ҰБТ-ға дайындық қалай?

0 245

TestPrep-580x260

Биылғы ұлттық бірыңғай тестілеуге Астана қаласының дайындығы қандай, оған қанша оқушы қатысады? Осы жөнінде қалалық Білім басқармасы жалпы орта білім беру бөлімінің басшысы Ботагөз Жүнісова біздің сауалымызға жауап берді.

– Биылғы ұлттық бірыңғай тестілеуде өзгерістер бар ма?

– Биылғы тестілеу сынағында айтар­лықтай өзгерістер жоқ. Талаптары былтырғыдай. Мектеп бітірушілер бес пән бойынша сынақ тапсырады. Олар: қазақ немесе орыс тілі (оқыту тілі), математика, Қазақстан тарихы, орыс тілінде оқытатын мектептердегі қазақ тілі және қазақ тілінде оқытатын мектептердегі орыс тілі және таңдаған мамандыққа байланысты оқушы таңдаған пән. Тестілеуден өтудің шекті деңгейі – 50 ұпай. Ал, ұлттық деңгейдегі жоғары оқу орындарына түсуге үміткерлер кемі 70 ұпай жинауы тиіс.

Әдеттегідей, ҰБТ-ға 3,5 сағат уақыт бөлі­неді. Тестілеуді қайта тапсыруға рұқсат беріл­мейді.

– Елордада тестілеу сынағы қашан болады?

– Жоспар бойынша, 1-15 маусым күн­де­рінде өткізіледі. Түлектер үш пунктте тапсырады. Соның бірі – Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіндегі тестілеу үш кезеңмен өтеді. Себебі, биыл талапкер көп. Бұған қоса, С.Сейфуллин атындағы Қазақ Агротехникалық университеті мен Қазақ гуманитарлық заң университеті базасында тестілеу пункті құрылатын болады.

– Биыл елордадан қанша түлек ҰБТ тапсырғалы отыр?

– Биыл мектеп бітірушілердің саны – 4042. Соның 3496-сы тестілеуге қатысуға өтініш берді. Алдын ала деректер бойынша «Алтын белгіге» үміткерлер саны – 146 оқушы, ал үздік аттестатқа үміткерлер – 71.

– Түлектердің қандай мамандықты көбірек таңдағаны белгілі болды ма?

– Жақында біз Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен бірге мектеп түлектеріне арнап «Қандай мамандықты таңдайсың?» атты сауалнама жүргізген едік. Сонда 344 түлек – экономика, 404-і – медицина, 215-і – заң салаларын таңдады. Биыл құрылысшы, ұста, энергетик, техникалық мамандықты таңдағандардың көптігі қуантты. Олардың саны – 629. Жастарымыз бұл мамандық – елорда үшін қажет екендігін түсінген сыңайлы.

– Енді астаналық оқушылардың ҰБТ-ға дайындығы жөнінде айтып берсеңіз?

–2013-2014 оқу жылында ҰБТ-ға тың­ғы­лықты әзірлену мақсатында оқушы­ларды сынаққа дайындау жөніндегі іс-шаралар жоспары жасалды. Бұл жұмыстардан ата-аналар да сырт қалған жоқ. Оларға ҰБТ өткізу нұсқауы мен тәртібі бойынша ақпараттық-түсіндіру жөнінде жұмыстар жүргізіліп, арнайы ата-аналар жиналысы өтті. Сондай-ақ, мектеп оқушыларымен психологтар жұмыс істеп, балалардың қобалжу деңгейін анықтауға байланысты тренингтер өткізді. Сондай-ақ, Білім және ғылым министрлігінің өкілдері мұғалімдермен, оқушылармен, ата-аналармен кездесіп, 2014 жылы ҰБТ-ны өткізу форматын талқылаған семинар ұйымдастырды.

Міне, оқушыларды ҰБТ-ға дайындау жұмыстардың бір легі осындай. Жалпы Астана қаласының оқушылары ҰБТ-дан жыл сайын жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп жүргенін өздеріңіз де білесіздер.. Биыл да сол деңгейден көрінетініне сенеміз.

Қымбат НҰРҒАЛИ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × 3 =