Учаскелік инспектор жетіспейді

0 35

Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінде кадрмен қамтамасыз ету жағынан тапшылық бар. Атап айтқанда, 204 учаскелік инспектор, 40 мектеп инспекторы және кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі 30 инспектор керек. Бұған қоса, қалада қосымша 40-қа жуық полиция пунктіне, модульдік үлгідегі 16 стационарлы бекетке қажеттілік туындап отыр.Таяуда қалалық мәслихаттың заңдылық, құқық тәртібі және жұртшылықпен жұмыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында осыны мәлімдеген елорданың Полиция департаментінің бастығы Ержан Сәденов басқа да проблемалардың басын ашып айтты. Өткен сейсенбі күні мәслихат депутаттары аталмыш департаментке қарасты бірқатар нысандарды аралап, тәртіп сақшыларының жағдайымен танысты.
Алдымен депутаттар Н.Тілендиев даңғылындағы патрульді полиция полкіне барды. Бұрынғы әскери бөлім аумағындағы 1964 жылы салынған қос қабатты ғимаратта полиция полкімен қатар жедел әрекет етудің арнайы жасағы отыр. Мұндағы барлық қызметкерлердің саны – 1247 адам. Ғимарат әбден ескірген. Инженерлік желілер де апатты жағдайға жеткен. Соның ішінде кәріз бен сумен қамту жүйелері әбден тозған. Жылу атымен жоқ. Ғимарат тар болғандықтан, жедел әрекет ету жасағы аулада орнатылған темір контейнерлерде жұмыс істеп жатыр. Тиісті жоспар бойынша нысан сүріліп, тәртіп сақшылары басқа жерге көшірілуі керек. Ал оның орнына жолайрық салынбақ.
Қалада жедел әрекет етудің арнайы жасағына арналған тағы бір ғимарат бар. К.Күмісбеков көшесінде орын тепкен бұл нысанға күрделі жөндеу керек. Тиісті жұмыстар осыдан төрт жыл бұрын басталған. Бірақ орта жолдан тоқтатылған. Мәселені тарқатып айтсақ, 2017 жылы бұрынғы жұқпалы аурулар ауруханасын арнайы жасаққа беру ұйғарылды. Ол үшін ғимаратты жаңғырту керек еді. 2017 жылы бұл жұмыстарға 1 млрд 750 млн теңге бөлінді. Соның 525 миллионы игерілді. Бірақ мердігер жұмысына салғырт, жауапсыз қарағандықтан, 2018 жылы сот шешімімен келісімшарт үзілді. Соған сәйкес жұмыс та тоқтатылды. Содан екі жыл бойы қаңтарылып тұрды. Былтыр «Алам НС» ЖШС-мен 536,7 млн теңге сомасын құрайтын жаңа келісімшартқа қол қойылды. Алайда мердігер қазір бұл қаржыны азсынып, тиісті соманы 590 млн теңгеге көтеруді сұрап отыр. Осылайша аталмыш мәселе тағы тығырыққа тірелді.
Сарыарқа ауданының полиция басқармасы, тіпті, ескі ғимаратта отыр. Ақбұғы көшесіндегі бұл ғимарат 1949 жылы салынып, апатты жағдайға жеткен. Аталмыш басқарманы «Восток» бизнес-орталығына көшіру жоспарланып отыр. Депутаттар осы нысандарға да барды. Жетіген көшесіндегі Әкімшілік полиция басқармасын кеңейту керек. Ол үшін ауладағы көршілес ұйымдардың нысандарын сатып алу қажет.
«Полиция індет басталғаннан осы күнге дейін Covid-19 таралуын болдырмау және қатаң тәртіпті сақтау үшін алдыңғы шепте келе жатыр. Мемлекеттің тұрақтылығы мен қоғамның бірлігі олардың жұмысының сапасына және кәсіби деңгейіне тікелей байланысты. Сондықтан тәртіп сақшыларына дұрыс қызметтік орта қалыптастыру өте маңызды. Ал қазір не көріп отырмыз? Полицияға арналған ғимараттардың жағдайы өте төмен. Қажетті құралдардың, көліктердің, техника қоятын ангарлардың жетіспеушілігі айқын байқалады. Жылдың суық мезгілдерде бұл үлкен проблемалық жағдайларға алып келеді. Күмісбеков көшесіндегі ғимарат қолданысқа қысқа мерзімде берілсе, жедел әрекет ету жасағының біраз өзекті мәселелері шешілер еді. Анықталған мәселелер қызмет сапасына кері әсер беретіні анық. Олардың шешімін шұғыл табу керек. Тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында еңбек етіп жүрген қызметкерлерге жағдай жасау мәселесін қолға алған жөн» дейді қалалық мәслихат депутаты Ерлан Дәкенов.
Қалалық мәслихат хатшысы Ерлан Каналимовтың айтуынша, анықталған мәселелердің барлығы мәслихаттың бақылауында болады. Қала бюджетін нақтылау кезінде бұл мәселелер ескеріледі.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seventeen + six =