Уақыт – ­сыншыл куәгер

0 48

Ұлы ақын Абай адам өміріне қарата «Егер де есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәрте, болмаса, жұмасында бір, ең болмаса, айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өміріңді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күніңді өзің өкін­бестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?» дейді.Иә, хакім Абай айтқан уақыт есебі деген сауал – жұмырбасты пендеге үлкен ғибрат. Уақыт біз болғанда да, кейіннен болмай қалған соң да болады. Уақыт бізбен бірге өмір сүргені сияқты. Ата-бабаларымыз үшін өмір сүрген, бізден кейінгі ұрпақ үшін де өмір сүреді. Келешекте де өмір сүре береді. Яғни, уақыт деген – тарихымыздың, шежіреміздің, келешегіміздің ең басты кілті. Болған істердің ең шыншыл куәгері. Өмірімізден бөлек алып тастауға болмайтын басты тұлғасы. Басқа тіршіліктерді айтпағанның өзінде, адамның уақытқа мұқтаж екеніне ешқандай талас жоқ. Сондықтан уақытты босқа өткізу – мезгілі өлшеулі, құны өлшеусіз өз өмірімізді рәсуа қылу болып табылады.
Рәсуаның ең үлкені – уақытымыз­ды түкке тұрғысыз дүниелерге жұмсап жүргеніміз. Күнделікті көз алдымызда өтіп жатқанның біреуін ғана мысалға келтірейін. Қазіргі заманда қалта телефонысыз өмір сүруді көз алдыңызға елестете алмайсыз. Десе де, қалта телефонына үңілу шектен шықты. Келе жатсың ба, кетіп бара жатсың ба? Тамақ ішіліп жатқан дастарқан басы ма, жоқ отбасыға тиісті әңгімесі айтылып отыр ма? Сұрақ жауапсыз қалады. Тамақ пен табақ арасында өмірден өмірге жалғасқан жарасымды үйлесімдік бар. Ал қалта телефоны осы жарасымның тіршілікке қатысты қаншасын жасай алуда? Жасап жатыр десек те пайдасы көп пе, зияны көп пе? Тағы да нақтылық жоқ. Олар үшін бәрі бір. Олар үшін не материалдық, не рухани күші жоқ телефондағы кейбір «тексіз ақпарат» қызығырақ. Сол «тексіз ақпарат» маңызы жағынан жанындағы жақындарынан да маңыздырақ болып тұр. Жақының ол – атаң, ол – әжең, ол – әкең, ол – анаң. Осы жақындарды бірсәттік мезет қуанышына айырбастауға бола ма? Өзіне қызық болса, оңашада неге көрмейді дейсің. «Бұлай дейтінім. Отырған бір өзі емес. Бала бар, келін бар дегендей. Кенеттен дастарқан басында өз-өзінен ішек-сілесі қатқанша күледі. Күлкісі таусылған ол жеңіл күлкінің жетегіндегісін ары қарай көруін жалғастыра береді. Көрер көзге ерсі қылық. Айта берсе, таусылмас осындай әрекетті «әдептілік» кез келген отбасында болады. Ескіше ойлайды деген жаласы бар ескі көздер осы «жаңашылдыққа» қорқынышпен қарайды.
Ең қорқыныштысы, «Осы адамдар бірі-бірін өте тез түсінгені. Осы «тексіз ақпаратты» өте қызықты әңгіме жасап, бір-біріне айтқаны. Кешегі сарындағы арзанқол ақпараттың бүгінде басқаша сарында қайталанып жатқанына ой-сана талдауының жетпегені. Өкінетініне өкінбей, қайғы-қасіретке міз бақпаған мәңгүрттігі. Өткеніне мән бермеген салғырттығы. Не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды емес ақпараттар құрбаны болып бара жатқанын байқамауы. Тіпті, бұл – менің өмірім, менің заманым деп өзін-өзі ақтап алуы. Ескі көздердің қорыққанынан бұлардың қорықпауы».
Қазіргі өмірде тыныш жүргендер саны азайып, шағымданатын адамдар көбейіп келеді. Ризамын дегендер ат төбеліндей. Риза емес­терден аяқ алып жүре алмайсың. Осы риза еместердің кейбірі жұмыс жоқ деп жұмыс істемейді. Түйсік деген сезімді зерттедім. Түйсігі жоқ адамның имандылығын айту – бос сөз. Түйсігі шағымданумен ауырған адамға ем қонбайды. Ал шағымдану деген не? Ол «Біреуге көңілі толмайды. Біреудің сөйлеген сөзі ұнамайды. Біреуден өзін ақылды санайды. Біреуді көре алмайды. Қызғаныш сезіміне ерік береді. Біреу туралы көп біледі де, өзі туралы дым білмейді». Бұлар да уақытыңды зая кетіретін адамдық сезімдеріңді рәсуа ететін уақыт жоғалтулар болып шығады.
Адамдар бір-бірімен кездескенде «Көңіл-күйіңіз қалай?» деген сұрақты көп қояды. Егер сізде көңіл-күй жақсы болса, сіз шабыттанасыз. Ал шабыт адамды қызық қарекетке білек сыбана кірістіреді. Оның бастар жолы қиын болғанмен, бір бастағаннан кейін жалғас­тыру оңай болатынына көзіңді жеткізеді. Өйткені кез келген адам өзі қалаған ісін бастағаннан кейін шабыттана түседі. Істеген ісінің қорытындысын көріп, рахатын сезінеді. Не нәрсенің рахатын көру – ол уақытыңның босқа кетпегенінің белгісі.
Осы заманда сол қалта телефонның кез келген жүйесін ақтарсаң, ақшаң көп болса, рахатың да көп болады деген «ақылды» алдыңа тартады. Аса көп тамақ іше алмағаның секілді шамадан тыс ақша не үшін керек деген сұраққа сол телефон жауап таба алмайды. Себебі ақылдан тыс ақша табу ұяты жоқ арман ғана екенін, уақытыңды имансыз тірлікке жұмсау надандық екенін, ол телефон біліп тұрып білгісі келмейді. Ұрлық пен зорлықтан, өтірік пен алдаудан, ұятсыздық пен ашкөзділіктен ғана шамадан тыс артық ақша пайда болатынын ол аңғармайды. Бұның бәрі, сайып келгенде, күннен күнге таусылып келе жатқан өлшеулі өміріңдегі уақытыңның босқа шығындалып, рәсуалануы екені даусыз.
Болашаққа үмітпен қарау – уақытыңның мәнді өтуінің кепілі. Босқа өтіп жатқан уақыттың бір белгісі – үмітсіз өмір сүру. Кейбіреулер ертеңіңді айтып болжама, ол Алланың қалауында деп айтып қалады. Бұл – турасын айтсаң, Алланың адамға берген адамдық жауапкершілігінен құтылудың жолы. Болса – болды, болмаса – болмады деген немкеттілігі. Жеңіл ғана «Алладан болады» деп өткені жайлы айта салған немқұрайлығы. Жауапсыз­дық, немкеттілік, немқұрайлық сезімдер өз-өзінен жалқаулық кірпішін қалап, алынбас қамал тұрғызылып жатқанын сезбегені. Салдары ізделмейді. Ал бұлттың көлеңкесін де ауыр көрер жалқау­лық уақытыңды жалмап жатқан жалмауыз емес пе? Жатып-ішер арамтамақтығымызды неге жасырып бағамыз?
Аса қажет емес дүниелерге көп көңіл бөлеміз. Әрине, дүние керек. Сенің жақсы өмір сүруің дүниең мен байлығыңа да байланысты. Бірақ дүние жинауың бәсеке болса, құнығу болса, біреуді көреалмаудан туындаса, қызғаныштан өзіңді қоярға жер таппасаң, онда сіздің уақытыңыз құрдымға кетіп жатыр деген сөз. Оның үстіне дүние табу мен ақша табу – бір нәрсе. Егер де ақша қуып өмір өткізсеңіз, сіздің уақытыңыз да, өзіңіз де рәсуасыз. Ал ақша сізді қуып жатса, адал ақшаңыз адал ақша құрап жатса. Бұл – сіздің іскерлігіңіз, сіздің ісіңіздің оңға басқаны.
Ұйқы адами болмыстың ажырамас бір бөлігі. Қазіргі заманда осы ұйқы маңызды демалысқа айналып, өмірге енген үстіне еніп келеді. Тынығуды көп ұйқымен байланыс­тырсаңыз, қатты қателесесіз. Көп уақытыңызды ұйқымен рәсуаласаңыз, бойыңызда бір кемшілік бар. Ол кемшілік «жалқаулық, жатып-­ішер, өз үйіне өзі қонақ, ұры-қары, ұятсыз, зорлықшыл, бұзықтық, жеңіл жолмен табыс табу қасиеттері» болып жалғасып кете береді. Құран Кәрімде – «Сізге тіршілік жасау үшін күнді, тынығу үшін түнді жараттым» деген мағынаны меңзейтін аят бар. Күнін түніне ауыстырып алғандар қазір таңсық емес. Екінің бірі ұйқышылдар десем, қатесі көп бола да қоймас. Қазір не көп, мемлекеттік дәрежесі бар мейрамдар көп. Сол мейрамда, сол мейрамның мазмұнына сай рухтанып жатқандар, сол мейрамның мәніне қарай тәрбие іздеп жатқандар көп емес. Олар сол күні мақсатсыз ұйқы құшағында десем, сөзім жалған да емес.
Салауатты өмірге салиқалы көзқарас керек. Жоғарыда санамалаған рәсуа уақыттың қаншасын салауатты өміріңізге бағыттай аласыз? Оған уақыт бөлуге ерік-жігерің жете ме? Түйсігіңізді түпкілікті бұрып табан тіреп тұра аласың ба? Түйсігіңді жақсылыққа бұр, бұл – салауаттылық. Тамақтану мәдениетін сауатты меңгер – бұл салауаттылық. Денеңді қара жұмысқа сал. Денешынықтыру қимылдарын үзбе. Денсаулығым өзімнің қолымда деген сеніміңді күшейт. Мұның бәрі – салауаттылық. Тіршілікте тірі жүргіміз келеді. Өмірде басты байлық денсаулық дейміз. Біздің қолымыздан бәрі келеді дейміз. Біраз нәрсені жасап өзгерте аламыз дейміз. Осылай деп айтып жүргендер уақытқа өз айтқандарын жасата ала ма? Олар ешқашан уақытқа әсер ете алмайтындарын біле ме? Рәсуаланған уақыттың көпшілігі жастық шақта болады. Өтіп кетіп, қайта айналмайтын уақытты өз қолымыз­бен рәсуалап жатқан жоқпыз ба? Бұл сұрақтарды өзіме де қойғым келеді. Бірақ жауабы жоғалып бара жатқан сұрақты тірлікте тізбелей беру де рәсуа уақыт емес пе? Сіз не дейсіз?

Тұрар ЫСҚАҚ,
Қостанай қаласы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twenty − 2 =