Уақытша нәпақа талғажу бола ма?

0 93

Елорданың оң жағалауындағы ірі базар. Базар маңын торыған ер-азаматтар. Ығы-жығы адамнан бір арылмайтын бұл ортадан дорба асынған жігіттерді көптеп кездестіресіз. Орда бұзып, қамал алатын шақта қаңғып жүргені не деуіңіз мүмкін, алайда сары аязда сабылып жүруінде себеп бар. Күнкөріс қамымен күндік жұмыс іздегеннің бәрі осында топтасады. Ел аузында бұл жер «пятак» деп аталады. Тірлік күзеткеннің алды қырық-елуді жағаласа, олардың соңын іле жастар кәмелеттен енді асқан. Дені – қазақтар. Бір қарағанда білегі білеудей, бір кәсіпті игерер зіңгіттей жігіттер екені рас. Тек осындай азаматтарды дедектетіп мұнда әкелген не «сиқыр»? Көңілді күпті қылған сауалға жауапты өздерінен білмекке бекіндік.

Полиция қызметкері деп қалды ма екен, әуелгіде топтың ішіне жуытпай, бірі басын ала қашты, бірі жауап беруден бас тартты. Күні бойы жүріп бір-екі азаматпен ғана тілдесудің реті түсті.
Дастан, Павлодар өңірінен:
– Күндік жұмыс істейміз. Таңертең 9-дан кешкі 6-7-ге дейін жүреміз. 5-6 мың теңге аламыз. Кейде одан да көп боп жатады. Жұмыс маусымына қарай. Жазда клиент көп, жұмыс та көп. Қыста сирейді. Артықшылығы сол, еңбекақыңды кешке қолыңа береді. Айлық күтіп жүрмейсің, тұрақты кесте жоқ. Қалаған күні шығасың, шаршасаң, демаласың.
«Клиент» дегені – жұмыс ұсынушы. Қара жұмысшыларды жалдап алып, азды-көпті ақысын төлейтін азаматтар бұлар. Тапсырылған тірліктің қай түрін болсын қымсынбай істей беретін ағалар тұрақты жұмысқа тұруға құлықсыздай көрінді.
Шәріп, Түркістан облысынан:
– Тас төсейміз, құм түсіреміз, қап арқалаймыз, тауар артамыз, қара жұмыстың бәрін жасаймыз. Кешке жұмыс ақыңды пұлдай алып үйге кетеміз. Құрылыста істедім, жеке үйде де жүрдім. Тұрақты жұмысқа ауыспаймын. Не істеймін онда айлық күтіп?(күліп). Тұрақты жұмысқа оқыған, дипломы барды алады. Бізді қайтсін? Оқитын жастан өтіп кеттік қой. Бала-шаға бар, бағу керек.
Уәжі орынды-ақ. Алайда қолының ебі бар азаматқа көше кезбей-ақ, құрылыста да қарақұрым пайда бар. Ал ағамыз жұмыспен қамтитын мемлекеттік бағдарламалардан мүлде бейхабар болып шықты. Енді бір жігіт ағасына осы бағдарлама жайлы сұрау салдық. Жауабы абдыратты:
Досан, Қарағанды өңірінен:
– Тұрақты жұмысымнан шығып қалған соң, мемлекеттік мекемелерге жүгініп көрдім. Шынымды айтсам, маған ұсынған жұмысы ұнаған жоқ. 80 мың теңге жалақысы бар жұмысқа барасың ба? Қазір мұнда күні-түні шығып, 150 мыңдай табамын. Жанұямның тамағын асырауға жетіп тұр әйтеуір.
Жұмыспен қамту бағдарламалары жайлы беттеген адамнан сұрауға талпындық. Көбі «бұл қалада тіркеу­де емеспін» деп қысқа қайырды. Өкініштісі, дерлігі аталған бағдарламаның бар екенінен хабарсыз. Бас шайқап, ондайға сенбейтінін айтқандарды да көрдік.
Бәрінен қызықты жауапты елордада оқитын студент жігіттен естідік. Шын есімін жасыруды сұрап, өзін Бекмұрат деп таныстырды. Колледждің 2-курсында, ақылы бөлімде оқитын көрінеді.
Бекмұрат, Қызылорда облысынан:
– Сабақтан тыс уақытта осында келіп қосымша жұмыс істеп тұрам. Студент болғандықтан, тұрақты жұмысқа тұру қиындау. Мұнда жұмыс қашан да бар. Қолма-қол береді ақшасын. Тіпті, ата-анама салмақ салмай оқуымның ақшасын да өзім төлеп жүрмін. Ақшам біткенде осында бір-екі күн шығып, тиын жасап аламын.
Бейнеті көп бейресми жұмыстың бейнесі – осы. Бірі мұнда нәпақа тауып, күнін жалғауда, бірі отбасына салмақ артпаудың жолын іздеп жүр. Қай қырынан қарасаң да, қара жұмысшылардың еңбегі адал. Бірақ, біз маңдай терінің ақысын алып жүргендерді ғана көрдік. Адал еңбегінің ақшасы төленбей, қулықтың құрбаны болғандар баршылық екенін де құлағымыз шалды.
Естіген-көргендерімізден түйін жасап, жолшыбай жұмыстың қатерін сараптап көрдік. Әуелгі мәселе – еңбек құқығы аяусыз аяққа тапталуда. Жұмысшылар өздерінің нақты қанша сағат еңбек ететіндерін білмейді. Ал жасап жүрген жұмысына тиісті ақы төлене ме, ол белгісіз. Әлгіндей алаяққа жолыққан аптал азаматтың есіл кеткен еңбегін аяйсың. Еңбек шарты түзілмеген шақта заң алдында өз ақысын талап етуі де екіталай. Яғни, мұнда адамның жеке бостандығы мен еңбек құқығы қорғаусыз жатыр.
Кейде екінің бірінде бар кәсіп қазаққа неге жетпейді деп ойланасың. Аспаннан киіз жауса да, кедейге ұлтарақ тимейдінің кері ме екен. Әйтпесе, біздің ел орақ таңдаған олақ, жарақ таңдаған жалқау емес еді. Тапқан байлық төккен термен өлшенер болса, біздің азаматтардың тоқтысы егіз туар күн туды ғой деген ой мазалайды.

Мейіржан ЖИЕНБАЙ,
Л.Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық
университетінің студенті

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eight + 16 =