ҰБТ-ға тегін дайындайды

0 381

Қашықтан білім алу кезеңінде оқушылардың көбі қосымша білім беру орталықтарын жағалап кетті. Ал ғаламторда білімді бизнеске айналдырған небір платформалардың дәурені жүріп тұр. Шыны керек, шалғай ауылдарда ҰБТ-ға дайындайтын орталықтар жоқ. Қоғамдағы осы бір мәселеге атүсті қарамаған Назарбаев университетінің түлектері «Erkinstudy» курсының негізін қалап, ауыл оқушыларын тегін оқыта бастады. Тіпті былтыр осы орталықта тегін білім алған Армангүл Азатбек ҰБТ-дан 132 балл жинапты.Дегенмен жоба өз шығындарын жабу үшін толықтай тегін білім бермейді. Оқушыларға арнайы жеңілдіктер де қарастырылған. Цифрлы заманның ұрпақтарының 5 минуттан артық зейін қойып тыңдай алмайтынын ескеріп, оқушылар жалығып кетпес үшін видео-сабақтар 5-15 минуттан түсірілген. «Қазір «Tik Tok» пен «Instagram»-ның заманында балалар тез жалығады. Сондықтан біз ең керекті деген ақпарат түсіндіреміз. Биыл 40 оқушыны ҰБТ-ға тегін дайындаймыз. 150 оқушыға 50 пайыздық жеңілдік жасалды. Орталық оқушылары 80 пайызы ауылдан. Осы жолы ҰБТ-да еліміздегі орташа балл көрсеткіші 69 балл болса, біздікі 93 балл болды. Негізі курстарымыз ақылы. Бірақ, қоғамның алдындағы жауапкершілігімізді орындау мақсатында жылдан жылға тегін оқытатын оқушылар санын көбейтудеміз. Сабақ арнайы сайтта немесе платформада сақталған. Сабақты тыңдағаннан кейін оқушы тест тапсырып отырады. Одан жоғары балл алмаса, келесі сабақ ашылмайды. Оқушыларды арнайы кураторлар бақылап, жақсы нәтиже үшін Erkin койнс береді. Сол жинаған койндарға оқушылар ағылшын тілі, түрік тілі, корей тілі курстарыннан дәріс ала алады. Қосымша мобилография, SMM сияқты заманауи мамандық курстарын да сол еркін койнспен алады», дейді жоба жетекшісі
Еркебұлан Әріпбай.
Онлайн мектептің «Erkinstudy» (iOS) мобильді қосымшасы мен Erkinstudy.online сайты бар. Шығармашылық топ ғаламторға қосылған кез келген ауылдағы оқушыларға Халықаралық тәжірибеге негізделген сапалы курстар ұсынады. «Онлайн сабақ беретін курстар көп. Айына ондай курстардың бірнешеуі ашылып, екі айдан кейін жабылып жатады. Уақыт өте келе өздерін дәлелдегендер де баршылық. Біздің басты ерекшелігіміз сабақтарды түсіруде креативті қолданамыз. Және қолжетімді баға, яғни 5 пән айына 6500 теңге. Ең бастысы біз оқушыларды қабылдаған сәттен, оқуға түсіп, құжат тапсырғанға дейін бірге жүреміз. Өзім студент кезімнен сабақ беретінмін. Олимпиадаларға, ҰБТ-ға, Назарбаев Университетіне дайындаған біраз оқушым болды. Сол жолмен оқу бітіргенде «Erkinstudy» орталығын ашу идеясы келді», дейді Еркебұлан Әріпбай.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three − 1 =