмайды, сондықтан камера керек. Ильинкадан камера көре алмадық, бірақ, халық тәртіпті көрінеді.Учаскелік полиция санын көбейтуді сұрады

Қарашаш Ташенова, жергілікті тұрғын:
– Ильинка тұрғын алабының жергілікті тұрғыны болғандықтан, полицияға шамам келгенше көмектесемін. Бұл жер қаланың шеткері аймағы және халық саны көп. Бірақ, учаскелік инспекторлар саны аз. Соның өзінде біздің полиция жақсы жұмыс істеп жатыр. Біріншіден, қандай жағдайда да шақырсаң, тез жетеді. Дегенмен, халық көп болғандықтан үлгеру қиын, қосымша учаскелік инспекторлар керек. Сонымен бірге полицияның әлеуметтік мәселелері шешілсе. Менің білетінім, олардың бәрі бірдей баспанамен қамтылмаған. Әскери қалашықтардағы бос үйлерді неге бермеске? Бұл – менің өз ойым. Қалай болғанда да бізге учаскелік инспекторлардың тұрақты түрде жұмыс істегені керек. Үйреніп қалдық, олар біздің Ильинка тұрғын-үй алабының жұмысын біледі. Біздің жақта өрт жағдайы жиі орын алады, сол кезде учаскелік инспектор алдымен көмекке келеді. Бірақ, көріп тұрсыз, халық саны көп, сондықтан бізге қосымша өрт сөндірушілер керек. Орталықтан келіп болғанша уақыт кетеді.«Халыққа жақындаған сайын өзара түсіністік пайда болады»

Біз Ильинкадан шығып, Алматы аудандық ішкі істер бөліміне қарасты мекенжайға бағыт алдық. Біз барғанда Алматы аудандық ішкі істер полициясының учаскелік инспекторы, аға лейтенант Қазыбек Алимов – Б.Момышұлы көшесі, №14-үй мекенжайының ауласында тұрғындармен кездесіп, түсінік жұмыстарын жүргізіп жатыр екен. Оның міндетіне Момышұлы көшесіндегі №12,14,16,18 сияқты үлкен алты ТК мен елу жеке сектор кіреді. «Дәл қазір профилактикалық шаралар бойынша түсінік жұмыстарын жүргізудеміз. Әсіресе, отбасылық жанжалдар бойынша шақыртулар көп болады. Одан бөлек, подъездерде қоқыс қалдыру, түнгі тыныштықты бұзу, аулаларда, скверлердегі мас адамдар жүргені туралы шақыртулар болады. Президенттің учаскелік инспекторлар ролін көтеру туралы айтқанына қосыламын. Халыққа жақындаған сайын өзара түсіністік пайда болады, қылмыс азаяды, ол қоғам үшін пайдалы. Сонымен бірге мобильді жұмыстар тез жасалу үшін қолдау көбірек болса. Әрине, біздің салада жылдан жылға жағдай жақсарып келе жатқаны байқалады, планшет берілді, видеорегистратордың өзі жұмысты жеңілдетеді» деп пікір білдірді ол.

Тұрғындардың көңілі толады

«Сіз өз учаскелік инспекторыңызды танисыз ба? деп тұрғындарды сөзге тарттық. Гүлия Досаева, Момышұлы 14 мекенжайында тұрады. ЖПИК диспетчері учаскелік инспектордың жұмысына оң баға берді. «570 пәтерде әлдеқалай жағдай болса дереу инспекторды шақырамыз, ол дереу келіп шешімін табады» дейді апай.
Абылайхан Жараспаев та осы үйде 7 жылдан бері тұрады екен. Ол да учаскелік инспектор жұмысына көңілі толатындығын айтты. «Өз басым екі рет учаскелік инспекторды шақырттым. Бірінде барсетка ұрланды, оны сол заматта камерадан қарап дереу тауып берді. Екіншіде қоқыс мәселесіне қатысты. Қазір тұрғындар да үйренді, бұрынғыдай қоқыс қалдырмайтын болды. Өз тарапымыздан инспекторға көмектесеміз, ауланы бақылап жүреміз, мас адамдар жүрсе ескертеміз» деді тұрғын.

Мәселенің мәні…

Учаскелік инспекторлардың кейбір мәселелері туралы қалалық мәслихат отырыстарында да бірнеше рет айтылғаны белгілі. Ортақ мәселе – олар отыратын жерлер көбіне тозған жатақхананың төменгі қабаты, ал опорный пункттердің көбі салқын. Басты қиындық учаскелік инспекторлардың жүктемесі көп, мысалы, бір инспекторға 7 мыңнан аса тұрғыннан келеді, бұл – бекітілген нормадан үш есе көп деген сөз. Оның үстіне тек кезекті еңбек демалысында ғана болмаса, басқа уақытта демалыс дегенді білмейтін олардың айлығын да керемет дей алмайсыз. Сонымен бірге көлік қажеттілігі. Учаскелік инспекторлардің көбі шақырту түскен жерге жаяу барады. Өзі жүктемесі көп, өзі жаяу жүрген учаскелік инспектор қалай үлгереді?

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

16 − twelve =