Уақыт талабымен үндеседі

0 159

Жаңа саяси бағытты айқындап көрсеткен Елбасының халыққа Жолдауы қазақстандық қауымға үлкен ой салды. Оның негізгі мақсаты – қазақ елінің орнықты дамуын әрі қарай жалғастыра отырып, ең мықты дамыған 30 елдің санатына қосылу болып отыр.

Президент ұсынған «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – еліміздің болашақ табыстарының, үстіміздегі ғасырдағы ұзақ жолының бағдары, басты құжат. Президент аталмыш жолдауында латын әліпбиіне көшу мәселесін де көтеріп, сол бағытта қандай жұмыстар жасалу керек екендігін айтып тапсырды.
Жалпы, қазақ жазуының тарихына тоқталар балсақ, біздің жазу мәдениетіміз бұрын болмады, кейіннен қалыптасты деген пікір айтқандар да болған. Мұның бәрі бекер сөз. Мәдениеті бар елдің жазуы болмады дегеннің өзі ақылға сыймайды. Түркі мәдениетінің дүниежүзілік өркениетке қосқан сүбелі үлесі – Орхон-Енисей жазба ескерткіштері. Бұл жазуды алғаш оқып, түсіндірген ғалым В.Томсон «руникалық» жазу деп атады. Орхон жазулары – жергілікті ру таңбаларына ұқсас, геометриялық пішіндегі, идеограммалық түріктердің өзіндік жазуы. Кейін түрік жазуын араб әрпі ауыстырғанымен, бұл мәдени қазына өз құндылығын жоғалтқан жоқ.

Бүгінгі күнге дейін орыс ғалымы Кирилл Мефодий ұсынған әліпбиді қолданып келдік. Білім, ғылым саласындағы жетістіктеріміз де, ақын-жазушыларымыздың туындалары да осы әліпбимен жазылып шықты. Яғни, бұл әліпби кезінде өте қолайлы және қазақ мәдениетінің дамуына, оны жария етуде аталған әліпбидің рөлі зор болды.

Ал, енді біз бүгінде әлемдік ақпараттық кеңістікте өмір сүріп отырған елміз, технологиясы мықты дамыған елдермен иық тіресе алға жылжып Елбасы қойған мақсат – дамыған 30 ел қатарына қосыламыз десек, онда Латын әліпбиіне көшу уақыт күттірмейтін өзекті мәселе деп білемін. Себебі, қазіргі заман – шексіз ақпарат, компьютер заманы, егер уақыт талап етіп отырған даму процесінен қол үзіп қалсақ, онда еліміздің болашақтағы жетер жетістіктеріне тежеу қойғанымызбен бірдей.

Латын әліпбиіне көшкенде ертең бір үлкен қиыншылықтар туындайды екен деп қорқатындай да ештеңе жоқ. Менің ойымша, жаңа әліпбиге көшуге халық дайын сияқты. Себебі, интернеттің, ұялы телефонның көмегімен хат, ақпарат алмасуларда латын әліпбиі қолданылып жүр. Яғни, біз латын әліпбиін қаласақ та, қаламасақ та, уақыттың талабы сол, кириллица әліпбиіне қарағанда латын әліпбиінің үстемдігі жылдан-жылға күшеюде.

Латын әліпбиіне көшу барысында білім беру салаларындағы оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдарды қысқа мерзім ішінде қайта өңдеп шығару жұмыстары өте мұқияттылықты талап етеді. Өйткені, жас ұрпақтың сауаттылығы, жаңа әліпбиді тез меңгеріп алуы осы жұмыстың сапасына тура байланысты болмақ.

Қазақтың әліпбиі басқа түркі тілдес бауыр елдердің әліпбиімен бірдей таңбаланса, тіптен жақсы. Қазақстанның шығармашылық құндылықтары барша түркі әлеміне ортақ, түсінікті болып, тарих, білім-ғылым саласындағы қарым-қатынас одан әрі тереңдей түсуіне себебін тигізетін дүние болар еді. Дыбыстардың латын әліпбиінде ортақ, дұрыс таңбалануы бүкіл түркі халықтарын біріктіретін құрал екендігі де жасырын емес. Бізден бұрын латын әліпбиіне көшкен бауырлас елдердің жіберген кемшіліктерін жібермеуге тырысу керек. Өйткені, әр дыбыстың дұрыс таңбалануы – қоғамның сауаттылығының кепілі. Бір дыбысты қосарланған екі таңбамен таңбалаудан бойымызды алшақ ұстағанымыз жөн.

Қазақтың жазу мәдениетін латын әліпбиімен таңбалау мәселесін чиновниктер емес, лингвист ғалымдардан құрылған жұмыс тобы шешсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Жалпы, латын әліпбиіне көшетін уақыт әбден жетті және болашақта латын әліпбиі қоғамның рухани тұрғыдан баии түсуіне де ықпалы зор деп сенемін.

Қаныбек БИЖАН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two × 2 =