ҰБТ электронды форматта өтеді

0 68

Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеу электронды форматта өтеді. Бұл туралы Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова мәлімдеді.

«Білім және ғылым министрлігі білім саласын ары қарай жетілдіру бойынша бірқатар жұмыстар атқаруда. Соның ішінде ашықтықты, адалдықты қамтамасыз ететін цифрландыру процесіне көшкеніне біраз уақыт болды. Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеуді электронды форматта өткізілуі жоспарланып отыр. Өздеріңізге белгілі 2004 жылдан бері ҰБТ қағаз форматта өткізіліп келеді. Бастапқы уақытта Ұлттық бірыңғай тестілеудің екі түрлі функциясы болды. Біріншіден, мектеп бітіруге байланысты қорытынды аттестаттау жұмыс­тары және мектеп бітіргендігі жөнінде аттестат алу үшін, сондай-ақ жоғары оқу орнынан түсуге мемлекеттік гранттар конкурсына қатысу функция­сын атқарды» деп тоқталды вице-министр Орталық коммуникациялар қызметінде. Оның сөзіне қарағанда, қазіргі кезде ҰБТ тек қана жоғары оқу орнына түсу үшін мемлекеттік грантты жеңіп алу конкурсына қатысу тетігі болып саналады. «Бұл – әлемдік тәжірибе. Барша әлемде осындай әдіспен жоғары оқу орындарына тестілеу жүргізіліп келеді» деді Ш.Каринова.
Сондай-ақ ҰБТ бұрынғыдай 10 күннің ішінде ғана емес, енді үш ай бойы ҰБТ электронды форматта өтетін болады. «ҰБТ-ны өткізу процесін цифрландыру бірқатар ерекшеліктерге және ұтымды жағдайларға ие. Біріншіден, бұл тест тапсырушылардың өздері үшін ыңғайлы. ҰБТ бұрынғыдай 10 күннің ішінде ғана емес, енді үш ай бойы ҰБТ электронды форматта өтетін болады. Ең ұтымды жағына тоқталсақ, оқуға түсушінің өзі қай күнге, қай уақытта және қай жерде өткізуді таңдай алады. Тіркелгеннен кейін, тестілеуді электронды форматта өтеді» деді жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев.
Айта кету керек, мемлекеттік білім грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін ҰБТ 15 сәуірде басталып, 30 маусымға дейін жалғасады. Компьютерлік ҰБТ-ға өтінішті Ұлттық тестілеу орталығының сайты арқылы беруге болады. Тіркеу онлайн режимде жүргізіледі, ешқандай құжат пен фотосуреттер талап етілмейді. Абитуриент сайтқа кіріп, кез келген тестілеу пунк­тін, ҰБТ тапсыру күні мен өзіне ыңғайлы уақытты таңдайды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

six − 3 =